Тіл – ұлттың жаны, тәрбие – түп тамыры, жастар – болашақтың тірегі

«Тіл – ұлттың жаны, жүрегі», — деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әр халықтың болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрін айқындайтын басты белгі – оның тілі. Тілі жоғалған ел – тұтастығын жоғалтады, рухын жоғалтады. Ал тілі мен ділін сақтай білген халық – қай уақытта да еңсесін тіктеп, елдігін сақтап қала алады.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен ана тілді сақтау бұрынғыдан да маңызды. Қазақ тілі – бабалардан жеткен аманат. Ол – көнеден жеткен құндылықтардың, әдебиеттің, дәстүрдің алтын өзегі. Қазақ тілі арқылы біз Абайдың, Жамбылдың, Мағжанның, Мұқағалидың сырлы сөзін, рухты жырын танимыз. Ана тілін қадірлемеген ұлт – өзінің өткені мен болашағына бейжай қарағаны. Ақын Қадыр  Мырза Әлі атамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өсиеті – әрбір саналы азаматтың өмірлік қағидасына айналуы тиіс.

«Жас келсе – іске», «Жастар – отанның болашағы» деген сөздер тек ұран емес, шындықтың өзі. Бүгін білім алып жатқан, ел үшін еңбек етіп жүрген, ғылым мен өнерді игеріп жүрген жастар – ертеңгі ел көшін бастайтын азаматтар. Олардың бойында елге деген сүйіспеншілік, ана тіліне құрмет, отбасына деген жауапкершілік болуы – тәрбие мен тәлімнің нәтижесі.

Бір ғана тіл емес, дін, діл, дәстүр – бәрі жастар арқылы сақталып, жаңғырады. Тілімізді қорғау – жастардың міндеті. Тәрбиені сақтау – жастардың парызы. Ел болашағын өрге сүйреу – жастардың аманаты. Бұл – ел алдындағы жауапкершілік.

Қорыта айтқанда, ұлттың жаны – тілде, тамыры – тәрбиеде, келешегі – жастарда. Осы үш құндылық бір-бірімен тығыз байланысты. Бірі әлсіресе, қалғаны да соған ілесе тұншығады. Тілге деген құрмет – тәрбиеден басталады. Тәрбие – ұлттың негізі. Ал сол ұлтты биікке бастайтын – жастар.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – демекші, тіл мен тәрбиеге немқұрайлы қарау – келешекті құрдымға апару. Ендеше, ел болам десек, тілімізді сүйейік, тәрбиені дәріптейік, жасты қолдайық.

Сонда ғана – елдік пен егемендік мәңгі болады.

АРИПБЕК  Балнұр  Ғалымжанқызы,

«Қосан Мамытов мектебі»,

Түркістан облысы, Төле би ауданы, Зертас ауылы

Шығармашылық жетекшісі:

ТЛЕГЕНОВА Алтынай Шарипханкызы

Сурет:https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-astana/press/news