Ғұламадан ғибрат

«Жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады»
Қасым – Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн».
Абай Құнанбаевтың «Қарасөздері»
Бірінші сөз: — Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре — көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік; қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде – кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
Төртінші сөз:—Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.
Бесінші сөз: —Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіңдей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?
Алтыншы сөз:—Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, –
Болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.
Жетінші сөз: —Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер – тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
Оныншы сөз: —Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ер жетсін десең, өзі ержетіп, ата – анасын тозақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап, өсірмек пе екен?
Он бірінші сөз: —Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ, осы бұзақының тіліне еретүғын, азатұғын байларды кім тыяды?
Он үшінші сөз: —Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? «Қыл үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.
Он төртінші сөз: —Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.
Он бесінгі сөз:—Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
Он тоғызыншы сөз: —Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқандарын ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады.
Жиырма бірінші сөз: —Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады: Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.
Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.
Жиырма алтыншы сөз: —Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе,түсірген палуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді – ызаландырмақ шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ызы қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?
Дайындаған: «Farabi shakirti» журналының редакциясы