Соңғы қоңырау, соңғы естелік…

Сурет: Алматы қаласы Білім басқармасының ресми сайтынан алынды.

25-мамыр жәй ғана күн, ал 11-сынып оқушылары үшін ең ерекше есте қалатын сәт. Біздің «оқушы» деген атты тастап, мектебімізден қоштасатын маңызды күніміз.

Мен 11-сыныпта оқимын. Бұйырса мектеп бітіруімізге 1-ай ғана уақыт қалды. Уақыт тым жылдам өтуде. Кеше ғана 11-сынып болғанымызға үйренісе алмай жүр едік, енді міне бізде алтын ұямызды тастап, жаңа өмірге қадам басқалы тұрмыз. Уақыт жақындаған сайын сыныптастарымызбен бірге жиі уақыт өткізіп, қызықты естеліктер қалдыруға тырысудамыз. Әр сәт, әр күн біз үшін маңызды. Бірге ойнап, бірге күлген, біреуіміз жылағанда бір-бірімізге қолдау көрсеткен, бірге сабақтан қашып ұрыс естіген сәттеріміз,ҰБТ- ға дайындалып ұйқымыз қанбай шаршап жүрген күндеріміз қиын болса да,  біз үшін қайталанбас сәттер және ұмытылмас естеліктеріміз болмақ.

Біз осы күндерімізді сағынамыз. Былтырғы түлектер вальске дайындалып жатқанда біз стадионда жүріп ендігі жылы бізде осылай жүреміз ба деп қызығып қарайтын едік.Енді міне бізде сол түлектердің орнында соңғы қоңырауға дайындалып жүрміз.Кеше ғана басталған мектептегі 11-жылымыз осынша тез өтіп кеткеніне сене алар емеспін. Бір кездері карантинге байланысты онлайн оқуға көшкен 5 -сынып оқушылары міне, мектеппен қоштасқалы тұр.

Бізге сабақ беріп, мейірімі мен қамқорлығын көрсеткен ұстаздарымызға алғысым шексіз.Ол кісілердің орны біз үшін ерекше. Мектептегі күндерімізді қызықты еткізіп, түрлі-түске бояйтын ол-сыныптастарымыз. Достықтың не екенін үйреткен, әр кез қасымнан табылған сендердей достарым болғанына қуанамын. Мектеп ол — балалығымыздың аяқталар сәті. Қаламасақта үлкен өмірге қадам басып, еркелігімізбен ең бақытты сәттерімізді осында қалдырып кеткелі тұрмыз бірақ, естеліктеріміз әрқашан жадымызда.

11-сынып болып түсінгенім, бәрі соңғы деп басталады:соңғы жыл, соңғы қоңырау,соңғы сынып…ҰБТ-жәй ғана тест емес, жүйкеңнің шегі екен.Кейде болашаққа жоспар құрудан гөрі бүгін ұйықтап алу маңыздырақ сияқты. Бәрі өзгеріп жатыр:досың, ойың, тіпті өзің де. Мектептен шаршайсың, бірақ кеткің де келмейді. Бір сәт күлесің, бір сәт толқисың…

СЕНБЕКҚЫЗЫ  Зылиха,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

«А.Бубенцов атындағы орта мектептің» 11-сынып оқушысы