Жаңбыр жаумаса, жер — жер жетім

Төле би Әлібекұлы
Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) – қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған. Артында «бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз қалған тарихи тұлға. «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде Есім ханды қолдаған (Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» кітабынан). Яғни Есім хан тұсындағы, халық аузында «Есім ханның ескі жолы» атанып кеткен қазақ халқының заңдар жинағын құрастыруға қатысқан билердің бірі деп айтуға толық негіз бар.
Жаңбыр жаумаса, жер — жетім,
Басшысы болмаса, ел — үжетім,
Ұқпасқа айтқан сөз — жетім…
Атың жақсы болса — ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса — жан мен тәннің шырағы.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші — иманың,
Екінші — жиғаның,
Үшінші — ырысыңның тұрағы…
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Көп тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Сурет:https://islam.kz/