Өмір деген өзі бір қызық жол ғой. Өсіп, ақыл тоқтатып, жақсы мен жаманды ажыратып, көріп-біліп, өзіндік болмысыңды қалыптастыра бастайсың. Бұл да бір дамушы кезең болар. Кейбір сәттерде үлкеннен алған өнеген мен ақылың да өмірлік ұстанымға айналады екен. Менің өмірлік ұстанымымды қалыптастырған сол бір әжемнің ғибратты әңгімелері еді ғой, шіркін…
«Бармаймын» деген жеріңе барасың, «баспаймын» деген тауыңды басасың, дүниеге шек келтірме, балам, бәрі де мүмкін»,-дейтін. Екінші бір сөзі: «Бауырмал бол, ақ бол, көпшіл бол. Жақсы адамның несібесі мол болады, өмірде басқан қадамы нық, көкжиектей кең болады», — дейтін. Міне, осы екі ғана әңгіме менің өмірлік ұстанымымды қалыптастырған болатын.
Кім болам? Неге сенем? Бұл өмір не өзі? деген барлық сұрағыма жауап тауып берді және осы ұстаным менің алға жылжуыма, адам тануыма, әр сөзді, әр істі жүрекпен жасауыма үлкен көмегін тигізді. Шынында солай.
Әр жарысқа барарда жүрексініп, өң бойымды қобалжу, ішкі жан дүниемді терең толғаныс билегенде, «Бәрі де мүмкін, Бекзат, жеңіс сен жақта болуы да мүмкін» деп, ішкі қобалжуды басып, өзіме сенімділік беремін. Ешқашан «мүмкін емес ол іс» деп қол бұлғап тастамауға үйрендім. Әр іске адал ниетпен әрі «бәрі де мүмкін ғой» деген оймен кірісемін.
Сондай сенім мен сөндірмеген үміттің арқасында батылдана түсіп, біраз жарыста жүлделі орын алып, топ жарып, арманымның бір бөлшегін орындай алдым. Әрі қарай да осы ұстаныммен өз өмірімді өрнектей беремін. Өмірлік ұстанымы қалыптаса бастаған адам тұлғалық дамудың алғашқы бір қадамын жасады деген сөз.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
