Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Сен өзіңнің біреуден кем, немесе артта келе жатқаныңды сезесің бе? Бұл сезім бәрімізге таныс болуы мүмкін. Себебі, адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бастап бәсекелесіп келеді. Алғашқы адамдарда бұл кәдімгі өмір сүру үшін күрес болса, адам дамыған сайын бұл күнделікті спортта, оқуда, мансапта және әлеуметтік мәртебеде бәсекелесуге алмасты. Бізге кішкентай кезден бастап бір нәрсе үйретіледі: жақсы болу үшін басқалардан озып шығу керек. Бағада да, жетістікте де, тіпті кейде өмірдің өзінде біз біреумен жарысып жүргендей боламыз. Бір қарағанда, бұл қалыпты сияқты. Бәсекелестік адамды алға жетелейді, дамытады деп ойлаймыз. Бірақ бір сәтте бұл жарыс байқалмай өзгеріп кетеді: сен енді өзің үшін емес, біреуден озу үшін өмір сүре бастайсың.
Мен де бір кездері өзімді үнемі басқалармен салыстыратынмын – кейде саналы түрде, кейде байқамай. Маған айналамдағы адамдардың бәрі алға жылжып жатқандай, ал мен бір орында тұрып қалғандай көрінетін. Біреу бір нәрсеге тез жетеді, біреу сенен жақсы оқиды, біреу сенен батыл… Осындай ойлар жинала келе, мен өзімді жегідей жей бастадым. «Мен жеткіліксізбін», «мен лайық емеспін», «мен аз әрекет жасап жатырмын» деген ойлар бірте-бірте сенімге айналып кетті. Ең қиыны – бұл ойлар менің бір күнімнің энергиясын толық жеп қоятын. Мен ештеңе істемесем де шаршап қалатынмын, себебі мен өзіммен емес, басқалармен күресіп жүрдім.
Бір күні мен өзіме тоқта дедім. Егер осылай жалғаса берсе, мен ешқашан дамымайтынымды, тек өмір бойы өзімді басқа адамдармен салыстырып өтетінімді түсіндім. Сол кезде мен бір қарапайым, бірақ маңызды нәрсені ұқтым: иә, кейде басқа адам бір істі сенен жақсы жасауы мүмкін. Бірақ бұл сенің қабілетіңді, сенің еңбегіңді жоққа шығармайды. Әр адамның жолы әртүрлі, біреу тез жетеді, біреу баяу, бірақ бұл жарыс емес – бұл әркімнің өз жолы.
Бәсекелестіктің өзі жаман емес. Дұрыс бағытта ол адамды дамытады, мотивация береді, жаңа деңгейге шығарады. Бірақ ол сенің өз-өзіңе деген құрметіңді жеп қойса, өзіңді үнемі жеткіліксіз сезіндірсе – онда бұл зиянды бәсекелестікке айналады. Сол кезде сен жеңіп жатқан жоқсың, керісінше өзіңді жоғалтып жатырсың. Өзіңді кінәлап, жек көргеннен ештеңе өзгермейді, тек ішкі күшің азаяды. Ал жағдайды қабылдап, өзіңнің мықты жақтарыңды дамыту – шынайы өсудің бастауы.
Сол себепті мен бір нәрсені түсіндім: өзіңді басқалармен салыстыру – ешқашан әділ жарыс емес. Себебі сен олардың тек нәтижесін көресің, ал олардың артындағы жолды, қиындықты, күмәнді көрмейсің. Ал өзіңді кешегі өзіңмен салыстыру – ең әділ жол. Себебі сен өзіңнің қайдан бастағаныңды, қаншалықты өскеніңді нақты білесің. Мүмкін сен әлі қалаған жеріңе жетпеген шығарсың, бірақ сен тоқтап тұрған жоқсың.
Сондықтан кейде жарысты тоқтатып, өзіңе қарау керек. Басқалар қайда бара жатыр деген сұрақтан гөрі, «мен қайда бара жатырмын?» деген сұрақ маңыздырақ. Себебі нағыз жеңіс – біреуден озу
емес, өзіңді жоғалтпау.
РЫСПЕК Айзере,
Жамбыл облысы,Тараз қаласындағы
«№49 мектеп-гимназияның» 10 – сынып оқушысы
