Ризашылық — адамдық айнасы, алғыс – көңіл ажары

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту мерекесі – адам жанының мейірім шуағына бөленетін, ізгілік пен парасаттың салтанат құратын ерекше сәті. Бұл күн біздің қоғамда өзара құрмет пен шынайы ризашылықтың символына айналды. Қазақ халқының қанына сіңген қонақжайлылық пен кеңпейілділік қасиеттері бүгінгі таңда ұлттар арасындағы татулықтың берік тірегі болып саналады. Алғыс айту – өткен тарихқа тағзым ету, бүгінгі бақытты бағалау және жарқын болашаққа сеніммен қадам басу жолы.
Қазақ даласы – талай тағдыр тоғысқан, қиын қыстау заманда өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан қасиетті мекен. Халқымыздың басына түскен ауыр сынақтарға қарамастан, өзінің бір үзім нанын өзгемен бөліскен мәрттігі бүгінгі бейбіт күннің берік іргетасын қалады. Осы мереке арқылы біз ата бабаларымыздың асыл қасиеттерін ұлықтап, қиындықта қол ұшын созған жандардың ерлігін жадымызда жаңғыртамыз. Бұл — ұлттың тұтастығы мен елдің бірлігін нығайтатын маңызды рухани құндылық. Тарихтың ащы сабақтары бізді бірлесе білуге, қиындықта демеу болуға үйретті, ал сол кезеңдегі қазақ шаңырақтарының көрсеткен мейірімі бүгінде үлкен достық мектебіне айналды.
Ризашылық сезімі адамның ішкі мәдениеті мен рухани байлығының басты көрінісі болып табылады. Шын жүректен шыққан алғыс сөзі адамдар арасындағы сенімді күшейтіп, өзара түсіністікті тереңдетеді. Ең алдымен бізге өмір сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеген ата анамызға ризашылық білдіру әрбір жанның перзенттік парызы. Сонымен қатар санамызға білім нәрін сеуіп, өмір жолында бағдар берген ұстаздарымызға, қуаныш пен мұңды тең бөліскен достарымызға айтылатын алғыстың орны ерекше. Әрбір жылы сөз бен шынайы күлкі қоғамдағы мейірімділік деңгейін арттырып, адамдардың бір біріне деген ықыласын оятады. Ризашылық білдіру арқылы біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы әлемді де ізгілендіре түсеміз.
Күнделікті қарбалас тіршілікте біз жақындарымыздың жасаған жақсылығын кейде үйреншікті жағдай ретінде қабылдап жатамыз. Алайда Алғыс айту күні осы құндылықтарды қайта бағалауға, айналамызға мұқият қарап, жақсылықты көре білуге үйретеді. Бейтаныс жанның көмегіне, әріптестің қолдауына немесе айналамыздағы табиғаттың сұлулығына риза болу — бақытты өмір сүрудің басты шарты. Мейірімділік пен ризашылық ұялаған жүректе ешқашан қатыгездік пен көреалмаушылыққа орын болмайды. Бұл күн — әрбір азаматтың Отанына, тағдырына және қимас жандарына деген ең асыл сезімдерін паш ететін кезеңі.
Алғыс айту күні – бұл жүректердің үндесетін, жақсылықтың дәні егілетін қастерлі мереке. Бүгінгі айтылған әрбір «рахмет» сөзі ертеңгі жарқын болашақтың, мызғымас бірліктің кепілі болып саналады. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген бұл мереке әрбір шаңыраққа бақ береке, әрбір жанға шаттық пен қуаныш сыйласын. Жүрегімізден ризашылық сезімі, көңілімізден
мейірім нұры ешқашан кетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз әрқашан бекем болғай.
Аружан МӘУЛІТ,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы,
«№13 мектеп-гимназиясының»11-сынып оқушысы.
Сурет:Қызылорда облысының мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы





