Елу жыл, алты ай, екі күн бірге өмір сүрдік…

Тарихымыздың алпауыт аңыз тұлғасы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыз туралы білмейтіндер аз шығар. Ал оның алғашқы және мәңгілік махаббаты Зухра Шәріпқызы екеуінің арасындағы қазіргі көп жастар, оның ішінде менде таңдана қарайтын махаббат хикаялары туралы білесіз бе?
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – 1912 жылы қаңтардың 12-ші жұлдызында Верный, қазіргі Алматы қаласында дүниеге келген. Өмірінің соңына дейін еліне адал қызмет етіп қана қоймай, көптеген еңбек те сіңірген аңыз тұлға. 1937 жылы қыркүйек айының соңында Димаш атамыз Балқаштан Алматыға сапар шегіп, Қазақстан КОКП ОК-нің қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Димаш атамыздың досы, яки серігі Мақсұт Бақаев оған бір хатты таныс қызына апарып беруді сұрайды. Жас әрі сымбатты Димаш атамыз келісіп, хатты апаруға барады. Сүйтсе, есікті Зухра апамыз ашады. Олар осылайша танысып, бір-бірімен хат жазысып жүреді. 1939 жылы Димаш атамызды Риддерге ауыстыруға шешім қабылдайды. Осы кезде ол Зухраға келіп:
«Мүмкін, сен менімен бірге барасың?» — деген.
Димаш атамыз өз жары Зухра Шәріпқызына үйлену туралы ұсынысты осылайша жасап, білдірген. Сол сәттен бастап, екеуі ажырамастай елу жыл, алты ай, екі күн бірге өмір сүрген.
Зухра Шәріпқызы 1918 жылдың желтоқсан айының 31-і күні Ақмола қаласында дүниеге келген. Өте ақылды, дана әрі парасатты кісі болған. 5 тілді меңгерген полиглот болған, яғни қазақ, ағылшын, француз, орыс және татар тілдерінде емін еркін сөйлеген. Тіпті Димаш атамыздың айтуынша, британдықтармен келіссөздер жүргізу барысында Зухра апамыздың олардың сөзін Димаш атамызға, ал Димаш атамыздың сөзін британдықтарға аударып беріп отырған. Сонымен қатар Зухра апамыз ешқашан басшының әйелімін деп басын көкке көтермеген. Осы кішіпейілділігінің арқасында барлығының жүрегінен табыла білді.
Зухра апамыз кітап оқығанды жан тәнімен беріліп сүйген адам. Оның хоббиі: «Құран» кітабын жинау болған. Зухра апамызда 500-дей «Құран» кітабы болған екен. Дінмұхамед Қонаев:
«Мен қай қалаға барсам да, барған жерімнен бір кітап алып келемін. Оны Зухраға беремін. Зухра соны оқып шығады, екеуіміз соны талқылаймыз. Қанша әйелді білемін, маған Зухрадай сана биігінде жолыққан адам жоқ» деген екен.
Ұлы махаббаттың ортасында перзент болған жоқ. Алайда, олардың махаббаты перзентке қарамастан қызығып, таңданып қарайтындай ұлы хикая болды. Димаш атамызға Зухра апамыз басқа әйел алып, содан ұрпақ көр деген сәтінде, Димаш атамыз: «Егер менің перзентім сенен болмаса, маған перзенттің керегі жоқ» деп айтқан екен. Бұл сөздер жүректі елжіретіп қана қоймай, Димаш атамыздың Зухра апамызға деген шынайы ғашықтық ғаламатын дәлелдейді.
Зухра апамыз өз ақтыққа барар сәтінде:
«Менің мәңгілік ұйқым тыныш болсын десең, бақилық ғұмырыңда да қасымда болшы…» деген екен.
Көп ұзамай 1990 жылы Зухра Шәріпқызы ақтық сапарға аттанады. Бұл жағдай әрине Димаш атамызға еш оңай соқпайды. «…Маған Зуһра Шәріпқызы ең жақын, ең қимас дос еді. Біз елу жыл, алты ай, екі күн бірге өмір сүрдік. Ол қайта айналып келмейтін, маңдайға бір-ақ рет жазылатын бақыт», деп Дінмұхамед Қонаев жұбайын еске алған еді. Дінмұхаммед Қонаев 1991 жылдың сәуір айында Зухраның көк тасын орнатып, жылын өткізгеннен кейін құсалықтан екі жеті бойы үйден шықпай отырып алған деседі.
1993 жылы ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевта ақтық сапарға аттанады.Жан жарына берген уәдесін орындап, Зухра Шәріпқызының жанына жерленеді.
ҚҰРМАШ Жайна,
Алматы қаласы, Медеу ауданының
172 мектеп — гимназиясының 11 сынып оқушысы





