«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Мамандығым – өмірім

Халықаралық Академиялық ұтқырлық аясындағы ғылыми тағылымдама тәжірибесі (Түркия, NECMETTIN ERBAKAN ÜNIVERSITESI мысалында)

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім мен ғылым саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие. Осы орайда, 2026 жылдың 15 сәуірі мен 15 мамыры аралығында Қазақстаннан келген докторант ретінде Түркияның Конья қаласындағы Necmettin Erbakan Üniversitesi базасында педагогика бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өттік. Бұл кезең кәсіби және тұлғалық дамуымызға елеулі әсер етіп, академиялық ұтқырлық аясындағы маңызды тәжірибеге айналды.

Біздің негізгі білім алып жатқан орнымыз – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл университет Қазақстандағы жетекші көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі ретінде 400-ден астам шетелдік университеттермен ынтымақтастықта және халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысады. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта біз философия және саясаттану факультетінің «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасында «Әлеуметтік педагогика» бағыты бойынша докторантурада оқимыз. 1940 жылы құрылған бұл кафедра педагогикалық ғылымның дамуына үлес қосып, білікті мамандар даярлайтын маңызды ғылыми-білім беру орталығы болып табылады.

Осы академиялық дайындық аясында Түркиядағы ғылыми тағылымдаманың негізгі мақсаты – педагогика саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу және диссертациялық зерттеуіміздің ғылыми-әдістемелік базасын кеңейту болды. Тағылымдама барысында біз университеттің оқу үдерісіне қатысып, дәрістер мен ғылыми семинарларға қатысу арқылы тәжірибе алмастық.

Осы тұрғыда тағылымдама базасы болған оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетін қысқаша сипаттаймыз.

Неджметтин Ербакан университеті (түрікше: Necmettin Erbakan Üniversitesi) — Түркияның Конья қаласында орналасқан мемлекеттік университет. Necmettin Erbakan Üniversitesi бастапқыда Конья университеті ретінде құрылған. 2012 жылдың 11 сәуірінде оның атауы бұрынғы премьер-министр Неджметтин Ербаканның құрметіне «Necmettin Erbakan Üniversitesi» болып өзгертілген.  Университет — Конья қаласындағы үш мемлекеттік университеттің бірі.  Университет құрамында 20 факультет, 6 жоғары мектеп, 4 институт, 8 колледж, 1 музыка мектебі және зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Әр факультет студенттерге түрлі оқу бағдарламаларын ұсынады. Университетте магистратура мен докторантура бағдарламалары жоғары деңгейде жүзеге асырылады. Бұл университеттің академиялық ауқымы мен білім беру жүйесінің кеңдігін оның студенттер саны да айқын көрсетеді. Атап айтқанда, онда бакалавриат деңгейінде шамамен 34 мың, 8 мыңға жуық магистранттар мен докторанттар барлығы 42 мыңға жуық студенттер білім алады. Осы академиялық ортаның жұмысын тереңірек зерделеу мақсатында тағылымдама аясында шетелдік ғылыми жетекшіміз профессор Барбарос Ялчын мен профессор Селахаддин Авшорұлының бірлескен ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдауымен Конья қаласында орналасқан Сельчук университетіне де ғылыми-танымдық сапар жасалды.

Selçuk University — Түркияның ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі болып табылады және ол 1975 жылы құрылған. Университет Конья қаласындағы жетекші академиялық орталық ретінде білім беру, ғылым және инновациялық зерттеулерді дамытуға ерекше үлес қосып келеді.

Сапар барысында біз университеттің оқу-ғылыми инфрақұрылымымен, факультеттерімен және зерттеу орталықтарының жұмысымен таныстық. Әсіресе, білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды қолдану, ғылыми жобаларды ұйымдастыру және студенттердің зерттеу қызметіне тартылу тәжірибесі назар аудартты.

Сельчук университеті халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жоғары оқу орны ретінде шетелдік студенттер мен зерттеушілерге кең мүмкіндіктер ұсынады. Мұнда академиялық еркіндік, зерттеу дербестігі және практикалық бағыттағы білім беру жүйесі үйлесімді түрде дамыған.

Бұл сапар бізге Түркиядағы жоғары білім беру жүйесінің ұйымдастырылу ерекшеліктерін тереңірек түсінуге, сондай-ақ халықаралық академиялық ортадағы университеттердің рөлін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Тағылымдама аясында біз халықаралық ғылыми ортаға белсенді түрде қатысуға мүмкіндік алдық. Шетелдік ғылыми жетекшілеріміз профессор Барбарос Ялчын мен профессор Селахаддин Авшорұлының жетекшілігімен университет қабырғасында өткізілетін түрлі ғылыми және академиялық іс-шараларға қатысып, профессор-оқытушылар құрамымен тығыз байланыс орнаттық.

Аталған тәжірибе барысында біз тек бақылаушы ғана емес, сонымен қатар ғылыми үдерістің тікелей қатысушысы болдық. Атап айтқанда, 2026 жылғы 28–30 сәуір аралығында өтетін ASES IX Халықаралық Жерорта теңізі ғылыми зерттеулер конгресіне, сондай-ақ INER Congress – Халықаралық білім беру зерттеулері конгресіне түркиялық профессорлардың жетекшілігімен ғылыми мақалалар дайындап, жібердік.

Бұл конгрестер білім беру, педагогика және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатуға бағытталған маңызды алаң болып табылады.

Мақала жазу барысында біз халықаралық академиялық талаптармен танысып, зерттеу жұмысын жүйелеу, ғылыми талдау жасау және нәтижелерді құрылымдау дағдыларымызды жетілдірдік. Сонымен қатар, шетелдік профессорлардың кеңестері ғылыми жұмысымыздың сапасын арттыруға және зерттеу бағытын нақтылауға үлкен септігін тигізді. Осы тәжірибе біздің ғылыми-зерттеу әлеуетімізді дамытуға, кәсіби құзыреттілігімізді арттыруға және болашақта халықаралық деңгейде ғылыми қызметпен айналысуға берік негіз қалады.

Тағылымдама Қазақстан мен Түркияның білім беру жүйелерін мазмұндық, ұйымдастырушылық және әдістемелік тұрғыдан салыстыра талдауға мүмкіндік беріп, педагогикалық көзқарасымды кеңейтуге ықпал етті. Атап айтқанда, екі елдің білім беру жүйесінде оқу үдерісін ұйымдастыру, студенттердің академиялық дербестігі және практикалық даярлық деңгейі бойынша бірқатар ерекшеліктер байқалды.

Дәлірек айтқанда, тағылымдама барысында біз магистрлік диссертацияны қорғау үдерісіне де қатысып, Қазақстан мен Түркиядағы академиялық қорғау жүйелерінің ерекшеліктерімен таныстық. Байқағанымыздай, Қазақстандағы тәжірибеде магистрлік диссертацияларды қорғау көбінесе топтық форматта ұйымдастырылады, яғни бір комиссия алдында бірнеше студенттің жұмыстары қатар қорғалады.

Ал, Түркиядағы жоғары оқу орындарында бұл үдеріс жеке-дара сипатқа ие. Яғни әрбір студенттің дайындық деңгейіне сәйкес, диссертация толық дайын болған жағдайда ол жеке қорғауға шыға алады. Мұндай тәсіл студенттің ғылыми дайындығын, зерттеу дербестігін және жауапкершілігін нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Түркиядағы қорғау жүйесінде комиссия құрамы да икемді ұйымдастырылады. Қазақстандағыдай басқа университеттерден арнайы шақырылған комиссия төрағасы қатыстырылмайды, керісінше, қорғау процесі университет ішіндегі тиісті ғылыми құрам арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ерекшеліктер екі елдің жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық бағалау мәдениетінің айырмашылығын көрсетеді және ғылыми жұмысты бағалаудағы дербестік пен жауапкершілік принциптерінің маңыздылығын айқындайды.

Тағылымдама барысында мәдени-педагогикалық ерекшеліктердің бірі ретінде студент пен оқытушы арасындағы қарым-қатынас сипаты назар аудартты. Түркиялық жоғары оқу орындарында студенттер мен оқытушылардың сабақтан тыс уақытта бейресми жағдайда еркін әңгімелесуі, ортақ әлеуметтік кеңістіктерде бірге болуы байқалды. Түркия тәжірибесінде де оқытушыға деген құрмет «hodja» ұғымы арқылы көрініс табады. Бұл құрмет формалды қашықтыққа емес, сенім мен ашық қарым-қатынасқа негізделеді.

Сонымен қатар, докторантура деңгейіндегі ғылыми талаптар жүйесінде де айырмашылықтар байқалады. Түркия университеттерінде докторантура мерзімі салыстырмалы түрде икемді болғанымен, халықаралық ғылыми дерекқорларда, соның ішінде Scopus базасында жарияланымдарға қойылатын талаптар біртіндеп күшейтілуде. Ал, Қазақстанда, әсіресе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, докторанттардың диссертация қорғауы үшін Scopus және басқа да рецензияланатын халықаралық журналдарда ғылыми мақалалар жариялау міндетті талап болып табылады. Бұл үрдіс зерттеушілердің ғылыми нәтижелерін халықаралық деңгейде тануға бағытталған.

Тағылымдама барысында білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметті ұйымдастыруда да ерекшеліктер анықталды. Түркия тәжірибесінде педагог-психолог мамандардың жүктемесі оқушылар санына қарай белгіленеді: мысалы, мектепке дейінгі ұйымдарда шамамен 400 балаға 1 психолог, ал жасөспірімдер кезеңінде 200 оқушыға 1 маман қарастырылады. Қазақстандық тәжірибеде, керісінше, педагог-психолог нақты бір білім беру ұйымына бекітіліп, тұрақты жұмыс форматы сақталады. Бұл екі тәсіл де өз артықшылықтарына ие.

Сондай-ақ оқытушылардың жұмыс жағдайында да айқын айырмашылықтар байқалды. Түркия университеттерінде профессорларға жеке жұмыс кабинеттері беріліп, олар заманауи техникамен және тұрмыстық жағдайларға арналған жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ал, Қазақстандық университеттерде, оқытушылар көбіне кафедралық ортақ кабинеттерді пайдаланады. Бұл ұжымдық академиялық ортаны дамытуға ықпал етеді.

Қорытындылай келе, Конья қаласындағы тағылымдама біз үшін маңызды кәсіби және ғылыми-әдістемелік тәжірибе алаңы болды. Бұл кезеңде біз тек жаңа білім алып қана қоймай, педагогикалық үдерістерге деген көзқарасымызды қайта қарастырып, халықаралық академиялық ортада жұмыс істеу дағдыларын жетілдірдік. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу жүргізу, академиялық коммуникация орнату және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Алдағы уақытта алған тәжірибемізді өз еліміздегі білім беру үдерісінде тиімді қолдануға ниеттіміз. Сонымен бірге, Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сеніміміз мол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Әлеуметтік педагогика»

мамандығы бойынша 2 курс докторанттары

ЕСЕНБАЕВА Бахыт Азимхановна,

ӘЖМӘМБЕТ Әсем Ералықызы

Сәйкес жаңалықтар

Болашақта журналист ретінде талқыға салатын тақырыбым

farabi shakirti shakirti

Айвас Хазиев: Жерге және еңбекке деген сеніммен

Ақынның ізін басқан шәкіртімін