Талғат Мұсабаев Гиннестің рекордтар кітабына қалай енді?

Фото: Gov.kz
2025 жылғы 4 тамызда 74 жасында еліміздің көк туын ғарышқа алғаш көтерген Талғат Мұсабаев өмірден өтті. Мұсабаев Қазақстаннан шыққан үш ғарышкердің бірі, «Халық қаһарманы». Orda.kz Мұсабаевтың ғарышқа ұшқан кезіндегі және одан кейінгі кезеңдерде ел есінде несімен қалғанын саралап шықты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Гагариннен шабыт алған Мұсабаев
Талғат Мұсабаевтың айтуынша, ол ғарышкер болуды Гагариннің ғарышқа ұшқан күні армандаған. Бұл арманына ол 33 жылдан кейін жетті. 1974 жылы Ригадағы азаматтық авиация инженерлері институтын бітіріп, алдымен Бұрындай, кейін Алматы авиаотрядында, содан соң Қазақ азаматтық авиация басқармасында жұмыс істеді. 1977 жылдан бастап Алматыдағы әскерге, авиацияға және флотқа жәрдемдесудің ерікті қоғамы аэроклубының мүшесі болды.
1987 жылы Талғат Мұсабаев Ульяновскідегі ұшқыштар училищесінде ұшқыш дипломын алды. 2023 жылы Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Мұсабаев бұл оқуының Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келгенін айтқан. Себебі дәл сол кезде Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Геннадий Колбин тағайындалып, оған дейін ол Ульяновск облыстық комитетін басқарған. Бұл шешім халықтың ашуын туғызған еді.
Ғарышқа ұшқан қазақ және оған кім көмектесті?
Әуелі Талғат Мұсабаевты ғарышкерлер қатарына алғысы келмеген. Бірақ ол алған бетінен қайтпады, арманына адал болды. Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауына кіреді. Мұсабаевтың естелігіне сүйенсек, сол кезде ол -Ту-134 ұшағының екінші ұшқышы ғана болыпты. Сол кезеңде Назарбаевтың есігінің алдында негізінен министрлер отырады екен.
Республика басшысы азаматтық авиация басшылығына телефон соққаннан кейін Мұсабаевты ғарышкерлер дайындайтын топқа іріктеуден өту үшін Мәскеуге жібереді. Ол 1991 жылдың қазан айында ғарышкерлер жасағына ресми қабылданады. Сол кезде Қазақстанның алғашқы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Мир» станциясынан оралғанына 12 күн болған еді.
Әубәкіров бұл сапардан кейін ғарышқа ұшпады. Ал Талғат Мұсабаев 1994 жылғы 7 қаңтарда «Мир» станциясына алғашқы сапарын жасады. Ол жалпы үш рет ғарышта болды.
Ғарышқа үш мәрте аттану
Мұсабаевтың бірінші сапары 1994 жылғы 7 қаңтар мен 4 қарашада болған. Талғат Мұсабаев «Мир» станциясына экспедицияның бортинженері ретінде қатысып, ғарышқа ұшқан тәуелсіз Қазақстанның алғашқы азаматы атанды.
Екінші рет1 998 жылғы 29 қаңтар – 25 тамыз аралығында ұшты. Бұл жолы ол «Мир» станциясына экипаж командирі ретінде аттанды. Мұсабаев ашық ғарышқа алты рет шықты және сол арқылы бір ұшу кезінде ашық кеңістікте ең ұзақ болған адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Мұсабаев 207 күндік миссия кезінде вакуумда 32 күн өткізді. Бұған дейін бірде-бір ғарышкер ашық ғарышта осынша ұзақ болмаған.
Үшінші рет 2001 жылғы 28 сәуір – 6 мамырда ұшты. Бұл – Мұсабаевтың ең қысқа және соңғы сапары болды. Осылайша ол халықаралық ғарыш станциясына командир аттанды. Бұл миссияда оның экипажында әлемдегі тұңғыш ғарыш туристі америкалық Деннис Тито болды. Тито оған «№1 тәрбиеші» деген лақап ат қойған. Себебі Мұсабаев алдымен ұшу кезінде жүрегі сыр бергенде кейін станцияда басын жарақаттап алғанда медициналық көмек көрсеткен.
Осыдан кейін Қазақстан азаматтары 14 жыл бойы ғарышқа ұшпады. Кейінгі және әзірге соңғы сапар 2015 жылғы 2-15 қыркүйек аралығында жүзеге асты. Ол кезде ғарыш кемесінде Айдын Айымбетов болды.
Фото: Gov.kz
Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев ғарышқа Қазақстанның туын алғаш алып шыққан адам. Ол сондай-ақ Құран кітабын орбитаға алғаш рет жеткізген және өз сөзінше бұл әрекетті одан бұрын да, кейін де ешкім қайталамапты.
1999 — 2001-жылдары Талғат Мұсабаев ашық ғарыштан әкелінген бейбітшілік туын Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстады. Бұл рәсімді ол ғарышқа алғаш шыққан адам Алексей Леонов пен ресейлік ғалым әрі тележүргізуші Сергей Капицамен бірге жасады.
Ғарышқа ұшқаннан кейінгі өмірі
Ғарышкерлік қызметін аяқтағаннан кейін Мұсабаев Ресей әскерінде біраз қызмет етті. 2003 жылы Ресей әуе күштерінің әскери авиация басқармасының жекпе-жек дайындық бастығы қызметіне тағайындалды.
2005 жылы Мұсабаев Қазақстанға оралды. 2005 жылы Мұсабаев Ресей мен Қазақстан бірлесіп құрған «Бәйтерек» кәсіпорнының алғашқы басшысы болды. Бұл жоба экологиялық отынмен жұмыс істейтін зымыран тасығышын жасауға арналды. Жоба 2025 жылы 20 жылдық мерейтойын тойлады, бірақ «Бәйтерек» әлі ғарышқа шыққан жоқ. Дегенмен, 2025 жылдың маусым айының соңында вице-премьер Серік Жұманғарин «Байқоңырдан» қазақстан-ресей зымыранының болатынын мәлімдеді. Айта кетерлігі, 2022 жылы Мұсабаев өзі де бұл жобаны сынға алған еді.
«Бәйтерекке» Мұсабаев екі жыл басшылық етті. 2007 жылдан 2016 жылға дейін Аэрокосмикалық комитетті басқарды. Одан кейін бір жыл бойы президенттің кеңесшісі болды. Ал 2017-2023 жылдары сенатор қызметін атқарды. Осыдан кейін Талғат Мұсабаев ресми қызметтерді істемеді.
Автор: Игорь Улитин
https://janabastau.kz/post/talgat-musabaev-ginnestin-rekordtar-kitabyna-qalai-endi