Тұран баһадүрлерін оқырманмен қауыштырған

Қайсар балалар жазушысы Оразбекұлы Кеңес аға кемеліне толған 70 жастың шыңына шығып, отбасының қадірлісіне, оқырманының ықылысына бөленген жан
Құрметті Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ!
Ғұмыр жасыңыздың жетінші белесі құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, кемелділіктен егде жасқа басқан қадамыңыз ғибратты шақтарға жалғассын! Қалам ұстап, жазуға үмтылатын адамдар көп, алайда шынайы жазушы болу – сирек. Сіз жас кезіңізден ғұмырыңызды адамға ой салар, жас ұрпақ тәрбиесіне азық болар дүние жазуға бел байлапсыз. Сол жолда ерінбей, бастаған жазуларыңызды жарты жолда қалдырмай оқырманның туындыларыңызды іздеп оқитын авторына айналдыңыз. Байлық іздемедіңіз, нағыз байлық – адамның жандүниесін сәулелендіретін парасатты шығармаларда деп білдіңіз. Шығармашылыққа ғұмырыңызды арнадыңыз. Ғұмырыңызға азық еткен қаламыңыздан туындаған дүниелердің әлі нешеуі оқырманға жол тартсын дейміз.
Сізді даналық жасыңыз шын жүректен құттықтап, Рая жеңгемізбен 100 жасап, қыздарыңыздың немере, шөберенің қызығын ұзағынан көру нәсіп болсын дейміз! Отбасыңыздан шаттық, береке-бірлік кетпей, шат-шадыман болып жүре берулеріңізге тілектеспіз! Сіздерге амандық, мықты денсаулық тілейміз!
Жүрегінде қайсарлық, жаны баладай нәзік болғанымен, бүгінгі ұрпақ үшін кессек-кесек туынды қалдырдым деп жазушылықты қайырып қоймаған Кеңес Оразбекұлы әлі де талай дүниені жарыққа шығарып балаларға сыйға тартуды мақсат етіп, ізденуден тынбай жүр.
Тау тұлға – аласармайтын ағаларға айтылғаны анық. Кеңес аға әдебиеттегі тау тұлғалы жазушылардың бірі десек, қателеспейміз. Қолына қалам алып, балалар тақырыбын зерттеп, ойларын ақ қағаз бетіне өрнектеп бірнеше кітап шығарды. Атап айтқанда, «Ертегі туралы ертегі», «Ай аттары қайдан шыққан?», «Мүшел жас» (2002), «Наурыз көже» (2007), «Қанатты сөз – қазына» (2010), «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары», «Ай аттары қайдан шыққан?», «Мүшел жас» (2002), «Наурыз көже» (2007), «Қанатты сөз – қазына» (2010), «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары», (2010), «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары», «(2020) кітаптарының авторы.
«Барыс онға толғанда», «Бес саусақ хикаялары», «Жұмақтан түскен жеміс туралы жыр», «Көкбөрі», «Қыздарға не сыйлаймыз?», «Табиғат — аманат», «Үш мықтының айтысы», басқа да туындылардың авторы.
Кеңес Оразбекұлымен «Мөлдір бұлақ» журналының басшылығына келгенде (2004 жылы) таныстық. Журналист. Сөйлесе келе, жас оқырмандары қалыптасқан танымал жазушымен таныстық деп қуандық. Өте қарапайым, бірақ сөзі кесек-кесек ағамен он жылдан астам уақыт журналды бірге шығардық. Біздің басылымға келгенге дейін Республикалық «Егемен Қазақстан» (1989-1991), «Ұлан» газетінде (1991-2004) қызмет етіп, оқырманға кеңінен танылған тұлға ұжымды ұйымдастыра еңбек етті. Ұжым – «Мөлдір бұлақ» журналы. Шағын ұжымбыз. Балалар басылымы болғанымен, нағыз оқушылардың қайнаған шығармашылықтың ортасында еңбек еттік. Сол уақыттарда журналдан қате кету, араздасу, журналды мерзімінен кешігіп шығару деген болмапты.
Редакцияда бүгінгі ардагер апайымыз, полиграфияның майталман шебері-Шамшибану Шамшадинова, Кеңес Оразбекұлы,
балалар жазушы-журналист Әділ Балта (марқұм), жас журналисттер – Айнұр Исаева, Тоғжан Талдыбаева, Айгүл Қанатова, Адина Еркараева, таратушы менеджерлер Әлімжан Қадыров, қанат Есжанов бір-бірімізді түсініп, тату-тәтті журналдың алға басуына жұмылдық. Бірлікте, ынтымақта еткен еңбегіміз нәтижесін беріп, оқырман санының көбейіп, асылымның таралу деңгейінің жылдан-жылға өсуіне септігін тигізді. 2006 жылы журналға Қазақстан журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығы тапсырылды.
Редакциямызға әдеби қызметкер, балалар жазушысы Әділ Балта ағаны қабылдадық. Тұлғасы биік болғанымен, жаны балалардай, ақырын сөйлеп жай жүргенімен айтар ақсақалдық ақылы бар, көрген-білгені көп Әділ ағамен қалжыңымыз да жарасты. Ағаның қаламынан тамшыдай болып төгілген қысқа әңгімелері оқырманға ой салатын. Мысалдары қаншама? Кейде «Аға ашулана ме екен?» деп өз-өзіме сұрақ қоятынмын. Халықаралық «Дарабоз» шығармашылық бәйгесінің жеңімпазы атанған екі ағамызды қолпаштап, марапаттау рәсіміне бардық. Жиыннан шыққан соң ағаларымызға:
—Конверттегі ақшалай сыйлықтарыңызды санауға көмектесейік, — дедік қалжыңдап.
Тау қозғалса қозғалмайтын Балтабай аға «Несін санайсыңдар?» дегендей сыңай танытып, жылы жымиып алға қарай адымдай берді. Ақкөңіл Кеңес аға:
—Көшеде санайсыңдар ма, көптігінен шашылып қалмасын, редакцияға барайық, — деп қалжыңдаса да шынын айтып тұр.
Ақылдастар алқасында халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, қазақ сатирасының саңлағы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мыңбай Рәш ағаларымыз қарттық жасқа келдік демей, балалар шығармаларына талдау жасап, пікірлерін журналға үзбей жарияладық.
Ағаның 50 жасқа толған мерейтойын ұжымда атап өттік. Жақсы тілектер айттық. Отанасы Рая Қалыбайқызымен,
қос қызы – Гүлсезім, Гүлмінезбен таныстық. Ұжыммен бірге жүріп қызмет еткен он жылға жуық уақыт ішінде ағаның қаламынан редакцияға жолдаған жүздеген оқушының жазған дүниелері редакцияланды. Қаншама кездесулер өткізді. Шәкірттермен кездесе жүріп бала өмірімен шабыттанған жазушы Кеңес Оразбекұлының бала тақырыбына арнаған көптеген шығармалары оқырманымен қауышты. Әлбетте, жақсы идея бар жерде жақсы шығарма туындайды. Алайда, ойды шашыратпай, ой орамдарын бірінен кейін бірін жалғастырып жазу үшін уақыт керек. Тыныштық пен ойды тоғыстыру керек. Журналдың шығармашылық бөліміне тұтастай жауапкершілігіндегі ағаға шығарма жазуға ретін келтірмеді. Сондықтан, еркін, оқырмандарының арасында ұзағырақ жүріп, кездесуге, сұхбаттасуға уақытын арнау үшін жеке шығармашылықты таңдады.
Редакция қызметінде болмағанына қарамастан жазушымен ұжым қызметкерлері сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасудамыз. Шығармашылықта жүрген жылдарда бірқатар шығармалары жинақ болып басылды. Кітабы
туралы естіп-білген кореялық жазушылар қызығып, Корея мемлекетіне кездесуге шақырды. Онда балалар жазушыларымен кездесіп, тәжірибе алмасты. Бірде оқырмандарға арналған жиында кездесіп қалдық. Қолындағы қағаз қоржыны қампайып, жинап жүрген қаншама әңгімелердің тізімін қызыға оқып шықтық. Баспадан басылып шыққан кітаптары да дүкен сөрелерінде ұзақ тұрмай, оқырманын табуда.
Ізденісін жалғастырып, қаншама дүниені жинастырып, реті келсе бүгінгі әдеби руханияттан аалыстап, телефонды өміріне байлаған ата-ананы да, баланы да селт еткізіп, назарын рухани дүниеге бұрғызар шығармаларыңыз молынан туындай берсін!
Ұзақ үзілістен кейін Рая жеңгемізбен хабарласып, хал-жағдай сұрастық. Ағаның хәлін сұрадық.
—Ағаларың бір қалыпты. Қопыраған қағаздың ортасында отыр. Қайсыбірін жинап қойды, қайсыбіріне деректер жетпейді деп тарихтың қойнауын ақтаруда. Не болса да аман болсын, ағаларыңның алғашқы оқырманы, идея айтқышы, хатшы-референтті, сыншысы өзіммін, — деп әзіл-шыны аралас жауап берді.
Жеңгеміз айтқандай, Кеңес аға қайтсем қазақ балаларына жанын жадыратар қазіргі заманға лайық тарихты тереңінен білетін шығарма ұсынамын деп, тақырып-тақырыпқа бөлген парақтарын артып алып, күнде кітапхананы бетке алады. Кітапхана – тарихтың қойнауы, рухани байлықтың қазынасы. Әне, ағамыз жинағандарын толықтыру үшін Ұлттық кітапхана есігін айқара ашып, кіріп барды.
Игі тілек, ізгі ниетпен:
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының ұжымы.
Ж.Кучукова,
«Мөлдір бұлақ» журналының 2005 – 2018 жылдарғы бас редакторы





