«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Жүрекке жол тапқан жүздесу

Көктемнің жылы күні еді. Құрбым екеуміз Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті ұйымдастырған журналистика көктем мектебіне жол тарттық. Университеттің ауласына кірген сәтте жүрегім ерекше толқып тұрды. Ғимарат ішін аралап жүріп, әр бұрышына қызыға қарадым. Бәрі маған жаңа, бәрі маған қызық көрінді.

Аудиторияға кіргенде, мен өзімді жай ғана бір күндік қонақ емес, дәл осы жерде журналистика факультетінде оқитын нағыз студент сияқты сезіндім. Құрбым екеуміз өз атымыз жазылған бейджиктерді тауып, белгіленген орындарға жайғастық. Іштей толқып, бір сәтке ойға беріліп кеттім. Айналама көз жүгіртсем, өзім секілді арманы бар жастар толып отыр. Бірі үнсіз ғана ойға шомып отырса, енді бірі жаңа таныстарымен әңгімелесіп жатыр. Барлығының жүзінен қызығушылық пен үміт анық байқадым. Сол сәтте-ақ бүгінгі күннің мен үшін ерекше болатынын іштей анық сездім…

Көп ұзамай аудитория есігі ашылып, Дина Төлепберген кіріп келді. Зал іші бірден тыныштала қалды. Барлығының назары оған ауып, ыстық ықыласпен қарсы алдық. Лектор алғаш сөйлей бастаған сәттен-ақ аудиторияны баурап алды. Ол медиада 25 жылдық тәжірибесі бар екенін айтып, осы уақыт ішінде жинаған өмірлік сабақтарымен бөлісті.

Әрбір айтқан сөзі тек ақпарат қана емес, өмірден алынған шынайы сабақ сияқты әсер етті. Ол өз сөзінде шындықтың маңызын, журналистің жауапкершілігін және болашаққа деген көзқарасын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, неге дәл журналистика саласын таңдағанын, бұл жолдың оңай болмағанын, бірақ әр қадамның өзіндік мәні бар екенін шынайы жеткізді.

Менің есімде ерекше қалған бір сөзі: «Мен журналистиканы таңдаған жоқпын. Керісінше, ол мені таңдады» дегені болды. Менің де жолым дәл осылай басталып келе жатқандай. Мен бұл салаға жай ғана қызығып жүрген жоқпын, керісінше, журналистикаға деген ішкі тартылысымды сезінемін. Мүмкін, мен де оны таңдаған жоқпын, мүмкін, ол мені өзіне жетелеп келе жатқан шығар…

Осы ойлардан кейін Дина ханым өз тәжірибесіндегі қиындықтар туралы да ашық айтты. Ол журналистика жолының тек қызық пен шабыттан тұрмайтынын, оның артында үлкен еңбек, жауапкершілік және кейде қысым да болатынын жеткізді. Әрбір ақпаратты тексерудің маңызын, журналист тек реакцияға немесе ақпаратты жылдам жеткізуге жұмыс істемеуі керек екенін, ең алдымен шындыққа қызмет етіп, адамдарға ақиқатты жеткізу қажет екенін айтты.

Әрбір кеңесі мен үшін үлкен сабақ болды. Журналистика сырттай жеңіл көрінгенмен, шын мәнінде үлкен дайындық пен батылдықты талап ететін мамандық екенін сол сәтте терең сезіндім.

Аудиториядағы лекция өз соңына жақындай түсті. Біз Дина Төлепбергенге өзімізді қызықтырған сұрақтарды қоя бастадық. Маған да сұрақ қоюға мүмкіндік туды. Жүрегім сәл толқып тұрса да, өзімді жинап, көптен бері мазалап жүрген ойларыммен бөлістім. Сұрағыма жауап алған сәт мен үшін ерекше болды. Шынайы жауабын есту арқылы журналистика әлемін бұрынғыдан да жақынырақ сезіндім.

Дина Төлепберген – қазіргі қоғамның белсенді журналистерінің бірі. Ол қоғамымыздың өзекті мәселелеріне халықтың назарын аударып, өз ойын ашық әрі нақты жеткізе білетін, кәсіби деңгейі жоғары маман екенін осы кездесуде тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның шынайылығы мен ойының тереңдігі мені ерекше әсерге бөледі.

Осы кездесуден кейін мен оны тек спикер ретінде емес, әрі қарай да бақылап, оқып отыратын тұрақты оқырманы болдым. Бұл кездесу менің ойымда ұзақ сақталатын, ерекше естеліктердің бірі болып қалды.

                                                                     ҚҰТТЫБАЙ  Азиза  Шакизадқызы,

                                                                        Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

«№176 мектеп-гимназиясының»

            11 «Ә» сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Ауылдан шыққан дарындар

Экология – біздің планетамыздың тазалығы

farabi shakirti shakirti

ТurkicSkills 2025: WorldSkills International ұйымының Кеңес мүшесі Рэй Инглиш чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейі мен қатысушылардың шеберлігін жоғары бағалады