«Қарт бабаң дәуіріне мейірі қанған»

Жыр алыбына-180 жыл
Кеше, қазақтың жыр өнерін ғасырлармен жалғаған ұлы тұлға – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде, соның ішінде Жамбыл ауданындағы мемориалдық мұражайда ақын рухына тағзым етіліп, еске алу шаралары ұйымдастырылды. Зиялы қауым мен өнер өкілдері ескерткішке гүл қойып, Құран бағыштады.
Жамбыл – екі ғасырдың куәгері, бірнеше тарихи дәуірді бастан өткерген жыр алыбы. Ол 1846 жылы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келіп, бала кезінен-ақ домбыра мен жырға жақын болып өсті. Өз өлеңінде айтқандай, он бес жасынан өнер жолына түскен ақын жас шағында-ақ елге таныла бастады. Әкесінің қарсылығына қарамастан, ақындықты өмірлік мұрат етіп таңдауы – оның қайсар мінезін көрсетеді.
Жамбыл тек айтыскер емес, сонымен қатар ірі эпик жыршы болды. Ол «Көроғлы», «Манас», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Ер Төстік» сияқты халықтық эпостарды жатқа айтып, жыршылық дәстүрді жаңа деңгейге көтерді. Зерттеушілер оның жадында орасан көп жыр сақталғанын ерекше феномен ретінде бағалайды.
Ақын Сүйінбай Аронұлынан тәлім алып, Жетісу өңірінде сөз өнерін дамытты. Сонымен қатар қырғыз ақын-жырауларымен айтысып, түркі дүниесінің рухани мұрасын байытты. Оның шығармашылығы патшалық кезеңді, Қоқан хандығының ықпалын, кеңестік дәуірді қамтып, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік мәселелерін шынайы бейнеледі.
«Шағым», «Жылқышы», «Туған елім» сынды туындыларында Жамбыл ел тағдырын, әділет пен теңдікті жырлады. Оның поэзиясы эпикалық қуатымен, азаматтық үнімен ерекшеленіп, қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Көптеген шығармалары шет тілдерге аударылып, әлемге танылды.
180 жылдық мерейтой — Жамбыл мұрасының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдейтін маңызды белес. Халықпен бірге жасайтын, рухты асқақтататын жырлары ұрпақ санасында өмір сүре береді. Жамбыл – өткеннің ғана емес, бүгін мен болашақтың да ақыны.
АХАНОВ Дінмұхаммед Әсетұлы,
Жетекшісі: Төкенова Әсел Нұрланқызы,
Өскемен қаласы 11-сынып оқушысы.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы
бойынша білім бөлімінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі





