«Ынта болса, мақсатқа жетер жүз түрлі жол табылады»

 

АДАМБЕКОВ Тілектес Серікбайұлы,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

«Farabi  shakirti» журналының редакциясы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тілектес Серікбайұлымен Online  сұқбаттасып, балалар мен жасөспірімдерді алға жетелейтін игіліктер жайында ойларымен бөліскен еді.

 

Тілектес  Серікбайұлы, салеметсізбе! Сізді  «Болашақ»бағдарламасының түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы, жас кәсіпкер ретінде танимыз.Осынау жетістіктерге жету үшін тынымсыз еңбектенгеніңіз рас.Балалар мен жасөспірімдер әр ісіңізден өнеге алсын деген ниетпен, тарқатып айтып берсеңіз.

—Сәлеметсіз бе!

Өздеріңіз білетіндей, мен ауылда туған ұлмын! Алтын бесік саналған ауылда өскеніме  қуанамын әрі мақтан тұтамын.«Бәлкім, туған жердің топырағында есейгендіктен болар, осындай жетістіктерге қол жеткізгенім» деген ойда туындайды… Себебі,  тек ата-ана тәрбиесін ғана емес, бүкіл ауылдың тәрбиесін көріп өстік. Бүгінгі жетістігімізде сол абыз ақсақалдарымыз бен тұлғаларымыздың мол үлесі бар деп есептеймін. «Ауылым — алтын бесігім» -деп, ауылыма жиі барып тұруға тырысамын. Барған сайын қарттарымыздың батасын алып, ақыл-кеңестерін тыңдап, бір марқайып қайтамын.

Бала кезімде арманшыл болдым. Ер жеткенімде, сол арман — мақсаттарыма жету үшін бар еңбегімді салып тырыстым. Еңбегімнің арқасында ынтам пайда болды. Ынта болса, мақсатқа жетер жүз түрлі жол табылады. Қай жолды таңдайсың? Таңдау өз еркіңде. Қай бағытқа бет алмақ болсаң да отбасыңның қолдауы әбден қажет. Менің жетістіктерге қол жеткізуімнің бірден — бір себебі – отбасымның шексіз қолдауы. Соның нәтижесінде мен еліміз жастарға  ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана білдім.

Кез келген жастың алдына қойған мақсаты айқын болу керек! Жүректі, мінезге бай, білімді, тәрбиесі тағлымды жас ешқашан адаспайды. Қиын сәтте өз-өзіңізді жоғалтпайсыз. Сондай-ақ, талмай еңбек еткен жан ғана жемісін жейді. Бұған қоса, қай жұмыс болса да оған үлкен жауапкершілік танытып, екі есе етіп атқару керек. Сонда әр ісіңіз нәтижелі шығып, айналаңыздағылар бағалайтындай өнеге көрсетесіз.

—Балаларымыздың арманы асқақ. Алайда, көп ретте баласының арманын ата – анасы жетегіне алып, өздері жақсы білетін жолды нұсқайды. Кейіннен бала есейгенде, бәрібір өз жолын таңдайды.  Сіз қандай  пікір айтар едіңіз осы мәселе төңірегінде.

—Негізінде, ата-ана жақсы тәрбие мен рухани білім беруі қажет. Әке-шешесі шамасы келгенше көмек береді ғой. Қазақта:«Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілесің»- дегенжақсы сөз бар ғой, баланың ең бірінші көретін тәрбиесі ата-анасында. Үйіндегі тәрбиесі, қарым-қатынасы, махаббаты, көңіл – күйі, соның бәрі балаға әсер етеді. Баланың ата -анасы мүмкіндігі келгенше ұл – қызының мағыналы білім алуына көмектесу қажет. Менің ойымша 20 жасынан кейін әр адам өз орнын табады.  Дана халқымызда, «Баланы бес жасқа дейін хандай құрметте, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген өмірлік түйін бар.Қазіргі заманда мен айтар едім,бірден жеті жасқа дейін сұлтан болсын, жетіден жиырмаға дейін құлың болсын, Жиырма жастан әрі қарай досындай сырласболғаны жөн деп айтар едім.

— Қай жастың да шетелде білім алып, алған білімін туған елінің болашағы үшін жұмсағысы келеді. Алайда, кез келген жас шетелге шыға алмайды. Осы тұста шетелде оқығысы келетін жастар қандай мәселеге басты назар аударғаны жөн.

—Елге қызмет ету үшін міндетті түрде шетелге барып, білім алу керек деп есептемеймін. Себебі, «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»,- деп Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов бекер айтпаса керек. Демек, сондай тұлғаларымыз кезіңде шетелдегі танымал оқу орындарында оқымаса да, елге адал қызмет еткен. Елге қызмет ету үшін міндетті түрде Гарвардта оқу парыз емес. Қазіргі кезде жақсы мүмкіншілік жасалған. Ата-бабамыздың табаны тимеген жерге жастарымыздың қаламы тиіп жатыр. Бірақ, сіз өз еліңізде оқысаңыз да, шетелде оқысаңыз да  талпынып, еңбектеніп, талаптанатынболсаңыз – интернет арқылы,  заманауи бәсекеге сай білім алуға болады. Талаптанып, ізденген бала айталық, ауылда отырып-ақ Гарвардтың лекциясын интернет желісімен тегін тыңдауына мүмкіншілік бар.

Бірақ, шет елге барып, білім алып, тәжірибе жинап, Қазақстанға қайта келемін деген ниет дұрыс деп санаймын. Негізі шетелге шыққысы келетін азаматтардың басты мақсаты- білім алу. Кішкентай кезімде ата- анам «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың даналық сөзін жиі еске салатын.Жалпы осы шет елге шығып білімге талпынып оқимын деген азаматтарға жол ашық. Біздің мемлекет көп жағдай жасап жатыр ғой. Магистратура, доктарантураға шет елге барып, жалғастыруға болады. Бакалавр мен магистратураны Назарбаев университетінде оқуға болады. Мемлекетте білім аламын деген жастарға мамандықтар бойынша көптеген гранттар бар.  Франция мен Германияда білім алу тегін. Бірақ, міндетті түрде тіл білуіңіз керек, жәнеде күнделікті тұрмыс-тіршілікке қаражат қажет. Қазіргі кезде шет мемлекетте білім гранттарын көп бөліп жатыр. Қалаған мамандық бойыншатаңдау жасап, тәуекел етіп, грантқа өту үшін білімін сынауға болады.

— Бүгінгінің баласын білімді, компьютер мен гаджеттердің құлағында ойнайды деп мақтан тұтамыз. Яғни, ондағы бағдарламаларды еркін меңгергенін айтамыз. Айтса да, ұл – қыздарымыздың рухани білімділігі төмендеп бара жатқанын байқайсыз ба?

—Ия, қазіргі таңда жаңа технологиялар дамыған сайын көп азаматтар пайдалы дүниені үйреніп жатыр, сіз айтпақшы гаджет, компьютер не болмаса неше түрлі ойындар. Интернет — бір жағынан көп нәрсені ұқтырса, екінші жағынан зиянды әсер тигізуі мүмкін. Әсіресе енді өсіп келе жатқан балаларды қатты қадағаламаса, өзіне қажет емес нәрсенің жетегінде кетеді. Бала тәрбиесінде отбасының орны ерекше. Балалармен, жастармен дұрыс жұмыс жүргізбесе, идеологиялық тұрғыдан олар тек қана интернетте отырып, сыртқа шығуды, адамдармен сөйлесуді ұмытып кетеді. Қарым-қатынасына, рухани тәрбиесіне,әдебиетіне, салт-дәстүріне деген қызығушылығы азая бастайды. Олар көбінесе шетелдің киноларын, кітаптарын оқып өсетін болады. Сонымен қатар, әдебиет, салт-дәстүр, қазақ тілін дәріптеу жағынанкөп көңіл бөліп, жұмыс жүргізуі тиіс. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Білім мен тәлім-тәрбиенің алтын ұясы да– отбасында. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтінен беріледі», отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени — әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата–бабаларымыздың, ұлыадамдардың айтқан даналығын бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу.Қазіргі таңда ұл – қыздарымыздыңрухани жағынан білімі төмендеп бара жатыр деп айтуға болады. Десекте, өкінішке орай тек Қазақстанда ғана емес, бұл жағдай әлемдік деңгейде орын алып отыр.Қазіргі таңда телефонға байланғанымыз сонша, ата – ана баласымен жүзбе жүз сөйлесуден қалып барады. Егерде осылайша жалғаса берсе, келешек жағдайымызға өте қиын. Оны ойлаудың өзі қорқынышты.

— Қазір IT, Робототехника саласында жетістікке жетіп жатқан оқушыларды журнал бетінде мүмкіндігінше жариялап келеміз. Бұл тек Назарбаев зияткерлік мектебі, арнайы лицейлердің оқушылары. Ауыл мектептерінде алға шығатын оқушы сирек.

—Ия, өкінішке орай ауылдағы жағдай мәз емес деп айтсақ та болады. Себебі, онлайн білім берудің өзі әлі де дұрыс құрылмаған. Көп ауылды жерлерде интернет жоқ, өкінішке орай білім беру деңгейі, не болмаса мұғалімдердің өздері IT жағынан, компьютермен жұмыс жасауының өзінен де көп сұрақ туындайды. Жастарға өте қиын, тұрмыс-тіршілігі басқаша. Көбінесе қымбат гаджет,компьютер алуға ата-ананың жағдайы да жетпейді. Сол үшін менің ойымша жалпы мемлекеттік деңгейде, дұрыс жүйе қалыптастыру қажет.Бұны «социальный лифт» дейді, ауылда болмасын, қалада болмасын жаңа технологияға қызығушылығы бар азаматтар міндетті түрде ең мықты жоғарғы оқу орындарына түсе алатындай, гранттарға ие бола алатындайнемесе әртүрлі конкурстарға қатыса алатындай жағдай жасау қажет.

— Тілектес Серікбайұлы, өзіңіз холдингтерді басқардыңыз. Ертең дәл Сізге ұқсағысы келетін іні – қарындастарыңызға қандай кеңес беріп, тілек айтар едіңіз

—Қазіргі таңда бір адам екінші адамға қызықпауы керек. Ең бастысы білімге құштарланып, қолынан келгенше бар жағдайды істеп, жұмысын атқарып, алға қарай талпынысжасау керек. Қалғанын Алла шешеді. Алла міндетті түрде арман мен мақсатқа талпынған адамдарға жолын ашып тұрады. Және де білімге талпынған адамдардың жолдарын ашады. Менің айтатыным, көп тіл үйреніп, білім мен ғылымға, өзінің жеке басының дамуына үлес қосса, игі. Спорт пен рухани жандүниесінің байлығы, әдеби,мәдени дамуы бір – біріне сай болса деп тілеймін. Себебі, туған жерінде, шетелге шыққанда өзін қазақ ретінде таңымаған адам ертең өзін таңыта алмайды деп білем. Жастарға айтатыным өз-өздеріңе сеніндер,еңбек етіндер. Қазір бүкіл жолдар ашық, әртүрлі қиыншылықтар болса да өмірде  сол қиыншылықтарға төтеп бере білуі керек. Соның бәрі мінезден.Мінез – адамның ішкі әлемінің айнасы. Спортпен айналысқан кезде мінезің шынығады. Оны дайындап, шынықтыру үшін ең басты көмектесетін дүниелердің бірі – спорт деп есептеймін.

Мен– өз елімнің азаматы ретінде, ізімнен еріп келе жатқан іні – қарындастарыма айтарым көп. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда» деген ұлағатты сөзі бар.Кез-келген мәселенің шешімі бар. Өмірдің қиындығы мен сәтсіздіктеріне сынбай,  әрдайым алға қарай қарышты қадам жасау керек. Себебі, адам өміріңдегі сәтсіздіктер – сабақ болып, жігерлендіреді. Жауапкершілік, адалдық және ниет болса – кез-келген істің шыңына жетуге болады. Қайдан шыққаның маңызды емес, мейлі бай бол, мейлі кедей бол, маңыздысы адамның  тәрбиесі мен білімінде.

Жеңімпаз бол! Ең бастысы – ізімді басып келе жатқан іні –қарындастарым бізден де асып түседі деп үміттенемін, әрі кәміл сенемін.

—Уақыт бөліп, бүгінгі балалар мен жасөспірімдерге салиқалы сыр сұқбат айтқаныңызға көп рақмет!

 

 «FSH»,

                                                                                              Нұр — Сұлтан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *