Ханның да, қараның да рухани өзегі – Тәуелсіздік!

16 желтоқсан – Қазақстанның қасиетті әрі қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Бұл күн – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын ақиқатқа айналдырған, ел болашағының тағдырын түбегейлі өзгерткен ұлы күн. Желтоқсанның қасіреті мен қасиетін жүрегіне түйген әр қазақ үшін бұл – тек күнтізбедегі дата емес, рухтың, намыстың, азаттықтың символы.

«Тарихыңды танысаң – тамырыңды танисың», – дейді дана халық. Қазақ халқы ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін қан төкті, жан берді, ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетті. Жоңғар шапқыншылығынан бастап, патшалық Ресейдің отарлау саясаты, кеңестік бұғау – барлығы ұлттың бостандығына тұсау болды. Бірақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген бабалар өсиетін жүрекке сіңірген батырларымыз аз болған жоқ.

Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, кейінгі ғасырда Амангелді Иманов, Бауыржан Момышұлы, Әлия мен Мәншүк – елдің ертеңі үшін жанын пида еткен тұлғалар. Кеңес өкіметінің қатал заманына қарамастан, қазақ ұлты өз тілін, мәдениетін, рухын жоғалтқан жоқ. Бұл – шын мәнінде ерлікпен пара-пар.

1986 жылдың Желтоқсаны – қазақ тарихының бетіне жазылған отты таңба. Қыс ішінде алаңға шыққан қазақ жастары – Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира – азаттық үшін күрестің жаңа символына айналды. Олар ұлт намысы үшін басын бәйгеге тікті. Сол бір мұз жастанған алаңда қазақ рухы қайта тірілді.

«Тәуелсіз ел болу – өз таңдауыңмен өмір сүру». 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Сол күннен бастап, ел тарихында жаңа дәуір басталды. Шекарамыз шегенделіп, туымыз көкте желбіреді, Әнұранымыз әлемге шырқалды, Елтаңбамыз елдігіміздің нышанына айналды.

Бүгінгі ұрпақ – азат елдің перзенті. Бізге бейбіт өмір, еркін ой, ертеңге деген сенім бұйырды. Алайда, «Тәуелсіздік – тұғырың, бірлігің – тірегің» екенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік – тек сый емес, ол – жауапкершілік. Ол – ата-баба аманаты.

Қазақ елі – бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың Отаны. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болып еңбек етсек, тәуелсіздігіміз баянды, ертеңіміз жарқын болмақ.

Қазақ елі аман, Тәуелсіздігі тұғырлы болсын!

Әр шаңырақта бейбітшілік пен шаттық орнасын.

Тәуелсіздік күні құтты болсын, ардақты Ағайын!

АРИПБЕК  Балнұр  Ғалымжанқызы,

«Қосан Мамытов мектебі»,

Түркістан облысы, Шымкент қаласы,

Төлеби ауданы, Зертас ауылы

Шығармашылық жетекшісі: ТЛЕГЕНОВА Алтынай Шарипханкызы.

Сурет:https://kaz.zakon.kz/