Қоғамнан адамды шеттету қаншалықты дұрыс және оның шешімі бар ма?

Жасанды интеллект суреті
Қоғам – бұл жай ғана адамдардың жиынтығы емес, ол – бір-бірімен байланысқан тағдырлар, өзара тоғысқан үміттер мен сенімдердің күрделі жүйесі. Алайда осы жүйенің ішінде әрдайым үйлесім орнай бермейді. Қоғамнан адамды шеттету – бүгінгі күннің ең өзекті әлеуметтік дерттерінің бірі болып отыр.
Егер біз мектептен бастасақ, онда алғашқы қадамнан-ақ шеттету фактісіне куә боламыз. Біреудің сыртқы келбетіне, тұрмыстық жағдайына, тіпті сөйлеген сөзіне қарап, қатарластары оны қабылдамауы мүмкін. «Буллинг» деп аталып кеткен бұл құбылыс бүгінде мыңдаған жасөспірімнің тағдырын көз алдымызда ұшырып әкетіп жатыр. Мектеп қабырғасында оқшауланған бала бойында сенімсіздікпен қатар, болашақ өмірінде өз орнын табу қиындыққа соғады. Мұның себебі баршамызға айқын. Ашып айтар болсақ, өзгенің тарапынан қысым көріп,кемшіліктерін естіген бала психологиясында ауытқулар болып,өзін артық,қажетсіз,қолынан түк келмейтін адам ретінде сезіне бастайды.
Алайда “шеттету” мәселесі тек балалардың төңірегінде болмайды. Қарапайым күнделікті жұмыс орындарында ұжымдық қарым-қатынасты алып қарасақ, дәл осы жағдайдың қайталанатынын көреміз. Әріптестердің арасында бөліну, топтасу, бірін-бірі мойындамау – қоғамдағы ересек адамдардың да бас ауруына айналған.
Ал қалың бұқараның бас ауруының нақты шешімі бар ма?
Барлық мәселенің шешімі болады. Бірақ ол тек заңмен немесе тәртіппен шектелмейді. Шешім ең әуелі сана мен көзқараста жатыр. Біз өзгелерді қабылдауды, сыйлауды, тыңдауды үйренбейінше, шеттету мәселесі тоқтамайтыны анық. Отбасында, мектепте, тіпті көшедегі қарапайым әңгімеден бастап әрбір қарым-қатынаста адамға құрмет көрсету – әр келіспеушіліктің шешімі мен мәселенің басты емі.
Қоғам – ортақ үйіміз. Егер біз бір-бірімізді шеттетсек, ол үйдің қабырғалары сөгіліп, шаңырағы шайқалады. Ал егер түсіністік пен мейірімділікке жол берсек, ол үй мықты әрі мәңгілік болып қала бермек.
ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,
Алматы қаласы, Абай атындағы РММИ
11 «В» сынып оқушысы,
Жетекшісі: ТӨЛЕУЖАН Жансая Санатқызы