Ұстаз болу – аталар аманаты

«Ұстаздар әулеті» байқауына қатысушы Алматы қаласы, Алатау ауданы И.Қ. Мандоки атындағы №154 ЖББ мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жорахан Думан Нұржанұлы туралы айтып өтсем деймін. Жорахандар әулетінің ұстаздық жолы ХХ ғасырдың басында басталып, 100 жылдан – 1 ғасырдан асты. Бүгінде әулеттің ұлдары мен келіндерінің, қыздарының  жалпы ұстаздық өтіліне тоқталсақ, екі ғасырға жуықтайды.

Думан Нұржанұлы 11 – сәуір 1984 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Талап ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1998-2001 жылдары Алматы облысындағы Экономика және құқық колледжінде «Заңгер» мамандығы, 2001-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетінде «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша білім алған. 2005-2007 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде білім алып, «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша Магистр атанды.

Дана Абай атамыздың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген даналығына сүйенген Думан Нұржанұлы мектепте бала оқытуды таңдады. Аз уақыттың ішінде  бала оқытуға деген жастық күш-жігерін жұмсап келеді. Жаңашыл ұстаз. Шәкіртке тарих пәнінен сабақ беруде жаңа бағдарламаларды меңгеріп, оқушыларының жеке қабілетін дамытып,  шығармашылдыққа баулып, төл тарихымызды  оқытуда айтарлықтай тәжірибе жинағанын байқатты. Өз тарихын білмеген адамның бүгінін ойлап, ертеңге қадам жасауы қиын. Осы тұрғыдан алғанда, Д. Жораханның іскерлігі өз алдына,  кәсіби біліктілігін жетілдіріп  келе жатқан үлгілі ісін де атап айтуға лайық. Шәкірттері тарих пәні бойынша жетістіктерге жетіп келеді. Өзінен кейінгі жас ұстаздарға айтар  тәжірибесі де баршылық.

Қазіргі кезде бұл жанұяның адамдары түгелдей дерлік мектепте Ұстаз. Әр дәуірдің өз қиындығы бар. Жылдан жылға мектепте балаға білім беру жүйесіндегі жаңашылдық үрдісі қолға алынуда. Қазіргі таңда жас буын  — оқушыларымызды  цифрлық сауаттылыққа баулып, жаңа технологиялар мен интернет ресурстарын қауіпсіз және тиімді пайдалану дағдыларын үйретуде кәсіби білімін пайдалануда.

—Менің басты қағидатым — ұстаздық жолдан таймай, адал қызмет ету. Бұл әулет үшін, шәкірттердің жетістігінен асқан бақыт жоқ. Аталарым салып кеткен балаға білім беріп, тәрбиелеу жолы мен үшін – ұлы көштің бастауы іспетті, сондықтан ұстаздық етуді мақтан етемін, — дейді жас маман әріптестеріне.

Думанның үлкен атасы, ұстаз Сейдахмет  Ысқақовтың есімі ХХ – ғасырда Жетісу губерниясында өте танымал болған. Ауылда алғаш мектеп оншақты мектеп ашып бала оқытқан ұстаз, өз елінің бүгінгі ұрпағына өнеге қалдырған есімі естен кетпес тұлға екенін Жамбыл ауданы халқы ілтипатпен еске алады. 1920 — 1947 жылдар аралығында қаншама шәкіртке білім беріп, алтын ұядан қанат қақтырған. Сол жастардың арасынан болашақ мұғалім дайындауға үлес қосқан. Қаншама жас ұстаздарға өнегесін үйреткен аудандағы тұңғыш ұстаздардың бірегейі. Сонымен қатар Жорахан Сейдахметұлының келіндері Сара Саттарқызы, Маржан Жазылбекқызы, Сәуле Әбікенқызы да ұстаздық жолда еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан талап ауылының ардақтылары.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұстаздық жол – әр әулеттің абыройы. Бұл әулет – нағыз халық ағартушыларының өнегелі мектебі.  Ысқақовтар  әулетінің ұстаздық жолы бірнеше ұрпақ бұрын басталған. Алғаш мұғалім болған арғы аталары Сейдахмет Ысқақов  ауыл балаларына хат танытып, сегіз мектеп ашып оқу-білімге жетелеген екен. Сол күннен бастап мұғалімдік бұл әулет үшін тек кәсіп емес, өмірлік міндетке айналды. Ең алдымен, білімнің құндылығын терең түсіну. «Халықтың болашағы — ұрпаққа аманат болып жетті. Әулет үшін ең бастысы – шәкіртке шынайы қамқор болу, білімді өмірмен ұштастыра үйрету және адалдықты дәріптеу.

Жорахандар – нағыз ұстаздар әулеті. Оған мына төмендегі деректер арқылы көз жеткіземіз.

1-ші буын: Сейдахмет Ысқақұлы (1896-1947 ж.ж.). 1920 жылы Алматы қаласындағы губерниялық педагогикалық курста оқыған. Курсты бітірісімен Сейдахмет Ысқақұлы Қастек болысының №3 Үңгіртас ауылына жіберіледі. Ол Үңгіртаста 75 оқушы жинап, мектеп ашып, мұғалім болады. Осыдан кейін ол Жетісу губерниясының көп жерлерінде Ортабұлақ, Күрті, Сарыөзек, Қарасаз, Еңбектал, Қарақыстақ, Шиен, Қастек, Талап, т.б. ауылдарда мектептер ашып, меңгеруші мұғалім болды.

2-ші буын:  Ысқақов Жорахан   Сейдахметұлы (1929-2005 ж.ж.). Түргендегі мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп, Талап ауылындағы орта мектепте табан аудармай 42 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, бастауыш сынып мұғалімі болған. Жорахан Сейдахметұлы өзінің ұстаздық қызметі кезінде Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Еңбек ардагері», ҚР Президентінің жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медаліне және марапатқа ие болған.

Думан Нұржанұлының ата-анасы Ысқақов Нұржан Жораханұлы мен Ысқақова Бибігүл Аспандиярқызы Талап ауылындағы  Сұраншы батыр атындағы мектепте ұзақ жылдар  бала оқытқан ардақты ұстаз. Әкесі 1983 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың денешынықтыру институтын (КазИФК) аяқтағаннан кейін Талап ауылындағы орта мектепте Дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққан. Ысқақов Нұржан Жораханұлы – «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, «ҚР денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Батыр шапағаты» медальдарының иегері. Ысқақова Бибігүл Аспандиярқызы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен, «ҚР денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсебелгісімен марапатталды.

Думанның қарындасы Арайлым да ұстаздық жолды таңдаған. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» мұғалім-психолог болып қызмет атқарады. Інісі Елдар да әке-шешесінің жолын қуып, 2019 жылы «Қазақ спорт және туризм академиясын» бітіріп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Думан Нұржанұлының келіні Айнұр да орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Сейдахмет Ысқақұлы бастаған Ысқақовтар әулетінің ұстаздық жолы бір ғасырдан аса уақытты қамтиды. Әулеттің ұстаздық жолы әлі де жалғаса бермек.

Бұл әулетті ауылда, Жамбыл ауданында «Ұстаздар әулеті» деп атайды. 2020 жылы Алматы облысында өткен «Ұстаздар әулеті» байқауына қатысып, «Үлгілі ұстаздар әулеті» дипломымен марапатталады. Сондықтан «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»-деп үлкен өмірге жол сілтеген жандарға деген құрмет әрдайым жоғары болатыны анық. Халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, баһадүр батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» – деп бекер айтпаған.

Ұстаздар әулетінің келіні Искакова  Маржан  Жазылбекқызы да бар ғұмырын бала оқытып, мектепке арнаған жан. Ол 1957 жылы  Қастек  ауылында  дүниеге келген. 1972-1976  жылдары   Есік  педагогика  училищесін  бастауыш  сынып мұғалімі, 1977-1982  жылы  Абай  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  математика  пәні  мұғалімі мамандығымен білім алған. 1976  жылы  Қастек  сегіз  жылдық  мектебінде  мұғалім  болып  қызмет жолын бастаған. 1977  жылы  Амангелді  сегіз  жылдық  мектебіне  мұғалім  болып  ауысты. Содан  зейнетке  шыққанша  осы  мектепте  қызмет  атқарды. 1980-1985  жылдар аралығында  мектеп  директорының  оқу-тәрбие  ісі  жөніндегі  орынбасары қызметін атқарды. 1992-2015 жылдары математика пәнінен сабақ берді. 2003-2006  жылдары  математика  пәнімен  қатар  психолог  мамандығын қатар алып жүрді. 08 ақпан, 2011  жылы  «Қазақстан  Республикасының  Білім  беру  ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Әулетпен сұхбаттасу барысында аңғарғаным – ұстаздық оларға ата кәсіп қана емес, ұрпақ тәрбиесінің ұлы жолы. Мұндай мерейлі әулет – қоғам үшін үлкен байлық. Олардың атадан келе жатқан өнегелі әңгімесі жастарға да, болашақ мұғалімдерге де бағыт-бағдар болары сөзсіз. Сейдахмет Ысқақұлы бастаған Ысқақовтар әулетінің ұстаздық жолы  әлі де  ұрпақтарымен жалғаса бермек.

АЛМАСБАЕВА  Қаламкас Қалиқызы,

Алматы қаласы, Алатау ауданы Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп директоры