Туған жер – әр адамның жүрегіндегі ең ыстық мекен. Кез келген тұлға қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған, өсіп-өнген өлкесін ешқашан ұмытпайды. Ол үшін туған өлкесінің топырағы да, табиғаты да, таза ауасы мен тыныштығы да қасиетті.
Адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, айналасын тани бастайды. Туған жердің әрбір тасы, халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі санаға сіңе береді. Мен үшін Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Қарқара ауылы – тек туған жер ғана емес, ол киелі мекен, тарихи мұра.
Қарқараның тарихы тереңде жатыр. Бұл өлке – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басты ошақтарының бірі болған қасиетті жер. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, бұл аймақ туралы құнды деректер өте көп. Соның бірі – атақты «Қарқара жәрмеңкесі». Тікелей Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл жәрмеңке кезінде сауда мен мәдениеттің тоғысқан орталығы болған.
Ғалым Ш. Уәлиханов біздің өлкенің таңғажайып табиғатын зерттеп, жоғары баға берген. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Қарқара жайлауында жатып, өзінің әйгілі «Қилы заман» романын жазған деседі. Мұның бәрі – өлкеміздің тарихи салмағын арттыра түсетін деректер. Ауыл ақсақалдары мен көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жердің әр тасы мен сай-саласы сөйлеп тұрғандай.
Бұл берекелі өлке бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол – ата-бабаларымыздың қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Сондықтан саналы ұрпақ ретінде біз осы жерді сақтап, қадірлей білуіміз тиіс. Әрбір жас өзінің туған жеріне деген махаббатын іспен дәлелдеп, оның дамуына үлес қосуы керек.
Менің де арманым – болашақта туған ауылымды бұдан да көрікті, гүлденген мекенге айналдыруға атсалысу. Алдағы бес-он жылдықта ауылымыздың көркейіп, жаңа белестерге көтерілетініне сенімім
мол.
АБДРАХЫН Ажар Ерланқызы,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-қайрат ауылы,
«№19орта мектеп-гимназиясының» 11 сынып оқушысы
