«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

11 жыл-мәңгі естелік

Кейбір естеліктердің құндылығы жылдар өткен сайын арта түседі. Мен үшін сондай естеліктің бірі – 11 «Б» сыныбы. Бір кездері 26 оқушыдан құралған үлкен ұжым бүгінде 12 балаға дейін кеміді. Уақыт өз өзгерісін енгізіп, біреулер басқа мектепке ауысты, біреулер өзге бағыт таңдады. Алайда саны азайғанымен, сыныптың тынысы мен жылуы сол күйінде сақталды. Бізді біріктірген тек бір сынып бөлмесі немесе ортақ сабақтар емес, он бір жыл бойы бірге жазылған тарих еді. Бір қарағанда бұл жай ғана сан сияқты көрінеді. Алайда осы жылдардың ішінде қаншама қуаныш, жеңіс, ізденіс пен естелік жатыр.

Біздің сыныпты мектепте танымайтын жан кемде-кем шығар. Себебі білімде де, спортта да, шығармашылықта да белсенділік танытып, мектеп намысын қорғап келеміз. Кейде тіпті жоғары сынып оқушыларымен қатар өнер көрсетіп, олардың деңгейінен кем түспейтінімізді дәлелдейтінбіз. Бастауыш сыныптан-ақ көзге түсіп, талай жетістікке жеттік. Сол себепті де 11 «Б» сыныбы мектеп өмірінде ерте танылды. Бүгінде сыныбымызда 3 «Алтын белгі» және 4 «қызыл аттестат» үміткері бар.

Бұл жетістіктердің артында бізге бағыт-бағдар берген ұстазымыздың еңбегі жатыр. Бесінші сыныптан бері сынып жетекшіміз болып келе жатқан Гүлмира Шамильевна бізбен бірге қуанды, бізбен бірге алаңдады. Ол тек мұғалім емес, әр оқушының қабілетін байқап, жігерлендіре білген жан болды. Бүгінгі жеткен белестеріміздің әрқайсысында оның қолтаңбасы бар деп сеніммен айта аламын.

Он бір жыл ішінде талай қызық та, қиындық та кездесті. Тоқсандық бағалау жұмыстары, жарыстар, мерекелік кештер, экскурсиялар, дайындықтар – мұның бәрі біздің ортақ естелігімізге айналды. Кейде келіспей қалған сәттер де болды, бірақ уақыт өте келе олардың өзі күлкімен еске алатын оқиғаға айналды.

Қазір біз ортақ ұямызбен қоштасар кезеңге жеттік. Алдымызда әртүрлі жол, әртүрлі мамандық, әртүрлі қала болуы мүмкін. Бірақ қай жерде жүрсек те, 11 «Б» сыныбы бізді біріктіретін ортақ естелік болып қала беретіні анық. Өйткені он бір жылдық мектеп өмірі тек білім алумен өлшенбейді. Ол – бірге өткен күндермен, ортақ қуаныштармен және жүректе сақталған адамдармен құнды.

                                                                                          АСЫЛБЕК  Жаннұр,  

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,

Қандыағаш қаласының «№3мектеп-гимназиясының»

11 «Б» сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының  Жас  тілшісі

Сәйкес жаңалықтар

Жас тілшілер форумы- жаңа мүмкіндіктер

Тәуелсіздік таңы

farabi shakirti shakirti

Сбор молодежи «Айбын-2020»