Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Көңілдегі көктемімді көшіріп, жанарыма мұң, көз алдыма қиял отын ұялатып сенің бейнең келді, ата! Дана халықпыз ғой. «Ата көрген оқ жонар» деп бекер айтқан ба? Жұмыр басты мендей пендеге атаның ыстық алақаны нәсіп болмады. Тек анамның сағынышқа толы әңгімесінен сенің тау тұлғалы болмысыңа тамсанып қана отырамын.
Жиырма үш жасыңда майдан шебіне кетіп, аман-есен оралдың. Саналы ғұмырыңның 50 жылы ұстаздықпен өтті. Абыройлы, сыйлы азамат болған екенсің, ата. Атыңның өзі Мырзабек деп болмысыңа сай болып тұрған жоқ па?! Әрқашан өзің жайлы естеліктерді естігенде, көз алдыма сенің бейнең елестейді. Әттең, нұрлы жүзіңді көріп, ақ батаңды алғанымда ғой. Менен бақытты адам болмас еді.
Бүгінде сенің жолыңды жалғастырып келе жатқандай көрінемін. Оның дәлелі — өзің түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне бүгінде мен табан тірегелі отырмын. Әруағың қолдап жүрсін. Ата, сенің әкелік мейірімің, ер азаматқа тән болмысың маған үлгі. Өзің кетсең де, абыройың мен атың мәңгі қалғандай.
Өзің тамыр жайған, ұстаздық еткен Ақсудың мектебінде суретің әлі күнге құрмет тақтасында тұр екен. «Жақсының аты өшпес, ғалымның хаты өшпес» деген осы. Атыңды аузынан тастамай, әжем жарықтық та бізге жылы естеліктеріңді айтып, өзіңнен қалған ұрпақты аяқтандырып кетті. Тегіңді абыроймен биікке көтеру нәсіп болсын, ата!
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
