15 жасар қазақстандық теннисші алғаш рет ITF Juniors турнирінің чемпионы атанды
Қазақстандық Әмір Омарханов Қарағандыда төртінші санаттағы ITF Juniors турнирінің чемпионы атанды, — деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Әмір финалда отандасы Ілияс Маратұлын 3:6, 7:5, 6:1 есебімен ұтты.
«Алғаш рет осындай дәрежедегі жарыста жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бір апта бұрын ойыным жүрмеді, дегенмен бірте-бірте қалыпқа келдім. Дода барысында қарқынымды күшейте түстім», — деді Ә.Омарханов.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі қазіргі кезде Чехияда жаттығады.
Жұптық сында қазақстандық Әдемі Аманкелді ресейлік Софья Гапанковамен бірге финалда ресейліктер Зоя Левина — Анастасия Рожкованы тізе бүктірді.