Cancel culture мәдениеті туралы естіген бе едіңіз?

Сурет:https://aikyn.kz/
Бұл термин ағылшын тілінен аударғанда «күшін жою» немесе «өшіру» дегенді білдіреді. Негізгі мәні – егер белгілі бір компания немесе халық алдында жүрген танымал тұлғалар (әншілер, блогерлер және т.б.) қоғамдық-этикалық нормаларды бұзып, орынсыз пікір білдірсе, жұрт болып оларды қолдаудан бас тартуы және моральдық жауапкершілікке шақыруы.
Батыстан бастау алған бұл феномен қазір Қазақстанда да қарқынды белең алып жатыр. Оған соңғы уақыттағы Magnum немесе Qazaq Coffee айналасындағы кейстерді мысалға келтіруге болады. Тіпті, Threads қосымшасында тұтынушыға дөрекі жауап қатып, келемеждеген шағын кәсіпкерлердің де халық қолдауынсыз қалып, парақшаларын жабуға мәжбүр болған жағдайларын көріп жүрміз.
Меніңше, бұл мәдениеттің екі түрлі қыры бар:
Бірінші жағынан,бұл – халықтың дауысы, қоғамның іштей тазалануы және әділдік орнатудың бір жолы. Адамдар өз құқығын біліп, этика сақтамағандарды, жат әрекет еткендерді жазалай алатыны азаматтық қоғамның белгісі деп ойлаймын.
Екінші жағынан, бұның зардабы да жоқ емес. Адамдар қателесу құқығынан айырылып, өсу мүмкіндігін жоғалтуы мүмкін. Тіпті жағдайдың мән-жайын толық зерттемей жатып кейде адамның жеке басына, отбасына және ар-ожданына тиісу – шектен шығу деп есептеймін.
Негізінде, бұл мәдениет қазақ қоғамында бұрыннан бар екенін айта аламыз. Ат-тонын ала қашу, елден аластау да осыдан шыққан. Бірақ бүгінгі цифрлық заманда оның күші әлдеқайда артты. Әділдік орнап, қоғамның өз ішінен тазаланғаны дұрыс-ақ, бірақ әр істің шекарасы болуы тиіс. Таяқтың да екі ұшы бар екенін ұмытпайық. Кез келген жағдайды сан қырлы зерттеп, эмоцияға берілмей барып шешім қабылдаған абзал.
ӘДІЛ Жансая,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ
11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі.
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы










