Жақында Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында шахматтан 8, 10 және 12 жас аралығындағы ойыншылар арасында әлем чемпионаты өтті. Жас шахматшылар үшін ең беделді жарыста елімізден Данис Қуандықұлы әлем чемпионы атанды.

Жансая Әбдімәлік шахмат академиясының арнайы тобынан қатысқан Данис Қуандықұлы «10 жасқа дейінгі» жас санатында өнер көрсетті. 11 турдың қорытындысы бойынша Данис 9 ұпай жинап, бірде-бір ойында жеңілмеген. Атап айтқанда, ол 7 рет жеңіске жетіп, 4 рет тең түскен. Қорытынды кестеде Данис АҚШ, Ресей және Қытайдан келген мықты шахматшылардан басым тұрды.

Данис Қуандықұлының жетістігі – еліміз үшін тарихи оқиға. Себебі бұған дейін ұлдар әлем чемпионатында шахматтан алтын алмаған.

Осылайша, 10 жасар зияткер спорт шеберіне үміткер атанып, өз жас санатында Алматы мен Қазақстанның чемпионы болды.

«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС – Алматы шахмат федерациясының демеушілерінің бірі. Енді компания басшылығы Ұлытау өңірі мен Балқаш қаласында шахмат академияларын ашуды жоспарлап отыр. Компания Данис Қуандықұлын лайықты жеңісімен құттықтады.

Данис, оның ата-анасы және жаттықтырушысы Кашашвили Александр Павловичті әлем чемпионатының алтын медалімен құттықтаймыз!

Данис Қазақстандық шахмат тарихына мәңгілікке енді.

Дереккөзі: Stan.kz; chessacademy.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *