Жылқы жылы қандай болған?

Автор: Бүркіт Нұрасыл,
https://e-history.kz
Қазақ халқы үшін жылқы – тек мал емес, өмір салтының, мәдениеттің және тарихтың ажырамас бөлігі. Қазақ жылқыны «ердің қанаты» деп әспеттеген. Сондай-ақ, жылқы қазақтың дала өркениетін қалыптастырды.
Түркі-моңғол халықтары қолданатын 12 жылдық мүшел жас есебі бойынша жылқы жылы – ұрыс-жанжал, үздіксіз қозғалыс жылдарымен байланыстырылады. Аңыздарда «жылқы жылы ұрыс болды» делінсе де, шын мәнінде тарихта жылқы жылы жұтсыз, берекелі болғанымен ерекшеленеді.
Бүгін біз қазақ тарихындағы жылқының орнына және мүшел есебіндегі жылқы жылына байланысты оқиғаларға тоқталамыз:
Қазақстан аумағы – жылқының алғаш қолға үйретілген жері. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті (б.з.д. 3700–3100 жылдар) тұңғыш рет жылқыны қолға үйреткендігін дәлелдейді. Бұл адамзат тарихындағы төңкеріс саналады. Жылқының арқасында көшпенділер ұалыс қашықтықтарды бағындырып, әскери үстемдікке жетті. Ежелгі сақтар, ғұндар, түркілер және Шыңғыс хан империясы жылқыға сүйеніп, Еуразияны жаулап алды. 
Қазақ хандығының құрылуы (1465 жыл) да жылқы шаруашылығына негізделген көшпенді өмірмен тығыз байланысты. Жылқы – көлік, азық (ет, қымыз), соғыс құралы болды.
Аңыздарда жылқы жылы «ұрыс болады» делінеді. Мәселен Шыңғыс хан 1222–1223 (жылқы жылы) Азияны бағындырған. Басында айтып өткеніміздей жалпы жылқы жылы берекелі болған. Жұттан ада, мал-жан саны өсіп, жұрт қуанышқа кенелген.
Жылқы жылы – жұтсыз, берекелі жыл
Жылқы жылы қазақ үшін жаңару, қозғалыс символы болып саналады. Жылқы жылына дәл келмесе де осы бір уақыт аралығында біршама тарихи оқиғалар болғаны белгілі. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын (1942 жыл) кезеңі де осы жылқы жылымен сай келді. 1990 жылқы жылы – Қазақстанның егемендік декларациясына жол ашты. Тәуелсіздіктің негізгі қадамдары жасалды.
Қазақ халқының халықтық наным-сенімі бойынша жылқы жылы көбіне жұтсыз, мал өсіп-өнетін, береке әкелетін жайлы жыл болып саналады. Бұл ұғым ежелгі түркі-моңғол мүшел есебінен шыққан, онда жылқы жылы қозғалыс, жаңару және молшылықпен байланыстырылады.
Аңыздарда «жылан жылы – жылыс, жылқы жылы – ұрыс, қоян жылы – тоғыс» делінгенімен, шаруашылық тұрғысынан жылқы жылы малға қолайлы, жұт аз болады деп есептелген.
Тарихқа көз салсақ, бұл нанымның негізі бар: жылқы жылы көптеген оң өзгерістер мен даму кезеңдеріне сәйкес келген.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл – тәуелсіздікке жол ашқан маңызды қадам. Егемендік декларациясы елдің саяси-құқықтық негізін қалап, бір жылдан кейін толық тәуелсіздікке әкелді. Жұт немесе апат емес, керісінше, ұлттық жаңғырудың бастамасы болды.
2002 жылы Астанада «Бәйтерек» монументі салынды. Ол – елорданың символына айналған ескерткіш. Бұл жыл елдің экономикалық өсуі, астананың дамуымен ерекшеленді.
Сондай-ақ, шекара делимитациясы (Өзбекстанмен келісім) сияқты маңызды дипломатиялық оқиғалар да осы кезеңде болды.
2014 жылы Қазақстанның экономикасы тұрақты өсті, халықаралық беделі артты. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру процесі жалғасты, әлемдік саммиттер өтті. Жұт немесе дағдарыс болмады, керісінше, даму жылдарының бірі ретінде есте қалды.





