Ақтөбе қаласында өнерлі балалардың бағы бар. Себебі, олардың Марат Олжабайұлы секілді ұстазы бар. Қазақ халқы қашанда өз кәсібін жақсы меңгерген маман, адал еңбегімен үлгі болып, халыққа қызмет етсем деген азаматтарды ерекше ықыласпен құрметтейді. Сондай ел азаматтарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз — Марат Әйтімов.

    Марат Әйтімов — Күләш Байсейітова атындағы Республикалық вокалистер конкурсының,  «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің аясында өткен «Қазақстан әндері» конкурсының дипломанты, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері. Марат Олжабайұлы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның белді әншісі. «САЗ» балалар студиясының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық мәслихаттың депутаты — Светлана Айтбаева, қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан Димаш Құдайбергеновтің және қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары — Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин сынды әншілердің ұстазы.

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ой маржаны-кітап» медиа жобасы бойынша «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» атты шарада Марат Олжабайұлымен кездесу сұхбатын өткізді. Шараға №51 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледж студенттері қатысты. Кеш барысында Марат Олжабайұлы ұрпақ тәрбиелеудегі кәсіби шеберлігі мен жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Шара соңында ұстаздың шәкірті, классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі, дарын сыйлығының лауреаты Омаров Нұртас ән шырқады.

Ең бастысы студенттің адами қасиеті һәм тәрбиесіне назар аударатын және шәкірттеріне: «әуелі жақсы адам болыңдар, мықты әнші болу — одан кейінгі мақсат» деп айтып отыратын, қарапайымдылығы мен адамгершілігі бір төбе, әншілік өнерімен кәсіби шеберлігі бір төбе саналған, Қазақтың маңдайына біткен біртуар әнші, әрі ұстаз Марат Олжабайұлына толағай табыстар тілей отыра, әлем танитын маңдайлы шәкірттерді тәрбиелей беріңіз дегіміз келеді.

 

Қалжанова Перизат Ғалымжанқызы,

    Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе

облыстық әмбебап ғылыми

кітапханасының қызметкері

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *