«Әліппе» атты кемемен білім мұхитына сүңгіген шәкірттерім

«Қош бол, сүйікті Әліппе!» әліппемен қоштасу ертеңгілігі

Мен жас мұғалім қатарындамын. Бала кезден құлай қызыққаным – бастауыш сыныпқа сабақ беру болатын. Өзімнің алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезім, бізді жылы жүзбен қарсы алып, мейірімді көздерімен күлімдеп тұратын алғашқы ұстазым әлі күнге есімнен кетпейді. Сыныпта бар баланы сөйлетіп, билетіп, ән айтқызып, сурет  салдырып, спорт жарыстарына да қатыстырып жүлдегер атандырған ұстаз болу болу бақыт екенін мамандық таңдауға келгенде ұқтым да мұғалім мамандығын таңдадым. Әрине, бастауыш пен орта буында оқып жүргенде, бастауыш сынып мұғалімінің білікті, білімді, өнерлі – нағыз ұстаз екеніне мән бермедім. Сабақта «Кім боламын?», «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында эссе жазу нәтижесінде бастауыш сынып мұғалімі туралы зерттеп, бастауыш сынып мұғалімдерінен сұхбат ала жүріп, қанықтым. Мектеп бітірген соң арнайы білім алып, І.Жансүгіров атындағы №37 мектепте биыл тоғызыншы жыл бастауыш сыныпты оқытып келемін. Биыл мен қабылдап алған 1 «И» сыныбының оқушылары «Әліппемен» қоштасып, қолдарына «Ана тілі» оқулығын алып оқуын бастап кетті.

Әліппе – бар білімнің анасы. Әліппемен қоштасу – шәкірттер үшін білімнің бір белесін артқа тастап, білім көкжиегіне құлаш  сермеу деген сөз. —Бүгінгінің баласы көп нәрсе біледі. Смартфондағы кез келген сайтты ашып алады. Зейнетақымыздан төлем аударымдарын кішкентай немерем жасайды. Көліктің бір бөлшегін балам интернет арқылы сұрастырып, тапсырыс бердік, — деген ата-аналардың ұл-қызы мен немерелерінің жаңа технологиялармен жұмыс істеу әдістерін игеріп алғанына қуанамыз. Бұл – жетістік. Алайда, сапалы білім мен ғибратты тәрбие – бәрінен биік тұрады. Білімі мықты адам өміріміздің мәнді бір бөлшегі болып отырған жаңа технологиялардың жаңа қырларын игере алады.

Заман талабына орай сабақты да Мемлекетіміздің «Білім туралы» Заңында айтылғандай, әр ұстаз оқу үрдісінде жаңа технологияларды пайдалана отырып, бала оқытып келеді. Мен де бастауыштың бірінші сыныбынан бастап, ноутбуктан интерактивті тақтаға сабақ тақырыбына қарай суреттер, бейнесабақтар өткіземін. Олармен сабақта сұрақ-жауап арқылы сөйлеу қабілетін дамытып, ойын ашық және көркем жеткізуге үйретемін. Бастауыш сыныпты оқыту талабына сәйкес, оқушымен бір сабақта тақырыпты түсіндіріп, кері байланыс орнатып, сонымен қатар балалармен сөйлесіп те үлгеруге тырысамын.

«Әліппемен қоштасу» — оқу анасы оқулығында 42 әріпті әр шәкірт меңгеріп, әріптен сөз құрап, сөзден сөйлем құрап, тақырып бойынша қысқаша әңгіме айта алатындай дәрежеге жеткенін көрсетеді. Яғни, бастауыш сыныпта алға қойған мақсаттарымның бірі – бірінші сынып оқушыларына білімнің бастауы болған «Әліппеден» үйренгендерін тиянақтау, білімдерін ортаға салу.Өнерлерін тамашалау, әліппе оқулығына оқушылардың ерекше құрметі, бағасы, мектеп өміріндегі оқулықтың орнын түсінуге, Тәуелсіздігіміздің ұландары екендерін ұғындыру. Білімдерінің артып, сөз байлығының молайып, саналарының өскендерін көрсету. Отанын, мектебін, ұстаздарын, ата — аналарын құрметтеуге тәрбиелеу.

—Әріптерді тердік біз

Сөз маржандарын көрдік біз

Біз үшін аштың әлемді

Әліппе – асыл серігіміз.

*Оқу білім бастауы.
Ілім, ғылым арқауы
Бүлдіршінге тіл ашқан
Көкірекке нұр шашқан
«Әліппе» тойы басталды»,  —

деп халқымыздың асыл қазынасының бірі – той туралы кең мағлұмат алады. Шәкірттеріме «Әліппемен» қоштасатынымызды, оған қонаққа ұстаздар мен ата-аналарды шақыратынымызды айттым. Сол себепті, жақсы дайындалып, жаттаған тақпақтарымызды ұмытып қалмай, әдемілеп дикцияны бұзбай айтуды, ән салып, би билеуді, спортқа да, бейнелеу өнеріне қабілетті екенімізді, тәрбиелі шәкірттерді  көрсете білетінімізді айтқанда, бүлдіршіндер риясыз қуанды. Өзедіне сенімді екенін білдірді. Ұстаз үшін бір бақыт – осы! Адам жанын жадыратар шәкірттеріңнің риясыз күлкісі.

Ертеңгілікке  ұл-қыздар айтарлықтай дайындалды. Бұл ретте ата-аналардың көмегіне ризашылық білдіремін. Әр оқушы ертеңгілікке  сыныптағы дайындықтың үлкен еңбек екенін ұқты. Ертеңгілікте 1 «И» сыныбының білім алушылары ертеңгілікті өздері жүргізіп, «Әліппеге» арнаған өлеңдерін айтты, өнерлерін көрсетті. Әріптердің төл әдебиетімізде атқаратын орны туралы айтып өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сауаттылықтың негізі оқу емес, жазудан басталады» дейді. Менің бірінші сынып оқушыларым 2024-2025 оқу жылының алғашқы жарты жылдығында «Әліппені» оқи отыра, әдемі, сауатты жазуды да үйренді. Ертеңгілік барысында әр оқушы өзінің үйренгенін, қабілетінің ашылғандығын байқатты. «Әліппе» оқулығын оқи отыра шәкірттерім альфавиттермен сырласып, жазу жазды, сурет салды, достық пен ынтымақтың, бірлікті жандарына серік етті. Мейірімділікті, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуді отбасында алған тәрбиесімен мектепте оған қаныға түсуде. Көпшіл орта – сынып, сыныпта бірін-бірі сыйлай білу, көмек қолын созудың не екенін ұқты. Қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

Мақсатқа жету нәтижесі – көпшіліктің пікірі. Ата-ана да, арнайы шақырылған ұстаздар да бүлдіршіндерге алғыс айтып, көңілдерін бір көтеріп тастады. Әр оқушының ертеңгіліктегі белснділігін, оқуға құштарлығын бағалап, дипломдар тапсырылды. Енді міне, оқу жылының ІІІ – тоқсанында қолдарына білімнің кең дариясы «Ана тілін» алып, оқуды жалғастыруда. Ежелден келе жатқан «Білім – негізі бастауышта қаланады» деген қағида бар. Алдағы уақытта менің 1 «И» сыныбым бастауышта білімнің нәріне қанығып, орта және жоғары сыныпта білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрінсін. Арманы орындалып, мақсатына жетсін деген тілектемін.

ЖАНБАТЫРОВА  Айгерим Акытовна,

Алматы облысы, Талғар ауданы,

І.Жансүгіров атындағы №37 орта

мектебінің бастауыш сынып мұғалімі