«Өзге тілдің бәрін біл!»
«Өз тіліңді ұмытпа» — деген ақын Қадыр мырза Әли ағамыздың өлең жолдары әркез есімізден шықпауы қажет. Заманымыз Жаһандау белесіне көтерілген сайын мұхиттың арғы жағындағы шет мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін жастарымыз ағылшын, француз, неміс, испан, жапон тілдерімен қатар шығыстағы көршілеріміз – қытай тілінде таза сөйлеуге ұмтылуымыз керек деп білемін. Алайда, туған тіліміз – Ана тілімізді ұмытпау, құрметтеу міндетіміз.
«Жастар алауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметтін атқарып келе жатқан Диляра Бегалықызымен тіл білудің маңыздылығы жайлы сұқбаттасқан едік.
—Диляра Бегалықызы, өзіңізді оқырмандарға таныстыра өтсеңіз.
—Қазіргі таңда «Жастар алауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметтін атқарамын. Білім алу және тұлғалық даму бойынша кішігірім блог жүргізіп, білгеніммен оқырмандармен бөлісемін.
—Ағылшын тілін меңгеру сіз үшін жетістік әкелді ме?
—Ағылшын тілін 7-8 сыныптарда жақсы меңгеріп, Назарбаев Зияткерлік мектебіне түстім. Әрі қарай жоғары сыныптарда сабақтар толығымен ағылшын тілінде өткендіктен, ағылшын менің күнделікті қолданыста жүрген тілдерімнің біріне айналды. Қазір ағылшын тілінде еркін сөйлеймін.
—Ана тілімізді жақсы білген адам бір шет тілін де үйрене алады. Тіл үйренудің ең басты қағида қандай?
—Тіл үйренуде адамның ынтасы мен қызығушылығы болуы қажет. Белгілі бір мақсат қойған жағдайда ғана, тілді қажетті деңгейге көтеруге болады. Мысалы, еркін ағылшынша сөйлеп, саяхаттағыңыз келсе, соны мотивация етіп күнделікті тіл үйренуге жұмсаңыз. Осы орайда, тіл үйренуде тәртіп пен тұрақтылық маңызды. Тіл үйрену бір күнмен шектелмейді, оған күнде аз да болса уақыт бөлу қажет. Ал, егер күнде соған көңіл бөліп жүрсеңіз, аз уақытта үлкен жетістіктерге жетуге болады.
—Ағылшын тілін толық игеру үшін қиындықтар кездесті ме?
—Әуел баста енді үйрене бастағанда кез келген іс, соның ішінде тіл үйрпнуде қиындықтар болатыны ақиқат. Қазір қарап тұрсам, ағылшын тілінің қиындығы жоқ. Десекте, енді үйрене бастаған адамдар сөздерді дұрыс оқу және айтуда қиналуы мүмкін. Ол үшін әрдайым ағылшын тілінде болатын фильмдерді, кино туындыларды көру қажет. Солардың акцентін үйреніп, көп тыңдау керек. «Қайталау – оқу анасы», — дейді, қайталап үйрренуден, оқудан жалықпаған жасөспірім, адам ғана мақсатына жетеді.
—Тіл білу, үйрену мақсатында шетелде біліміңізді жетілдірдіңіз бе? Қандай шет мемлекетте болдыңыз? Әр елге барғандағы көңіл-күйіңізбен бөліссеңіз.
—Осы уақытқа дейін 15-ке таман елде, 30-ға жуық қалада болыппын. Әлемнің түрлі континенттеріне барып, жаңа елдерге саяхаттағандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мынадай сөз бар: «Әлем-бұл кітап, саяхаттамаған адам тек бір бетін ғана аша алады». Осылайша, әлемді басқа жерлерді танымасақ, біздің ой-өрісіміз кеңеймейді. Ал, тіл білу арқылы мен сол жерлердің халқымен жақынырақ танысып, көбірек ақпарат ала аламын. Мұндай тәжірбие де ерекше әсер қалдырды. Мысалы, жақында менің Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын достарым, сол елдің азаматтары ретінде маған қалаларды таныстырып, басқаша қырынан көрсетті, дәстүрлермен таныстырды.
—Қазіргі тіл үйреніп жүрген жандарға айтар ақыл-кеңесіңіз.
—Басты кеңесім, тіл үйрену жолында берілмеу. Тілді қиын сабақ ретінде қабылдамау, ақырында керісінше құнды құрал игеретіңізді түсіну. Сондай-ақ көбісі дайын ресурстарды пайдаланып, өз беттерінше тіл үйренуден қашқақтайды. Бірақ, тілді үйренгенде оған толықтай беріліп, қызығу қажет. Мысалы, тамақ пісіру ұнаған жағдайда, рецептерді ағылшынша қараңыз. Кино немесе сериалдардың басым бщлігін өз тілінде қараңыз. Бастапқыда қиын болғанымен, кейін сүйікті әуендеріңізді тыңдап, текстін түсінгенде қуанасыз әлі!
—Тіл маманы ретінде жеткен жетістіктеріңізді айтып берсеңіз?
—Тіл білу қазіргі уақыттағы ең маңызды құралдардың бірі. Бір тілмен шектеліп қалмау қажет. Қазір мен ағылшын және қытай тілдерінде еркін сөйлей аламын. Бірақ, бір ағылшын тілінің өзі ғана маған талай есіктерді ашып, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Мысалы, тілді жақсы меңгеріп алғанымның арқасында Назарбаев Университетіне түсіп, оны үздік аяқтап шықтым. Ал, қазір АҚШ — тың беделді оқу орны – Вашингтон Университетінде Мемлекеттік Басқару бойынша магистрлік бағдарламаны бастап жатырмын. Сонымен қатар, Халықаралық ұйымдармен жұмыс жасап, олардың көмегімен қазақ жастарының дамуына үлес қосып жатқан жайым бар.
—Сұхбатыңызға рахмет! Алар асуларыңыз көп болсын!
МОЛДАШЕВА Ақбөпе,
Е. Бекмаханов мектебінің 11-сынып оқушысы.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,
Ұзынбұлақ ауылы