Алғыс айту күні — бейбітшілік пен ынтымақтың символы

Қазақстанда Алғыс айту күні алғаш рет 2016 жылдан бастап атап өтіле бастады. Бұл мерекенің 1 наурызда тойлануы бекер емес. Ол этносаралық татулықты нығайтатын маңызды институт — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнмен сәйкес келеді. Мерекенің басты мақсаты — еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне және қазақ халқына ризашылық сезімін білдіруі.

Өткен ғасыр Қазақстан тарихында ауыр сынақтарға толы болды. Кеңес өкіметі тұсында көптеген халықтар «сенімсіз» деген желеумен туған жерінен күштеп көшірілді. Соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңде миллиондаған адам Қазақстанға жер аударылды. Олардың қатарында немістер, поляктар, корейлер, Солтүстік Кавказ халықтары және өзге де этностар болды.

Қазақ халқы қиын кезеңде тағдыр тәлкегіне түскен жандарды жатсынбай, қол ұшын созды. Келген халықтар егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысып, кейін өнеркәсіп пен ғылымға да үлес қосты. Осылайша, олар Қазақстанның дамуына елеулі еңбек сіңірді.

1957 жылдан кейін кейбір халықтарға тарихи отанына қайтуға мүмкіндік берілді. Дегенмен көпшілігі қазақ жерін өз Отаны деп танып, осында тұрақтап қалды. Бүгінде олардың ұрпақтары елдің өркендеуіне адал қызмет етіп келеді.

Алғыс айту күні әлемнің басқа елдерінде де бар. Мысалы, АҚШ-та бұл дәстүр XVII ғасырдан бастау алады. Алғашқы мерекені губернатор Уильям Брэдфорд халықты бірлікке шақыру мақсатында ұйымдастырған. Кейін бұл күн ұлттық мерекеге айналды. Канада мен Германияда да егіннің молдығына, табиғаттың берекесіне шүкіршілік ету дәстүрі қалыптасқан.

Қазақстандағы Алғыс айту күні — тек өткенді еске алу емес, бүгінгі бірлік пен татулықты дәріптейтін мейрам. Ол түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады.

Биыл бұл мереке елімізде оныншы рет атап өтілмек. Оның түпкі мәні — қиын кезеңде панасына алған кең пейілді қазақ халқына ризашылық білдіру және болашаққа сеніммен қарау. Алғыс айту күні — бейбітшілік пен ынтымақтың символы.

АХАНОВ  Дінмұхаммед  Әсетұлы,

Жетекшісі: Төкенова Әсел Нұрланқызы,

Өскемен қаласы 11-сынып оқушысы.

Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша

білім бөлімінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі