Суретті жолдаған автор
Қазіргі заманда технология қарқынды дамуда. Кез келген ақпаратты жылдам әрі оңай ала алатын деңгейге жеттік. Алайда қолжетімділік артқан сайын кітап оқудың маңызы төмендеп жатқандай көрінеді.
Кітап – адамның ғасырлар бойы жинаған байлығы. Ол тек білім көзі ғана емес, адамның ойының қалыптасуына тікелей әсер ететін өте маңызды құрал. Менің ойымша, кітап оқу – адамның өзімен-өзі тілдесетін ең тыныш әрі ең пайдалы уақыттарының бірі.
Кітап оқу адамның ойлау қабілетін арттырып, сөздік қорын байытады. Кітап оқыған адам өз ойын нақты жеткізе алады, сауатты сөйлеуді үйренеді. Сонымен қатар, кітап адамды сабырлыққа, төзімділікке, өз ойын еркін жеткізуге және түсіністікке тәрбиелейді. Менің ойымша, бұл қасиеттер әсіресе жасөспірімдер мен жастар үшін өте қажет.
Кітап арқылы адам өз қателігін түсініп, өзгелердің өмірінен сабақ алады. Кітап оқу – тек білім жинау емес, тұлға ретінде қалыптасудың маңызды бір бөлігі.
Қазіргі жастар туралы айта өтсем, кітап оқу бұрынғыдай басты орында емес екені ауыр шындық. Көбіміз керек ақпаратты кітаптан іздемей, әлеуметтік желіден алуға дайын тұрамыз. Бірақ ондай ақпарат адамды терең ойландырмайды, дайын мәліметті қабылдауға бейімдейді. Ал кітап оқыған адам асықпай ой қорытып, өз білімімен жазады. Менің ойымша, кітаптың ең үлкен пайдасы – осы.
Сонымен қатар, кітап оқу жастарды өзін-өзі дамытуға үйретеді. Кітап оқып үйренген жастар өз уақытын тиімді пайдаланады. Кітапты көп оқыған сайын оған деген қызығушылығы да арта түседі.
Дегенмен, жастар арасында мүлде қызығушылық жоқ деп айту дұрыс емес. Қазір де кітап оқитын, пікір алмасатын, өзінің сүйікті авторларын талқылайтын жастар аз емес. Кітапты тек міндет ретінде ғана емес, қажеттілік ретінде қабылдау керек. Сонымен қатар, кітап оқу жастарды жауапкершілікке және өзін-өзі дамытуға жетелейді.
Кітаптың адам өміріндегі орны ешқашан төмендеген емес. Ойымды қорытындылай келе, кітап – адамның ішкі дүниесін байытатын, ойлау қабілетін тереңдететін аса маңызды құрал. Жастар
кітапты көп оқыса, өз ойын еркін жеткізе алатын, өмірге саналы көзқараспен қарайтын тұлға болып қалыптасары сөзсіз.
НҰРДІЛДА Зарина Ғабитқызы,
Астана білім басқармасының
«№99 жалпы орта мектебінің»
11 – сынып оқушысы
