Түркістандық ақсақал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тарихи мұраларды табыс етті

Түркістандық ақсақал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне ата-бабадан мирас боп келе жатқан тарихи, діни-рухани кітаптар мен жазба ескерткіштер табыс етті. Күні бүгінге дейін көне сандықта ораулы жатқан мұраларды көздің қарашығындай сақтап келген Тұрмағанбет Лахабаев  қария ғасыр көрген жәдігерлер әрі қарай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталғанын жөн санапты.

Әкем 3 жасымда қайтыс болды. Жетпістен асып көз жұмған анам осы дүниелерді аманаттап кетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниені күтіп-сақтағанымыз болмаса, ішіндегі жазулардың мәні, тарихи құндылығына мән бермеппіз. Ғасырларды көрген мұраларды мәңгілікке сақтау үшін музейге тапсыруды ұйғардық,- дейді Тұрмағанбет қария.

Осы орайда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев 81 жастағы Тұрмағанбет Адамбекұлының тарихи құндылықтарға жауапкершілікпен қарап, музейге тапсыруға ниет еткен бастамасына алғыс айтып, музей қызметкерлері кітаптарды әрі қарай кәсіби тұрғыда сақтайтынына уәде етті.

Қорық-музейдің қызметкері Толқын Жолдасов музей қорына аманаттаған еңбектерді аударып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Көлемі кіші кітаптың сақталу жағдайы нашар. Кітаптың алғашқы беттері мен соңғы беттері жоғалған. Осыған орай кітаптың басылған жылын анықтау мүмкін болмады. Кітап мұқабасы да өзге кітаптан қырқылып жасалған. Сақталып қалған бөлігінің ішкі мазмұнына жасалған алғашқы шолу жұмыстарының нәтижесінде түрки жазбасымен Адам алейхиссалам мен шайтан арасындағы оқиғалар баяндалғаны, кітаптың ішіндегі жекелеген әріптер мен сандардың қолданылуынан адамға жабысқан түрлі тәни жәни рухани аурулардың ем жолдары мен әдістері жазылғандығы байқалады.  
Кітаптың сақталып қалған бөлігінің өзі бірнеше тараудан тұрады. Болашақта атқарылатын зерттеу жұмыстары кітаптың ішкі мазмұнын толық анықтауға мүмкіндік береді деп сенеміз.  
Ал, 1878 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан газетке келер болсақ, жәдігер қатты зақымдалып, ұсақ бөліктерге бөлініп кеткен. Бөліктерде діни нысанның (мешіт немесе кесене) жекелеген бөліктері мен араб тіліндегі сөздердің бөліктері байқалады. Бұл жәдігердің мазмұнын анықтау үшін, толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет,- дейді Толқын Жолдасов.

Аудармашы мамандардың айтуынша, тағы бір кітапта пайғамбарлар оқиғалары, әртүрлі дертпен ауырған адамдарға шипа болатын дұғалар берілген.  Аллаһ, Мұхаммед (с.а.у) және 4 сахаба (Хз Әбубәкір, Омар, Осман, Әли) есімдері және пайғамбарымыздың немерелері Хасан, Хусейін есімдері берілген.

Рухани орталықтар мен тарихи орындар туралы ескі сызба-картаның да сақталуы нашар болғандықтан толық ұғыну мүмкін болмады. Жазба және баспа еңбектері қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді.

 

Қазақстан Республикасы

Мәдениет және спорт министрлігінің

Баспасөз орталығы