Қазақтың ұлттық әшекей бұйымы: қыздар шекелік таққан ба?

«Әшекейі жоқ әйел – жапырағы жоқ ағашқа тең» демекші, әшекей  тағудың астарында үлкен мән жатыр. Қазір заман талабына сай этно стилдегі әшекей бұйымдар мен киімдер көптеп шығарылып, қоғамда кеңінен танымал бола бастады. Солардың бірі маңдайға тағылатын — шекелік. Алайда тарихқа үңіліп қарасақ, бүгінде қазақтың ұлттық әшекейі ретінде қабылданып жүрген бұл бұйым шын мәнінде қазақ халқында болмаған.

Зерттеулерге сүйенсек, маңдайға тағылатын күмістен жасалған әшекейлер бізге туыстас түркі халықтарында, соның ішінде қырғыздар мен түркі елдерінде кең тараған. Alinlik – түрік тілінен аударғанда «маңдайлық» деген мағынаны білдіреді. Түркі халықтарында шекеге тағылатын күміс әшекейлер болғанымен, қазақ әйелдерінің дәстүрлі әшекейлер жүйесінде маңдайды жауып тұратын бұйым кездеспейді.

Халық даналығында «Тағдырың маңдайыңа не жазылса, соны көресің» деген ұғым бар. Осы ұғымға сәйкес, қазақтар маңдайды жаппаған, оны ашық қалдырған. Қазақ әйелдері бас киім ретінде сәукеле, тақия, төбетей киген, ал әшекей ретінде шолпы, сырға, алқа, білезік таққан. Бірақ шекеге тағылатын әшекей болмаған. Қазақтың әшекейлерінің әрқайсысында өзіндік тәрбиелік, символдық мәні бар. Соның бірі — шолпы. Ол тек сән үшін емес, қыз баланың әдебі мен жүріс-тұрысын қалыптастыруға қызмет еткен. Шолпының сылдыры қыздың байыпты, жинақы жүруіне ықпал еткен. Мәселен, шолпы шаштың ұшына тағылып, шашпен бірге өріліп, бұрымға сән берген.  Қыз бала қатты күлсе, артық қимыл жасаса, шолпының сылдыры арқылы ескерту алған.

Бұл ойды халқымыздың рухани мұрасынан да көруге болады. Мысалы Баян Сұлу бейнесі соның дәлелі. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырында Баянның көркі мен қайсарлығы ерекше суреттеледі. Жазушы Сәтімжан Санбаев нұсқасында «тастай ауыр шолпы таққан Баян Сұлудың бұрымы құдықтың түбіне дейін жетті» деп баяндалады. Қодар су алып жоғары көтерілген сәтте, Баян өз бұрымын қиып жіберіп, Қодарды құдыққа құлатады. Тереңге құлаған кезде шолпының үні ғана еміс-еміс естіледі. Бұл көрініс шолпының қазақ қыздарының өміріндегі орнын, оның тек әшекей емес, символ екенін көрсетеді.

Қазақ ұлттық әшекей бұйымдар –  мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Әрбір әшекейдің өзіне тән мағынасы, терең ұғымы бар. Ата – бабамыздан мирас болып қалған ұлттық бұйымдар тарихын білу мен оны насихаттау әрбіріміздің парызымыз!

  МАМАНОВА Мадина,

Алматы қаласы Білім басқармасы

 «172 мектеп – гимназиясының» 11 сынып оқушысы

Дереккөз: https://www.instagram.com/reel/

Сурет: https://dalatimes.kz/akparat/kazak-halkynyn-ulttyk-kiimderi/