? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Бір кездері мектепке алғаш келген күніміз кеше ғана сияқты еді. Қолымызға гүл ұстап, үлкен мектепке алғаш қадам басқан сәтіміз әлі есімізде. Ал қазір міне, он бірінші сыныпта оқып жүрміз.Бұрын жоғары сынып оқушыларына қызыға қарайтын едік, енді өзіміз де мектеп бітіруге жақындадық.
Он бірінші сынып – жай ғана оқу жылы емес. Бұл кезде адамның болашағы туралы ойлары көбейіп, алдына қойған мақсаттары айқындала бастайды. Қайда оқуға түсеміз, қандай мамандық таңдаймыз, ата-анамыздың үмітін ақтай аламыз ба деген сұрақтар күнделікті ойымыздан шыға бермейді. Бір жағынан, мектепті аяқтауға асығамыз, екінші жағынан, осы күндердің қайта келмейтінін сеземіз.
Бүгінгі мектеп бітірушілер үшін ҰБТ-ға дайындық, мамандық таңдау және грантқа түсу мәселесі өте маңызды. Әр оқушының арманы әртүрлі. Бірі дәрігер болуды армандайды, екіншісі журналистикаға қызығады, ал тағы бірі өз болашағын мүлде басқа саламен байланыстырғысы келеді. Бірақ мамандық таңдағанда тек жалақыға немесе өзгелердің пікіріне сүйену жеткіліксіз. Адам өз қызығушылығы мен қабілетін де ескеруі керек. Өйткені болашақта сол мамандықты игеріп, оның жауапкершілігін көтеретін – өзің.
Қазіргі кезде интернет арқылы университеттер мен мамандықтар туралы көптеген ақпарат алуға болады. Соған қарамастан, кейбір оқушылар болашағын таңдауда әлі де күмәнданады. Біреулер грантқа түсуді ойласа, енді біреулер өздері қалаған мамандыққа түсе алмай қалудан қорқады. Мұндай кезде ең маңыздысы – өзгелермен өзіңді салыстыра бермей, өз мақсатыңды анықтау. Себебі әр адамның өмір жолы әртүрлі және бәрінің бірдей уақытта жетістікке жетуі міндетті емес.Он бірінші сыныптың ерекше тұсы – бұрын мән бермеген қарапайым сәттердің қадірін түсіне бастайтының. Күнде бірге жүрген сыныптастарың, үзілістегі әңгімелер, ортақ іс-шаралар мен мектептегі қызықты оқиғалар бір күні естелікке айналады. Қазір сабақтың тез аяқталғанын қалайтын кездеріміз бар. Бірақ бірнеше жылдан кейін дәл осы күндерді сағынуымыз мүмкін. Мүмкін, сол кезде мектепке қайта келіп, сыныптастарымызбен бұрынғыдай бір партада отырғымыз келетін шығар.
Мектеп бітіру – бір кезеңнің аяқталуы ғана емес, жаңа өмірдің басталуы. Алдымызда жаңа орта, жаңа адамдар мен үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Әрине, болашақта бәрі біз ойлағандай бола бермеуі мүмкін. Біреу қалаған университетіне түседі, біреу өз бағытын өзгертеді. Бірақ бір сәтсіздік адамның бүкіл болашағын анықтамайды. Маңыздысы 0 өзіңе сеніп, алға қарай қадам басу.
Он бірінші сынып бізге уақыттың қадірін, таңдау жасаудың маңызын және арманға жету үшін еңбектену керектігін үйретеді. Мектептің соңғы қоңырауы соғылғанда, балалық шағымыздың бір бөлігі артта қалады. Бірақ өмір сол жерде тоқтамайды. Сондықтан болашаққа асығып жүріп, бүгінгі күніміздің қадірін ұмытпайық. Өйткені мектептегі соңғы жыл – қайтып келмейтін уақыт қана емес,
өзімізді танып, арманымызға жақындайтын ерекше кезең.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы
