Қазіргі таңда, әлеуметтік желілерді өзінің музыкасымен, жас бойындағы дарынымен таң қалдырып жүрген СЕРІКҚАЛИ Ален Берікұлымен әңгіме жүргіздім. Өзі сондай қарапайым, ұяң жігіт. Нағыз қазақ жігітінің бейнесі дерсің. «Жігітке жеті өнерде аз» демекші, Ален сабағында да үздік, өнерін де шыңдап, балаша ойнап та үлгеріп жүр. Сахнаға алғаш қадам басқан сәттен-ақ жүрегін музыкаға арнаған балалар болады. Ален де солардың қатарында, виолончель үнімен тыңдарманын баурап жүр. Жасы кіші болса да, талай байқауда топ жарып, шетел сахналарында өнер көрсетіп үлгеруде. Ален өзінің 5 жылдық тәжірибесімен, музыкалық жолдың ащысы мен тұщысын оқырмандарымызбен бөліскен болатын.
–Ален, виолончельмен қанша жасыңнан бастап айналысасың? Бұл өз таңдауың болды ма?
–Мен виолончельде 6 жасымнан бастап ойнаймын. Виолончельде ойнау өз таңдауым болды деуге болады, себебі анам мен кішірек болған кезде менің қолымның икемін көріп, мені үйірмелерге апарып жүрді. Солай біртіндеп виолончельдің қыр-сырын үйреніп, небәрі 6 жасымда ұлы композитордың бірі — Л. Бетховен шығармаларын ойнай бастадым.
–Жарайсың, Ален! Осындай жас жасыңда үлкен жетістіктерге жету – ерекше қабілет, тынымсыз еңбектің нәтижесі емес пе? 9 жасыңда Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай сахнасында өнер көрсетіп келдің. Бұл сапар саған не үйретті және осы тұста біздің оқырмандарымызға қандай кеңес айтар едің?
–Басқа елдің музыканттарымен бәсекелесу оңай болмады. Әлемнің әр түкпірінен келген өте мықты, тәжірибелі қатысушылар болды. Оларды көріп, мен өзімнің әлі де біршама нәрсе үйренуім керек екенін түсіндім. Бұл сапар маған үлкен тәжірибе берді – тек сахнада өнер көрсету ғана емес, өзіңді ұстай білу, жауапкершілікті сезіну және әрдайым алға ұмтылу керектігін үйретті. Менің ойымша, ең бастысы – өзіңе сену және еңбектенуден ешқашан шаршамау. Кейде қиын болады, кейде бірден нәтиже шықпайды, бірақ дәл сол сәттер адамды шыңдайды. Егер шын жүректен жақсы көретін ісің болса, оны тастамау керек. Күн сайын кішкентай болса да қадам жасап отырсаң, үлкен нәтижеге жетуге болады. Сондықтан барлық оқырмандарға айтарым – армандаудан қорықпаңыздар және сол арман үшін әрекет етуді тоқтатпаңыздар. Еңбек пен табандылық әрқашан өз жемісін береді.
–Сахнаға шығар алдында қобалжу бола ма? Оны қалай жеңесің?
–Әрине, қобалжу болады. Сахнаға шығар алдында толқу – кез келген музыкант үшін қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Бірақ мен оны әлсіздік емес, керісінше жауапкершілік пен өнерге деген құрметтің белгісі ретінде қабылдаймын. Ондай сәттерде өзіме іштей «өтесің, жеңесің» деп айтып, өзімді дайындаймын. Сол сөздер маған сенім береді. Сонымен қатар, сахнаға не үшін шығып тұрғанымды есіме түсіремін – мен музыка арқылы өзімді көрсету үшін, тыңдарманға сезім сыйлау үшін шығамын. Қобалжуды жеңудің тағы бір жолы – жақсы дайындық. Егер сен өз еңбегіңе сенсең, қорқыныш азаяды. Сондықтан әрдайым дайындыққа көп көңіл бөлемін. Жалпы, меніңше, қорықпау емес, қорқынышты дұрыс басқару маңызды. Егер оны жеңе білсең, ол сені керісінше күшейтеді. Сондықтан барлығына айтарым – қобалжудан қашпаңыздар, оны өз пайдаңызға айналдыра біліңіздер.
–Виолончель сенің өміріңе қандай өзгеріс әкелді?
–Виолончель менің өмірімді қатты өзгертті. Бұл аспап маған тек музыка үйретіп қана қойған жоқ, сонымен қатар тәртіпті, шыдамдылықты және еңбекқорлықты қалыптастырды. Осы жолда өзімді табуға, ішкі әлемімді түсінуге көмектесті. Әрбір жетістігімнің артында үлкен еңбек жатқанын сеземін, сондықтан мен бұл жолды өте бағалаймын.
–Жүлделі орын алғанда қуанышыңды ең алдымен кіммен бөлісесің?
– Ең бірінші қуанышыңды ата-анаммен бөлісемін. Себебі олар – менің ең үлкен тірегім. Қай кезде де қолдау көрсетіп, сенім білдіріп отырады. Жеңісімнің алғашқы куәгері де, ең қуанышты бөлісетін адамдарым да – әке-шешем.
–Қарындасың да музыкаға жақын екен. Болашақта бірге өнер көрсету жоспарда бар ма?
–Иә, қарындасым скрипкада ойнайды, ол қазір 2-сыныпта оқиды. Әзірге екеуміз бірге сахнаға шыққан жоқпыз, бірақ мен болашақта осындай мүмкіндік болады деп ойлаймын. Бір отбасыдан шыққан музыканттар ретінде бірге өнер көрсету өте қызық әрі ерекше тәжірибе болар еді.
–Күнделікті жаттығуың қалай өтеді? Мотивацияны қайдан аласың?
– Күніне кем дегенде бір сағат дайындаламын. Кейде одан да көп уақыт бөлемін. Жаттығу мен үшін жай ғана міндет емес, даму жолы. Ал мотивацияны анамның сөздерінен аламын. Ол әрдайым «сен үлкен сахналарда солист боласың» деп сенім білдіреді. Сол сөздер маған күш береді, алға жетелейді.
– Болашақтағы арманың қандай?
–Болашақта өзімді тек Қазақстанда емес, әлемге танымал музыкант ретінде көремін. Мен үшін музыка – шекара танымайтын өнер. Сондықтан қай елде болсам да, өз өнерім арқылы тыңдарман жүрегіне жол табуды қалаймын.
–Өзіңдей өнер жолын таңдаған оқырмандарымызға бір-екі ауыз қанатты сөз айтсаң?
–Арманды үлкен етіп қойсаң да, оған жету жолы кішкентай қадамдардан басталады. Ең бастысы – өзіңе сену және қиындықтардан қорықпау. Егер шын жүректен жақсы көретін ісің болса, оны ешқашан тастама. Еңбек пен табандылық бар жерде міндетті түрде нәтиже болады. Және әрдайым есте сақта: бүгінгі еңбегің – ертеңгі жеңісіңнің іргетасы.
Ален жас болса да, даналық пен балалықты қатар алып жүрген тұлға. Аленнен үйренеріміз мол екен. Сөз саптауы, өзін-өзі ұстауы, барша қазақ балалары осындай білімді, жан-жақты, саналы болса екен деп қалдым. Осындай балақайлар көп болсын, ұлтымыздың туы әлемнің түкпір-
түкпірінде биіктен көріне берсін. Ал Аленге музыкалық шабыт және, қазақ елінен шыққан атақты виолончелист болуына тілектеспіз!
Сұхбатты жүргізген:
РЫСПЕК Айзере,
Жамбыл облысы,Тараз қаласындағы
«№49 мектеп-гимназияның» 10 – сынып оқушысы
