Әлеуметтік педагогтарды даярлаудағы сапалы білім орталығы

Қазақстандағы тұңғыш көп салалы жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1934 жылдың 15 қаңтарында ашылған.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік ғылымның флагманың біріне айналды. Университеттің тарихында елімізге белгілі тұлғалар мен беделді ғалымдар, жазушылары еңбек еткен. Дәлірек айтқанда Төлеген Тәжібаев, Ермұхан Бекмаханов, Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды әйгілі ғалым-академиктер лекция оқыған. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы жоғары білім мен, халықаралық деңгейде мойындалған академиялық орта. Сонымен бірге бұл университетте білім берудің барлық деңгейлерінде ағылшын тілінде оқытуды алғашқы болып бастады және бүгінгі таңда университет мамандықтарының 70% -дан астамы ағылшын тілінде оқытылады. Осыған сәйкес ҚазҰУ-да еліміз бойынша ең көп шетелдік студенттер білім алуда. ҚазҰУ – әлемнің озық үлгідегі үздік университеттерімен 70-тен астам қосдипломдық бағдарламаларды жүзеге асырады. Бұл – ҚазҰУ-дың әлемдік университеттер қауымдастығындағы салмағын, ғылыми әлеуетін және білім беру сапасының жоғары деңгейін дәлелдейді.
ҚазҰУ-дың ең беделді факультеттерінің бірі – Философия және саясаттану факультеті. Философия және саясаттану факультетінің тарихы 1947 жылы психология және логика кафедрасының ашылуы мен 1949 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінің құрылуынан бастау алады. Философия және экономика факультетінің ең алғашқы деканы доцент Н.П. Дардыкин болған. Факультетте философия ғылымдарының докторы, ҚР ҒҰА академигі Ж.М.Әбділдин, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҒҰА академиктері Я.А.Әубәкіров, К.А.Сағадиев, философия ғылымдарының докторы, профессор М.С. Әженов, профессор С.Т. Темірбеков, Г.А. Югай, З.А. Мұқашев, М.С. Бурабаев, Г.Б. Хан, А.И. Икенов, В.Г. Яковлев, А.А. Аимбетов, В.Г. Брянов, А.Д. Әжибаева, И.С. Хорошилова және т.б. сияқты белгілі тұлғалар білім алған.
Факультет гуманитарлық ғылымдардың заманауи бағыттарын қамтып, елге жоғары білімді мамандар, зерттеушілер даярлап келеді. Факультет қабырғасында болашақ әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер, саясаттанушылар, психологтар және басқа да әлеуметтік сала мамандары кәсіби білім алып, заманауи құзыреттерді меңгереді. Әрбір студент теориялық біліммен қатар, практикалық жобаларға, ғылыми зерттеулерге қатысып, қоғамның әлеуметтік процестерін терең түсінуге мүмкіндік алады.
Мен – осы факультеттің «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасында, әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатырмын. Аталған кафедра университетте педагогика кафедрасы болып 1940 жылы 12 қаңтарда құрылған. Кафедраның қалыптасуы университеттің, Қазақстанның педагогика-психологиялық ойларының дамуымен, педагогикалық мәдениет пен жалпы білім берумен қатар бірге келе жатыр. Кафедраға әр жылдары Кокымбаев Шакир Кокымбаевич, Тәжібаев Төлеген Тажібайұлы, Сембаев Абдыхамит Ибнеевич, Бержанов Қартбай Бекенович, Аргынов Хасен Қуандыкович, Сәрсенбаева Гульнара Молдрахманова сияқты педагогика ғылымының ғұлама ғалымдары мен ұлы тұлғалары басшылық жасаған. Қазіргі таңда кафеда меңгерушісі болып пед.ғ.к., профессор Әлқожаева Нұрсұлу Сеиткерімқызы қызмет атқарады. Сонымен қатар кафедрада педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Жарықбаев, Ж.Р. Баширова, А.Т. Табылдиев, Н.А. Асанов және т.б. жұмыс істеген. Кафедра жұмыс жасап келе жатқан уақыттан бері білім беру мен қоғамның басқа салаларында жоғары кәсіби деңгейдегі мамандар даярлайды. Кафедра еңбек нарығында сұранысқа ие «Әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық кадрлар мен жоғары білікті мамандар даярлауда білім беру мен ғылыми және қоғамдық орталығы болып табылады. Кафедра бұл бағытта әлемдік тәжірибеге негізделген оқу бағдарламаларын ұсынады.
Кафедраның негізгі күші – кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол профессор-оқытушылар құрамында. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы – отандық және халықаралық деңгейде танылған ғалымдар. Олар студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты әлеуметтік ортада жұмыс істей алатын, шешім қабылдауға қабілетті, жан-жақты тұлға қалыптастыруға бағытталған практикалық дағдыларды меңгертеді.
Әлеуметтік педагогтың бүгінгі күндегі рөлі күн санап артып келеді, ал кафедра осы өзгерістерге дер кезінде жауап беріп, магистранттарын ғылыми жобаларға, зерттеу жұмыстарына, халықаралық және ұлттық деңгейдегі әлеуметтік бастамаларға белсенді араластыруда. Сонымен бірге кафедра әлеуметтік-педагогикалық инновациялар мен әдістемелік жаңалықтарды енгізу арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге шешім ұсынатын, әлеуметтік саланың болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуді басты міндет санайды.
Кафедраның сапалы білім беру жүйесі – өз ісінің майталманы болған ғылыми-педагогикалық кадрлар мен заманауи мазмұндағы оқу пәндерінің үйлесімді синтезі. Әр пән болашақ әлеуметтік педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және маманның ғылыми, практикалық, аналитикалық қабілеттерін дамытады.
Кафедрада оқытылатын пәндер мазмұны әлемдік тәжірибе, педагогикалық инновациялар және әлеуметтік саладағы өзекті зерттеулермен тығыз байланысты. Сол арқылы студенттер тек тыңдаушы ғана емес, әлеуметтік-педагогикалық процестерді талдай алатын, ғылыми негізде шешім қабылдайтын, кәсіби көзқарасы қалыптасқан мамандар ретінде шыңдалады. Осы мақсатқа жету жолында кафедра ұсынатын оқу пәндері магистранттардың кәсіби ойлау көкжиегін кеңейтіп, олардың әлемдік тәжірибеге негізделген білім алуына жағдай жасайды.
Халықаралық көзқарас пен басқару құзыреттері бағытындағы «Шет ел» пәні (Джамалдинова М.Т.) магистранттарға шетелдік әлеуметтік-педагогикалық тәжірибемен танысып, халықаралық модельдерді талдауға мүмкіндік береді. Бұл пән әлем елдеріндегі әлеуметтік саясаттың ерекшеліктерін саралап, болашақ мамандардың көзқарасын кеңейтеді. Ал, «Басқару психологиясы» (Нармуханбетов А.Л.) көшбасшылық, ұжымдық коммуникация және адам мінез-құлқын басқару дағдыларын дамытуға бағытталған. Осылайша, студенттер неғұрлым күрделі кәсіби жағдайларда тиімді шешім қабылдай алатын басқарушылық құзыреттерді қалыптастырады. Әлеуметтік мәселелерді талдау және кәсіби көмек көрсету бағыттағы пәндер магистранттарды адамға бағытталған кәсіби қолдаудың нақты әдістерімен таныстырады. Мәселен, «Дағдарыс орталығындағы әлеуметтік педагогикалық жұмыс» (Баярыстанова Э.Т.) қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсету стратегияларын үйретсе, «Қамқорлық, қараушылық, патронаж» (Нургалиева Д.А.) әлеуметтік қолдаудың түрлі формаларын тәжірибеге жақын тәсілдермен меңгертеді. Сонымен қатар «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтік педагогикалық қолдау» (Баярыстанова Э.) жеке тұлғамен жұмыс істеудің педагогикалық технологияларын ашады.
Осы пәндердің мазмұны мен оларды жүргізетін тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы кафедраның шынайы ғылыми-педагогикалық әлеуетін көрсетеді.
Сондай-ақ, кафедра Түркияның жетекші университеттерімен, шетелдік жетекші университеттерімен бірлесіп оқу бағдарламалары аясында тәжірибелік жұмысты бірге жүзеге асырады. Білім беру тәжірибелері шығармашылық ойлауды қалыптастыруға, жаңа сапалы деңгейде ақпарат алуға, жүйелік байланыстарды түсінуге бағытталған.
Кафедра магистранттарды ғылыми зерттеу жүргізе алатын, білім беру ұйымдарын басқаруға қабілетті, тұлғамен және қоғаммен тиімді жұмыс істейтін жан-жақты білікті әлеуметтік педагог ретінде даярлайды. Бұл – кафедраның еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары кәсіби мамандар даярлаудағы басты артықшылығы.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
Әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша
2 курс магистранты
СЕМБЕКОВА Айжан Алмаханқызы,
Сурет: https://rgmedia.kz/





