Сурет: https://adebiportal.kz/ сайтынан алынды.
Қоғам – көпшіліктің айнасы. Ал сол айнаның шағылу сапасын анықтайтын – шындық. Егер шындық бүркемеленсе, өтірік пен көзбояушылық үстемдік етсе, онда қоғамның келешегі бұлдыр тартып, рухани азғындау белең алады. Бұл – тарихи тәжірибе дәлелдеген шындық. Қазақ қоғамындағы осындай кеселді көріп, шырылдап шындықты айтқан санаулы тұлғалардың бірі – Сағат Әшімбаев еді.
Сағат Әшімбайұлы (1 мамыр 1947 — 26 тамыз 1991 жж.) – қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы, тележурналист және қоғам қайраткері. Шығармашылығында шындықты ту еткен тұлға. Ол өз мақалаларында, телебағдарламаларында қоғамдағы әділетсіздікті ашық сынға алып, халықты оятуға тырысты. Оның «Қоғам және мен» атты мақалалар жинағының әрбір беті – әділет іздеген жүректің лүпілі. Ол ешқашан билікке жағыну үшін сөз айтпады, қайта ұлт болашағы үшін ащы шындықты жеткізуді азаматтық парыз санады.
Сағат Әшімбаевтың шындықты айтудағы басты мақсаты – қоғамның рухани жаңғыруына түрткі болу еді. Ол шындықты айтқанда, біреуді қаралау үшін емес, елдің еңсесін тіктеу үшін айтты. Бұл – нағыз ұлттық рухтың белгісі. Мысалы, ол сол дәуірдегі жағымпаздық, науқаншылдық, жалған ақпарат секілді дерттерге қарсы тұрып, теледидар арқылы шынайы пікірталас алаңын қалыптастырды. «Парыз бен қарыз», «Сын сағатында» сынды бағдарламалар арқылы көрерменге ой салды, қоғамдық пікірді оятты.
Қоғамның өзгеруіне не түрткі болады? Ең әуелі – әділеттің үстемдік құруы. Ал әділет шындықсыз мүмкін емес. Шындық – кез келген реформа мен жаңғырудың іргетасы. Халық тек шындыққа сүйенген басшыға сенеді. Тек шындыққа негізделген жүйе ғана ұзақ ғұмырлы бола алады. Бұны біз әлемдік тарихтан, соның ішінде өзіміздің Алаш зиялылары мен ХХ ғасырдағы қалам ұстаған күрескер тұлғалардан көреміз. Сағат Әшімбаев – сол тізбектегі алтын көпір.
Қазіргі таңда да қоғам шындыққа зәру. Ақпарат ағыны көбейгенімен,шынайы сөз азайып бара жатқан заманда Сағат ағамыздай азаматтардың жетіспейтіні – рас. Көпшілікке жағу үшін емес, халыққа шындықты жеткізу үшін әрекет ететін сана иелері керек. Шындық айтылмаған қоғамда жемқорлық өршиді, халық пен биліктің арасы алыстайды, сенім үзіледі. Бұл – қоғам үшін үлкен қауіп.
Сағат Әшімбаев шындықты айтқанда, оның салдарын да білді. Бірақ қорықпады. Өйткені ол үшін ең басты құндылық – ар алдындағы адалдық пен ел алдындағы жауапкершілік еді. Ол «шындықты айтудан қорқатын қоғам – тұйық қоғам» деген қағиданы өмірімен дәлелдеді.
Бүгінгі таңда бізге де Сағат Әшімбаевтың өнегесі ауадай қажет. Шындықты айту – батырлық. Ал сол батырлықты күнделікті өмірге, кәсіби салаларға ендіру – әрбір азаматтың борышы. Қоғам шындықпен ғана тазарады, шындықпен ғана өседі, шындықпен ғана өзгереді.
Қорытындылай келе, шындық айтылмаса, қоғам шын мәнінде өзгермейді. Тек көрініс өзгеруі
мүмкін, бірақ мазмұн – шірік күйінде қала береді. Ал шындықпен бетпе-бет келіп, соған сай әрекет етсек, қоғам әділетті, адамгершілікті және өркениетті жолға түседі. Сағат Әшімбаевтың мұрасы бізге осыны үйретеді.
АБИЛАХАТҚЫЗЫ Нұрай,
Алматы облысы, Райымбек ауданы,
«Қақпақ» ауылындағы
Жаменке орта мектебінің 10 — сынып оқушысы
Жетекшісі:Мұқанбекова Майра Әміржанқызы
