Әл – Фараби және Конфуций. Ел билеуші туралы философиялық толғамдары

Халықтың һәм мемлекеттің дамуы – билеушінің пайым — парасаттылығы, ізгілігі, іскерлігі және тәрбиелілігі мен қабілеттілігіне тіке байланысты. Халық әрқашан бақытты болғысы келеді. Азаматтық ғылымның негізін зереттеген әл — Фараби бақыттың жалған бақыт және шынайы бақыт деген екі түрі болатынын ажыратып, «шексіз бақытқа қол жеткізуге және оны барынша сақтай білуге мұрындық болатын өмір салты мен қабілеттерді ойдағыдай дамыта алатын билік – ізгілікті билік болып табылады. Олармен айналысу ізгілікті қызмет санатына жатады» деп түйіндейді. әл-Фараби жақсылыққа жаршы болған ел билеушіні – ізгілікті қала билеушісі тұрғысынан зерттесе, ал Конфуций ел мүддесін жоғары санайтын басшыны көктің ұлы, жеке тұлғалық тұрғысынан талдайды. «Кімде-кім елді дұрыс басқара білсе, сол бірінші басшы болып саналады.

Әл-Фараби: ел басқарудың алғашқы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арасындағы ізгілікті тұрмыс салты мен ізгілікті қабілеттерді орнықтыруды, оларды жан — жақты насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының келеңсіз көріністерінен сақтануды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерден тұрады,- дейді. Басшы үшін ең бірінші мәселе халықтар тыныштығы мен мәдениеттілігі. Халық тыныш болмаса, мемлекеттің дамуы мүмкін емес, ал адамдар мәдениетті болмаса, тәртіп орнамайды. Бұл екеуі болмаған ел, көп өтпей күйрейтіні ақиқат. Сол үшін де басшы болған адам алдымен адамдарға адамгершілік, ізгілік туралы жол нұсқауы керек дегенді ескертеді әл — Фараби.

Ал, Конфуцийдің қоғам мен әлеуметтілік деген нәрселерді түсінуіндегі артықшылықтарын да айта кеткен жөн. «Олардың пікірінше социум – қоғам мен мемлекеттің бірлігі және мемлекеттің басында көктің ұлы – билеуші тұрады, ал адам мен қоғамды мемлекет тарапынан басқару саяси тұрғыда емес, таза әлеуметтік тұрғыда ұғынылады». Екеуі де халықты орнықты ұстаудың жолын, халықтың жағдайын меңгере отырып, тәрбие бастау керек дегенді айтады.

Конфуций: Табиғат әркімді басқамен жақындастырады, ал әдет оларды бір — бірінен алыстатады,- деп адам табиғаты мен тәрбиесіне ойысса,  әл — Фараби: адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі,- дейді.

Міне екі философтың бір нүктеде түйісуі де осы жерде. Адам қанша білімді болғанымен алған білімін жақсылыққа, ізгілікке пайдаланбаса, қоғам үшін зиянды дегенді аңғартады. Адам табиғатынан ұқсас, тек олардың кейінгі жолы тәрбиесінде.

Абай Құнанбайұлы: Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын,- деп түйіндейді. Конфуций мен әл-Фараби тоғысқан нүкте, олардың рухани шәкірттерінде бір жерде кездестіріп тұр. Ежелден отанның тұтқасы отбасы деп білетін қазақ ұлты: отанды сүю отбасынан басталады, — деп мәтелдейді. Астарында тәрбие деген ұғым тұр.

    Абай Құнанбаев:

Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап.

Сөйтсе-дағы елімді,

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,-деп өлең арқылы философиялық толғаныс жасайды.

    Осыдан ХІ ғасыр бұрын өмір сүрген әл — Фараби мен ХХV ғасыр бұрын өмір сүрген Конфуцийдің ел тізгінін ұстаған адамдар туралы айтқаны, ұлтымыздың жадында сан ғасырдан бері жаңғырып келеді. Әл — Фараби философиясы мен Конфуций философиясындағы талғамдықтың түрлі факторларын қазақтың хан сайлау дастүрінен анық көреміз.

    Қазақта «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген тіркес бар. Жай ғана сөз жүзіндегі тіркес емес бұл. Хан сайлаудағы өзгермес заң болған. Тіпті кей жағдайларда рулар өз тізгінін ұстайтын ауылында төре болмаған жағдайда, басқа ауылдан арнайы төре тұқымын да алдырған. (Оған дәлел ретінде қытайдағы керей руының Көкадай төрені, Қызай руының Сама төрені Қазақстан жерінен, өз жора-жосындарын жасап алып барып, төре сайлаған тарихын келтіруге болады) Тарихи жазбаларға назар салар болсақ, хан тек Шыңғыс әулетінен сайланып отырған. Бұл Конфуций айтқан тектілік философиясына сай келсе, ал, Тәуке хан қайтыс болған соң, үш жүздің үш ханы болып, жан — жаққа тартқан заманда, Абылайдың Әбілмамбет төренің қолында ержетуі, одан кейінгі өмір жолы — әл-Фараби айтқан ел билеушінің біртіндеп сатылы дамуы арқылы кемелділікке жетуі деп айтуға болады.

 Бұхар жырау:

         Ай, Абылай, Абылай,
Он бір ғана жасыңда,
Әшейін-ақ ұл едін.
Он бес жасқа келгенде,
Әбілмәмбет төренің
Арқада жүріп қанғырып,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді-ау,
«Сабалақ» атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында,
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде,
Бақыт қонды басыңа,
Тақыт келді астыңа.
Отызға әбден келгенде,
Кең дүниеге кенелдің.
Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Соқтығып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонға жең болдың.
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің бар баласын
Бастап өзің келдің де,
Аттарының бастарын
Бір кезеңге тіредің,- деп жырлауы тектен-текке емес екенін көруге болады.

   Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуцийдің ел тізгінін ұстар адамдар жайлы айтқан философиялық ойларын бірлестіре отырып талдап, ұлтымыздың күнделікті тұрмысындағы һам өткен хандық дәуіріндегі тіршілігімен ұштастырдық. Егер көрікті ой ауыздан шыққанда адыра қалмаса, діттеген жерімізге жеттік деген сөз.Биылғы Әбу Насыр әл — Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының туғанына 175  жылдығында, дана тұлғаларымыздың әрбір сөздері санамыздың жаңғыруына өз септігін тигізері ақиқат.

 

 

Қуанәлі Алмасбекұлы

Шелек тарихи-өлкетану мұражайы.

Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы.

Мақалаға деректер «Шығыс философиясы», («Жазушы» баспасы,2009 ж.), («Әл – Фараби мен Ибн Сина философиясы» , «Жазушы» 2005 ж.) кітаптарынан алынды.