«Әлемді кітап арқылы танимын»

Кітап арқылы әлемді тану, кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпия сырлары сақталған. Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Кітап – ең сабырлы ұстаз бен рухани қазынамыз деп жиі айтамыз. Ә.Науаи айтқандай: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», кітап шын мәнінде берген ақылы мен жаңа мағлұматтарына ақы сұрамайды.

Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кітап елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.  Кітапты біздің қоғамда әрбір адам күнделікті тұрмысында қолданады. Одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады. Кітап – біздің рухани жан азығымыз. Осы тарапта С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы №33 қазақ орта жалпы білім беретін мектебінің 5 «В», 8 «А», 8 «Б» класс оқушыларына «Әлемді кітап арқылы танимын» атты оқырман сағаты өткізді.

Шараның басты мақсаты — кітап пен адамның тығыз байланыс екенін, кітап адамға екінші ауа екенін түсіндіру және келешек жастарға кітап оқуды үзбей, оны сүюге, күтіп ұстауға тәрбиелеу. Кітаптың адам өміріндегі аса маңызды рөлін түсіндіріп, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Оқулықты күтіп ұстауға үйрету.

Бұл жерде оқушыларымызға кітап туралы ақпарат беріліп, алғашқы кітаптар туралы мәліметтер айтылып көрсетілді.

Кітап (араб — жазба) — мерзімсіз баспасөз басылымы; көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, ғылыми-практикалық мазмұндағы туынды. Кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазуымен жазылды. Мысырда қыш текшелердің орнына қамыс (папирус) қолданылды. 15-ғасырдың ортасында неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергтің баспа қалыбын ойлап табуына байланысты, жылжымалы құйма қаріппен құйылатын баспа кітап пайда болды. Қазіргі кітап басып шығару ісі бұрынғы кездерден қарағанда жаңа технологиялық жаңа заман болғандықтан өте тиімді. Кітап баспаға көркем мәтінді баспаға дайындау, дизайнды әзірлеу, баспа өнімділігі және оны тарату жұмыстары кіріп, кітап оқырмандарына жетуде, кітаптың қаншама түрлері бар, тіпті дамығанымыз соншалық кітапты телефон арқылы да оқи береміз.

23 сәуір – әлемдік әдебиет үшін ерекше күн. Ал 2014 жылда    әлемдік кітап астанасы» ретінде Порт-Харкорт (Нигерия) қаласы танылды. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде әр түрлі кітап көрмелері мен жәрмеңкелері, акциялар, конкурстар өтеді. Сонымен қатар кітап сөзінің мән-мағынасы түсіндіріліп, кітаптың адам өміріндегі соның ішінде денсаулығына пайдалы екендігі айтылды. Солардың бірінде: Ой-өрісті кеңейту; Қиял мен елестетуді дамыту; Эмоционалды интеллектті дамыту; Көптеген жылдар бойы мидың толық жұмыс жасауын қамтамасыз ету; Стресстен арылу.

Ең қызықтысы: 1.Әлемде ер адамдарға қарағанда әйел адамы көп кітап (68%) сатып алады. Әлемде кітаптардың жартысынан көбін 45 жастан асқандар сатып алады. 2.Ғылымда кітап ұрыларын – «библиоклептоман» деп атайды. Әлемге әйгілі библиоклептоман – Стивен Блумберг. Ол 270 кітапханадан 23 мың сирек кездесетін кітаптар ұрлаған. Топтамасының жалпы бағасы 20 миллион доллардан асады. 3.Әлемдегі ең ауыр кітап – Ұлыбритания мұражайында сақталып тұрған XVII ғасырға тән географиялық карта. Оның бойы 1,9 метр; салмағы 320 киллограмм. Ал әлемдегі ең үлкен кітап – «Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с.)» деп аталады. Оның салмағы 1,5 тонна шығады. Кітап 429 беттен тұрады. Оны 9 ай бойы 50 адам жасап, 2,7 млн. доллар жұмсаған. 4.Еуропа кітапханаларында бұрынғы кезде кітаптар шынжыр арқылы бекітілген екен. Оқырмандар қалаған жеріне оқып отыруға болатындай етіліп жалғанған ұзын шынжырлар, кітапханашылардың адамдардың кітаппен сыртқа шығып кетпес үшін жасалған айласы екен. Сол уақытта кітаптар ең бағалы екенін түсінуімізге болады. 5. Кітапты ақырын оқысаңыз 60 пайызын, тез оқысаңыз 80 пайызын есте сақтап қаласыз, осы секілді бірнеше қызықты деректер айтылды.

Көптеген берілген ақпараттардан кейін «Ал тексерейік» сұраққа-жауап ойыны ойнатылды. Қатысушы оқушылар шараға белсене қатысып өздерінің ми шапшаңдықтарын көрсетті.

Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Білімсіз қоғам ешқашан да өрге басқан емес дей келе барша адам баласына кітап оқуды соның ішінде дұрыс кітап оқуға шақырамыз.

Малика АКДАВЛЕТОВА,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Ақтөбе қаласы.