Мұнайлы ауданының 200 мың тұрғыны үшін алғаш рет жаңа аурухана салынды

Маңғыстау облысына жұмыс сапары шеңберінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облыс әкімі Қилыбай Нұрдәулетпен бірге көптен күткен 150 төсектік Мұнайлы аудандық ауруханасының ашылу салтанатына қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған аудандық аурухана 200 000-нан астам жергілікті тұрғын үшін сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буыны болады.

Осы уақытқа дейін ауданда стационарлық жағдайда көмек көрсететін медициналық ұйым болған жоқ.

Жаңа аурухана диагностика, емдеу және оңалту стандарттарына сәйкес келетін заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған. Мекеме аурудың профилактикасынан бастап мамандандырылған көмекке дейін медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынады.

Салтанатты рәсімде ведомство басшысы дәрігерлер мен мейіргерлерді алдағы кәсіби мереке — Медицина қызметкері күнімен құттықтап, ұлт денсаулығына қосқан зор үлесі мен адалдығы үшін шын жүректен алғысын білдірді.

«Бұл аурухананың ашылуы жай ғимарат емес. Біз үшін тұрғылықты жеріне қарамастан, әр адамға қамқорлық жасау маңызды. Біз медицинаның қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта дәрігерлер мен орта медицина персоналын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Жас мамандарды тарту бойынша бағдарламалар, сондай-ақ ауданға жұмыс істеуге келетін медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөз жаңалықтарынан.