Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына арналған республикалық фестиваль өтті

2025 жылдың 14-15 сәуірінде Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында ҚХА шығармашылық ұжымдарының республикалық фестивалі өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е. Кочетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нүрия Ниязова, сондай-ақ ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Екі күндік бағдарлама мәнді әрі мағыналы іс-шараларға толы болды. Қатысушылар халықтық вокал, хореография және қазақ аспаптары бойынша шеберлік сыныптарына қатысты. Фестиваль барысында дәрістер, концерттер және мәдениет қайраткерлерімен шығармашылық кездесулер, фольклорды дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, өңірлерден келген қатысушылар үшін экскурсиялар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Фестиваль салтанатты гала-концертпен аяқталып, онда лауреаттар мен жеңімпаздарға «Халық биі», «Халық әндері», «Халық аспаптары» аталымдары бойынша марапаттар табысталды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі