Сурет: ЖИ, Жодаған автор
Балалық шақ -адам өміріндегі ең жарқын,ең таза кезең. Әрбіріміздің жүрегімізде мәңгіге сақталып қалатын сол сәттерді еске алғанда, жанымыз жадырап, күлкіге толы шақтарға ораламыз. Менің балалық шағымда өз ерекшелігімен, қуанышы мен қиялға толы мезеттерімен есте қалды. Бүгінгі жазбамда сол кезеңнің кейбір қызықты сәттері мен өміріме тигізген әсерін баяндағым келеді. Менің балалық шағымның көп бөлңгі ауылда өтті. Таңның атысы мен кештің батысы шексіз еңбекке толы болса да, бұл жердің табиғаты, адамдардың кеңпейілділігі, балалардың ойындары ерекше еді. Ауылымызда тау мен жазық араласып, табиғаттың ғажайып көрінісін ұсынатын. Таңертеңгі салқын ауада құстардың шиқылы, сиырдың мөңіреуі мен ауыл балаларының күміс күлкісі табиғаттың өзіндік музыкасы секілді естілетін. Біз сол әуенге толы әлемде еркін өстік.
Ауыл балалары ойынға аса құмар болатын. Қыстың аязында шана теуіп, қардан бекініс тұрғызсақ, жазда көк майсалы алаңда асық атып, қыз қуу мен алтыбақан ойнадық. Асық ату-балалық шағымыздың сүйікті ойыны. Әр баланың асығының сапасы мен саны өз мақтанышы еді. «Жүйрік ат, ұшқыр ой» дегендей, бұл ойын балалардың ептілігі мен жылдамдығын дамытуға сеп болатын. Ойындардан бөлек, ауылдың мәдени шараларына да қатысатынбыз. Әжем мені ертіп, ауылдың қарттары жиналатын жиындарға апаратын. Сондай кештерде қарттардың әңгімелерін тыңдап, қазақтың бай тарихы мен дәстүрін таныдым. Бірде әжем айтқан бір әңгіме есімде қалыпты: «Шүкірлік етсең -бақ қонады, сабыр етсең ақ жол табылады». Сол сәтте бұл сөздердің мәнін толық түсінбесемде, есейе келе,оның өмірдік қағидаға айналғанын байқадым.
Балалық шақтың басты ерекшелігі-кез келген нәрседен қуаныш таба білуінде. Мысалы, ауылда жайылған малды күзету де қызық болатын. Қойдың артынан жүгіріп, құлап қалған сәтіміздің өзі біз үшін үлкен оқиға еді. Кейде жалаңаяқ шөптің арасымен жүгіріп,аяққа шөптің жұмсақ тигенінен ләззат алатынбыз.
Менің балалық шағымның ең жылы естеліктері отбасыма байланысты. Әжемнің ертегілерін тыңдап,шешемніе жасаған бауырсағын жеп, әкемнің әңгімелеріне қанық болдым. Әжем айтатын ертегілерден өмірдің шындығын үйрендім. Ол әрқашан «Қыз өссе -елдің көркі, ұл өссе — жердің көркі», — деп үлкеннің тілін алуды үйрететін.
Балалық шақ десе, мектепті айналып өту мүмкін емес. Мектеп-тек білімнің ғана емес, достықтың,алғашқы жетістіктер мен сәтсіздіктердің мекені. Бірде мұғалімім маған: «Сенен үлкен адам шығады, ең бастысы -армандаудан қорықпа» — деген сөзі менің жүрегімде мәңгілікке сақталып қалды. Сол сөздер менің өмірімнің шамшырағына айналды. Сыныптастарыммен өткізген сәттер ерекше есте қалды. Бірде мектептің ауласына үлкен қардан үй тұрғыздық. Мұғалімдер бұл әрекетімізді көріп, бізді мақтап, «жұмыла жұмыс істеудің арқасында осындай үлкен іс шықты» деді. Сол сәттен бастап командада жұмыс істеудің маңызын ұқтым. Ол кездерде өмірдің барлық қиындығы елеусіз, болашағы жарқын болып көрінетін. Ауылдың көркем табиғаты, ұлттық ойындар,отбасы жылуы мен қарапайым қуаныштар менің балалық шағымның ерекше естеліктері болып қала бермек. «Өткен күнде белгі бар» демекші,балалық шағымның әрбір сәті — адамның болашағына жол сілтеуші шамшырақ. Осы естеліктер мені өмірге деген махаббатқа, еңбекті сүюге және адамдарға құрметпен қарауға үйретті. Сондықтан менің балалық шақтың әрбір мезетін
ерекше бағалаймын.
АМАНДОСОВА Балбөпе Мейрамбекқызы,
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті, «№266 мектеп-лицейінің»
11 – сынып оқушысы
