Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан қоғам үшін журналист – жай ғана мамандық иесі емес, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, шындықты сөйлететін, халық пен биліктің арасын жалғайтын көпір. Мен болашақ мамандығым ретінде журналистиканы таңдағым келеді. Себебі бұл сала менің ішкі қызығушылығыма, мінез-құлқыма және өмірлік ұстанымдарыма жақын.
Ең алдымен, журналист болу – үлкен жауапкершілік. Қазақ зиялыларының бірі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл сөз журналист мамандығына да тікелей қатысты деп ойлаймын. Себебі журналист тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол – әділдік үшін күресуші, қоғамдағы мәселелерді көтеруші, халықтың үнін естіртуші тұлға. Егер журналист өз ісіне адал болмаса, қоғам да шынайы ақпараттан айырылып қалады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің дамуы ақпарат тарату жылдамдығын арттырды. Алайда жылдамдық сапаның кепілі емес. Кейбір тексерілмеген деректер халық арасында түсінбеушілік пен жалған пікір қалыптастырады. Сондықтан кәсіби журналистің басты міндеті – ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру, нақты фактіге сүйену және бейтарап көзқарасты сақтау. Бұл – халықаралық журналистика стандарттарының да негізгі талабы (мысалы, BBC Editorial Guidelines қағидалары).
Мен журналистиканы таңдаудағы басты себептердің бірі – адамдар тағдырына бейжай қарамаймын. Қоғамдағы білім сапасы, жастар мәселесі, экология, жұмыссыздық секілді өзекті тақырыптар мені толғандырады. Осындай мәселелерді зерттеп, себеп-салдарын анықтап, нақты ұсыныстар ұсыну – журналистің қолынан келетін іс. Журналист тек мәселені көрсетіп қана қоймай, оны шешуге қоғам назарын аударта алады.
Сонымен қатар журналист болу – үздіксіз ізденіс пен даму жолы. Бұл мамандықта әр күн – жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа тәжірибе. Адамдармен еркін тіл табысу, ойын сауатты жеткізу, аналитикалық ойлау қабілеті – мен дамытқым келетін қасиеттер. Мектеп қабырғасында түрлі іс-шараларда белсенді болып, эссе мен мақалалар жазуға қызығуым да осы салаға жақындығымды көрсетеді.
Қорытындылай келе, журналистика – мен үшін жай ғана мамандық емес, қоғамға пайдалы болудың жолы. Шындықты айту, әділдікті қорғау және халық сеніміне ие болу – менің болашақтағы басты мақсатым. Сондықтан мен журналист болғым келеді.
БАҒЫТЖАН Ақерке Ибатоллақызы,
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылы,
«Дүйсенғали Төленов атындағы»
жалпы орта білім беретін мектеп түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
