Бүгінгі күннің қаһармандары

Батырлық ұғымы адамзат санасында әр дәуірде әрқалай қабылданған деп санаймын. Бір кезде найза ұстаған жауынгер ерлік бейнесі болса, енді бірде ел үшін еңіреген тұлғалар жадымызда қаһарман ретінде сақталды. Алайда бүгінгі заманда қаһарман болу үшін қолына қару алу, майданға шығу шарт емес. Қазіргі әлем басқа батырларды қажет етеді — қоғамның дамуына үнсіз үлес қосып жүрген, күнделікті еңбегімен ел мүддесін алға сүйрейтін қарапайым жандар. Сондықтан бүгінгі заманның қаһармандарын тану, олардың бейнесін бағамдау – әрбір саналы азамат үшін маңызды міндет.

Бүгінгі күннің шынайы батырлары – олар біздің жанымызда жүрген қарапайым адамдар. Мәселен, ауыл мектебінде балаларға жанын салып білім беріп жүрген ұстаз – нағыз қаһарман. Оның батырлығы – шәкірттерінің болашағына сеніп, оларды адам қылып тәрбиелеуінде. Сол сияқты, өмірін қатерге тігіп, күнде от пен судың ортасында жүрген құтқарушылар мен дәрігерлердің ерлігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе, пандемия кезінде ақ халатты жандардың көрсеткен жанқиярлық еңбегі халықтың көз алдында. Олар отбасынан жырақта, күндіз-түні демей адам өмірі үшін күресті – бұл нағыз заманауи ерлік. Тағы бір мысал – әділетсіздікпен күресіп жүрген журналистер мен қоғам белсенділері. Олар шындық үшін күресіп, кейде өміріне қауіп төнсе де, үнсіз қалмайды. Еріктілердің де орны ерекше. Олар материалдық пайда көздемей, өз еркімен мұқтаж жандарға көмек қолын созады. Қаһармандық дегеніміз – міндет емес, жүректен шығатын әрекет. Сондықтан да бүгінгі күннің нағыз батырлары – қарапайым, бірақ жүрегі үлкен, ұлтқа деген махаббаты шексіз жандар.

Мен үшін қаһарман деген – бұл жанқиярлықпен әрекет етіп, өзгеге пайда әкелуге тырысатын адам. Қазіргі таңда сондай жандар көп емес, бірақ бар. Олар – даңғаза сөзбен емес, іспен дәлелдейтін, қоғамға шынайы үлес қосып жүрген азаматтар. Әсіресе ұстаздар мен дәрігерлердің еңбегіне бас иемін. Өзім ауылда оқыған соң, мұғалімдердің балаларға қалай жанын салатынын жақсы білемін. Сол кісілердің арқасында талай бала өмірде жол тауып жатыр. Мен үшін ұстаз да – бүгінгі заманның батыры.Сонымен қатар, өз ісіне адал, әділетсіздікке төзе алмайтын азаматтарды да нағыз қаһарман деп санаймын. Олар шындық үшін күресіп, көбіне көрінбей қалатын болса да, қоғамды іштей алға жылжытады. Ең бастысы – батыр болу үшін атақты болу міндетті емес. Кейде анасының ауыр сөмкесін көтеріп жүрген бала да, таңмен таласып жұмысқа барып, отбасын асырап жүрген әке де – өз отбасының қаһарманы. Осы ойлар мені шабыттандырады және мен де өз ортамда кішкентай болсын, жақсы істермен көрінуге тырысамын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар демекші, қаһарман болу – бұл атақ немесе танымалдылық емес, бұл – адамгершілік пен жауапкершіліктің биік көрінісі. Бүгінгі заманның қаһармандары – шыншыл, мейірімді, өз ісіне адал жандар. Олар қоғамның тынысын ұстап тұрған, болашаққа үміт сыйлайтын тірек. Осындай тұлғаларды танып, құрметтеу – әрбіріміздің адамдық борышымыз.

УЗАКБАЙ  Арайлым  Серікбайқызы,

КурсANT SCHOOL

Алматы облысы, Карасай ауданы.

Жетекшісі: СӘУЛІМБАЙ  Айғаным Серікқызы.

Сурет: https://massaget.kz/