Жастығымның куәсі туған ауылыма – 90 жыл

Шет ауданының тұрғындары Жұмыскер ауылының 90 жылдығын атап өтті.

Ауылым — Қарағанды облысы, Шет ауданы Тағылы ауылдық округіне жатады. Елді мекен аудан орталығынан 56 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда 656 тұрғын тұрады. Жақында олар ауылдың 90 жылдығын атап өтті.

—Мерейтойға орай жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер ауылға сахна сыйлады. Ол барлық стандарттар бойынша, мешіт жанындағы алаңда орнатылды. Бұл алаң болашақта түрлі концерттер, фестивальдар мен жаппай мерекелердің өтетін орнына айналады, – деді ауылдық округ әкімі Нүркен Арынов. – Жалпы, біздің ауыл көлік айрығының бойында, Ағадыр кенті мен аудан орталығына жақын жерде орналасқан. Өткен жылдары біз су мұнарасын ауыстырдық, қазір халық арасында су мәселесі жоқ. Биыл орталыққа іргелес төрт көше жөнделе бастады. Біз ол жолдарды ретке келтіреміз.

Ауылым тарихына оралсақ, Іргесі ұжымдастыру кезінде 1933 жылы қаланған. Округ аумағында ХХ — ғасырдың 1930-1960 жылдары аралығында Қызылту, Қарасаз, Абай ұжымшарлары ұйымдастырылған. 1960-1990 жылдары Октябрьдің 40 жылдығы атындағы кеңшардың және Тағылы ауылдық кеңесінің орталығы болды. Шаруашылықтың мамандандырылған негізгі бағыттары — етті мүйізді ірі қара өсіру, қосымша саласы — жылқы шаруашылығын өсіру.

Округ құрамына Жұмыскер, Қойтас, Қызылту ауылдары ауылдары кіреді. 4 мектеп, ФАП, клуб, кітапхана. Кеңшар негізінде 52 шаруа қожалығы құрылған (2006 жылдан бастап). Ауыл басқа елді мекендермен автомобиль жолдары арқылы байланысады. Ең жақын жолаушылар тасымалдау жолы 60 шақырым қашықтағы — Ақадыр  темір жол стансасы.[1]

Ауыл құрылған күннен бастап елді мекендегі басқарған тұлғалардың жемісті еңбегі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Манашов Оспан, Туғанбаев Асанбек ағалардың ауылымызды көркейтіп, халық үшін атқарған шаруалары орасан. Біз үй Асанбек ағамен көрші тұрды.Ауылымызда А.Туғанбаев тұрған үй мен өзі кезінде салдырған Мәдениет үйі бар. Өткен 1955 1960 жылдары біздің ұжымшар облыстағы алдыңғы қатарлы шауруашылықтың бірі болды. Тұрғындардың тұрмыс әлеуетін жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп, мал өнімдерін өндіруде «миллионер» шаруашылық атанды. Есмағанбетұлы Әбсадық, Еңбек Ері Қуанышбаев Имаштай тұлғалардың есімі ел есінде.

Мен Имаш атаның ұлы Кәрібоз Имашевпен бір сыныпта оқыдым. Ұжымшар тараған соң да ауыл адамдарының ұйымшылдығы негізінде ауылымыз тарап кетпеді. Сол жылдары тізгінді қолына алған Тұңғышбаев Санат та қиын жылдары мал шаруашылығын сақтап қалуға бар күш-жігерін аямады.

Туған жерден алыста Алматы мен Астананың арасында жүрсем де кем дегенде жылына бір рет ауылыма, туған жерімнің иісін иіскеп, бауырларыма барып тұрамын. Жылдан жылға ауылдың инфрақұрылымы дамып келеді. Ауылдың көркін кіргізген жаңа балалар алаңы, мешіт үйі, спорт кешені – жастар мен жасөспірімдер үшін тартылған баға жетпес сый десек, артық айтқандық емес. Мектеп ғимараты, мұражай мен наубайхана заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен. Жаңадан емхана салынуда. Бітпеген көмірдің құрылысы аяқталған.

Ауыл халқына осындай мүмкіндік беріп, қуаныш сыйлаған тұлға, халқының жанашыр ұлы – Мұрат Жадаев. Той күні оның атына жылы лебіздер көп айтылды.

Мұрат ЖАДАЕВ, шараны ұйымдастырушы, меценат:

— Біздің басты міндет ауылды көркейту болды. Ауылға естелік қалғанын жақсы көрдік. Сондықтан ауылға сахна жасадық. Жиналамалы емес, сол жерде тұрады. Ауылға мәдениет дәретханадан басталады дегендей дәретханалар салдырдық еуропалық үлгіде. Көкпар алаңын биыл дайындадық,-деп ой бөлісті.

Ауыл Тағылы тауының баурында. Тау суретіне ауылды көркейтуге үлес қосып, ат салысқан ардақты ардагерлердің суреттері салынып ілінген. Той соңында аламан бәйге, көкпар тарту, садақ ату сияқты ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті.

Елдің есінде қалатын тағы бір жайт парашютшілердің Еліміздің көк Туын желбіретіп, көктен түскені ерекше әсер қалдырды.

                                    Априза АЙТБАЕВА,

                                                                                                                                               ”Қазақстанның құрметті журналисі.              Фотолар А.Айтбаеваның жеке  архивінен   алынды.

[1]«Википедия» ашық энцеклопеядиясы