«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Бұл сәт те келіп жетті…

Осыдан біраз жыл бұрын жүрегімдегі балалық пәк сезіммен, алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған ыстық сәтім көз алдымнан дәл қазір кино таспасындай өтіп жатыр. Кеше ғана табалдырығын үміт пен үрей араласа аттаған алтын ұя мектебіммен, балалық шақтың ең шуақты мекенімен қоштасар сәт те келіп жетті. Көңіл шіркін есейгенге масаттанғанымен, қимастықтың мұңы өзекті өртеп, ішкі дүниемді алай-дүлей сезімге бөлейді. Дәл қазір кеудемдегі сондай бір өкініш пен тәтті мұңды сезінгенде ғана уақыттың қаталдығын түсіндім. Балалық пен есею жиегінде тұрып, артқа бұрылғанда, әр өткен күннің қайталанбас гауһар екенін енді ғана ұққандаймын.

Мектеп әлі біткен жоқ, мен әлі де осы сиқырлы әлемнің ішіндемін, бірақ алдағы айрылысуды сезіну жүрегімді қазірден бастап мазалайды. Күнделікті таныс қоңырау дауысы, парта үстіндегі кітаптар мен сыныптастарымның шуылы ертең-ақ қол жетпес сағынышқа айналатынын ойласам, әрбір сәтті тоқтатып қойғым келеді. Осы бір үйреншікті күндердің таусылуға жақын қалғаны жаныма батып, әрбір минуттың қадірін бұрынғыдан да тереңірек ұқтырды.

Шын мәнінде, адам баласы өзіне ең қымбат дүниенің жоғалуға шақ қалғанын байқағанда ғана оның шынайы құндылығын ұғады екен. Дәл қазір менің қоршаған ортама, парталас достарыма, ұстаздарымның әрбір сөзіне деген көзқарасым мүлдем өзгеріп, олардың маған қаншалықты жақын екенін жүрегіммен түсіндім. Себебі бұл күндер қайталанбайтын ең бақытты шағымның соңғы парақтары екенін іштей сеземін. Бірнеше жыл бойы үйреншікті болып келген осы қарапайым мектеп өмірі мен үшін кенеттен ең қолжетпес, ең тәтті естелікке айналып бара жатқандай.

Алда қандай қиындықтар мен белестер күтіп тұрса да, осы алтын ұяның жылуы мен балалық шағымның ең ыстық сәттерін үлкен өмірге өзіммен бірге мақтанышпен алып кетемін. Мектеп қабырғасынан алған рухани күш пен өнеге мені кез келген асқар шыңдарға адастырмай алып баратынына кәміл сенемін. Мен үшін ең әдемі де қасиетті мекен болып қалатын қара шаңырағыма айтар алғысым шексіз!

ДОСЫМ  Ұлдана,

Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы,

 Көкарық ауылы, «Жамбыл атындағы орта

мектептің» 11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: Молдабекова Дана Жандарқызы,

қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

Мультфильмдер арқылы балаларға әлемді таныту: жақсы немесе жаман әсер?

Ақтөбеде “Жол қозғалысының жас инспекторы” облыстық слеті өтті

Тәуелсіздік таңы

farabi shakirti shakirti