Мереке құтты болсын, қадірлі ұстаз қауымы!
Ұстазым
Фариза Оңғарсынова
Заводта болсаң, күнбе-күн көрінер еді табысың.
Дәрігер болсаң, түрлі емің – сырқаулы жанның бағы шын.
Ал сенің еңбек жемісің өзгеше тіпті басқадан:
ол — өзін арнап ел үшін осынау жүрген жақсы адам.
Жақсы адам – елдің тірегі, байлығы туған халықтың,
шапағын шашар үнемі көгінде тұрған жарық күн.
Сан жастың қамын шертесің, тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін үйреттің өзің қолға алып.
Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің бейнетін кешіп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік!
Барменкулова Зарина Нышанбекқызы,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды орта мектебінің мұғалімі.
Абдрахман Асылбек
Ұстазым
Ұстазым, арманымның белесі едің,
Мен бүгін өзіңменен кеңесемін.
Әдеппен «Әліппені» үйретпесең,
Әдепті адам болдым демес едім.
Ұстазым, арманымның белесі едің,
Көк сүйген тауларымның төбесі едің.
Алдыңда ақыл кені ақтарылып,
Дария даналармен теңесемін.
Ұстазым, арманымның белесі едің,
Қызықты күндерімнің елесі едің.
Алуын алдым сенен алуымша,
Еліме ұшан-теңіз берешегім.
Ұстазым, арманымның белесі едің,
Самғайтын қиялымның кемесі едің.
Өмірлік өзің берген өнегеңмен
Күлімдеп қарсы алады келешегім.
Ғабиден Қожахмет
Жас ұстазға тілек
Талабыңмен танып білген ілімді
Қолдандың да ұстаз болдың бүгінгі.
Жүрегіңді білім нұрға билетіп,
Жүрсің дағы шәкіртке сыр үйретіп.
Жалқаулық пен еріншектік танытпай,
Жауһар білім іздетесің жалықпай.
Жетелетіп ізгілікке қадамын,
Жүрегіне білім құйдың баланың.
Келмесең де жасқа дағы кемелді,
Еткен еңбек көпшілікке еленді.
Тек өзгелер қызығумен қарайды,
Бәйге сында шаң қаптырдың талайды.
Өз ойыңмен ақыл-білім өлшеттің,
Шәкіртті де ізіңе ерген көрсеттің.
Біле білсек, ұға білсек жайыңды,
Көпке еңбегің қазірден-ақ жайылды.
«Жас – іске» деп білім жолға сен келдің,
Жаңа заман бағдарын тез меңгердің.
Ғасырыңның құралы да шындығын
Саған ашты – қолыңда ойнап тұр бүгін.
Шындығында, маманысың сен істің,
Қазірден-ақ тәжірибеңді бөлістің.
Сен бүгінгі жас ортаның өкілі,
Ізденуің – жемісіңнің кепілі.
Табыстарың табыспенен жалғасты,
Әр шәкіртің ғылымменен сырласты.
Сен оларға білім нұр боп ашылдың,
Ұстазысың алға апарар ғасырдың.
Талаптыға тағылады дүйім сын,
Дос сүйініп, дұшпандарың күйінсін.
Жая берсін қанат қағып өркенің,
Осы бақтың жығып алма желкенін!
Бағдарына айнала алған баланың,
Жас ұстазға үміт артты заманың.
Өзің жайлы берілетін баға көп,
Сен бүгінгі нағыз ұстаз – педагог!
Шажияева Гүлшат Боранбайқызы,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды орта мектебінің мұғалімі.
Жаннур Таттигалиева
Ұстаз туралы ой
Ұстаз болу сый етілген өміріне,
Қиын бірақ оны алып жүруі де.
Өмір жолын ұстаздыққа арнаған
Талай мықты ұстаздар бар елімізде.
Шәкірттерін сусындатқан білімімен,
Шыңдатып мыңды үйреткен жүрегімен.
Ұстаз деген ұлы атақты пір тұтып
Өз үйім деп санаған мектептерін. .
Сен оның түр келбетін сараптама
Мін болады аппақ жүзды парақтада.
Ұстаздан шәкірт озар дейді қазақ
Әрқашан бізге болсын ұстаз дара.
Ұстазымның пейілі дархан шіркін,
Мейірімін әрқашада аямаған.
Ардақты, аяулы да ұстаздарым
Құтты болсын бүгінгі мейрамдарың.
Айсұлу Рүстемова
Сол ауылда ұстаз еді ең ұлық
Сол ауылда ұстаз еді ең ұлық,
Марапат пен күтпеді олар мақтауды.
Жаныменен тұратын-ды сені ұғып,
Үйретті олар ар-ұятты сақтауды.
Кетпеді олар қала кезіп, не шетке
Туған жерге, туған елге таңылды.
Қалай ғана, қалай ғана десек те
Жүрген, тұрған, отырғаны — бәрі үлгі.
«Ар-ұяттан жоқ ештеңе жоғары!»
Ұят деген өлшемі еді өмірдің.
Адам үшін сияқты еді қоғамы,
О, сен де желіндің, желіндің.
Сол ауылда ұстаз еді ең ұлық,
Марапат пен күтпеді олар мақтауды.
Жанарынан жаны тұрды көрініп
Үйретті олар Өмірді де сақтауды.
Ғалым Берік
Ұстаз деген!
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қолын созғанын,
Ұстаз деген шын жүректен тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
Жүрегі нұр, өмірі гүл ұстаздың,
Келеді менің ұстазыма ұқсағым.
Ұстаз деген қарапайым қашанда,
Құрметтейміз өзіңізді ұстазым.
Тілейміз біз амандық пен бақытты,
Тілейміз біз қуаныш пен шаттықты.
Білім алған өзіңіздей ұстаздан,
Біздей шәкірт шынындада бақытты.
Біздер әлі өтелмеген парызбыз,
Сары дала сайрап жатқан сан ізбіз.
Білім беріп тәрбиелеген ұстаздар,
Алдарыңда мәңгілікке қарызбыз.
Insta: galim_b