«Үркер» бастауыш мектебінің директоры, ҚР «Білім беру ісінің үздік  қызметкері», «2019 жылдың үздік педагоы» Жанар Бейімбетқызымен білім баспалдағына басқан жаңа қадамдары жайлы сұхбаттасқан едік.

—Жанар Бейімбетқызы, шәкірттердің білім көкжиегін кеңейтіп, заман талабына лайық мектеп ашуға бекініпсіз. Құтты болсын! Ісіңізге сәттілік тілей отырып, жаңадан ашылайын деп отырған бастауыш сыныптарға арналған «Үркер» мектебі туралы айтып берсеңіз. Мектепті ашудағы мақсатыңызбен бөліссеңіз. Дайындықтар қалай?

—Қай кезең болмасын, білім негізінің берік қалануы —  бастауыш сыныпта берілген білім мен ұстазға байланысты. Оқушылардың сыныбы жоғарылаған сайын білімінің сапалы, тәрбиесінің тағлымды болуы — бастауыш сынып мұғалімінің біліктілігі мен ұстанымына байланысты екені дәлелденген ақиқат.  Бастауыш сыныптарға арналған «Үркер» мектебін ашып, бала оқытудағы мақсатымыз – Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлының ұстаздардың алдына қойып отырған міндеті — жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеуге бар тәжірибеміз бен білімімізді арнасақ дейміз.  Білім мен тәрбие берудегі  ұстаздық жолымыздағы біліктілігімізді жұмсасақ деген ниетпен ашып отырмыз.  Мектеп бастауыш сынып оқушыларының қазіргі заман қажеттіліктеріне сай заманауи технологиялармен жабдықталған.

—Мектепті «Үркер» деп атапсыздар.

—Біздіңше, Аспан әлеміне армандай көз тіккен адамның жолбағдары – үркер жұлдызы. Ол сенім мен серттің, махаббат пен мейірімнің символы. Дәл сондай  «Үркер» мектебі бала арманын ұштап, алысқа бастайтын дара жолы болсын деген ниетімізден туған ойға лайықталып аталды.

—«Үркер» мектебінің логотипі сондай ерекше екен! Неліктен осы белгіні таңдадыңыздар?

—Белгі Алматы қаласының символы – Алма мен одан өнген Жер-Ананың мейірімін білдіретін өмір ағашын сипаттайды. Гүлдеген алма ағашы мәңгілік жастықтың, бейбітшілік пен сұлулықтың жарқын көрінісі. Бұлардың барлығы жинала келе, жаратылыстың әсем үйлесімін бейнелейді. Ағаштағы жемістер «Үркер» шоқжұлдызының тәртібіне сай орналасқан. Шоқжұлдыздар – үркердің талантты, білімді оқушыларының жұлдызды шоғыры болмақ. Үркер – аспанда жай көзге көрінетін көкшіл сәуле шашқан майда бөліктерден құралған жарық шоқжұлдыз. Біздің белгіміз – шығармашылық әлеуеттің сапасын білдіреді. Ендеше, қабілеті жоғары, талғамы биік, талабы таудай заманның озық ойлы, келешегі кемел, болашағы нұрлы шәкірттеріміз еліміздің Үркердей жарқыраған шоқжұлдыздары болсын деп тілейміз!

—«Мұғалім – мектептің жүрегі». Қазіргі заман талабына орай бастауыш сынып мұғаліміне қойылатын жауапкершілікте  жоғары. Мұғалімдерді қандай критерийлер бойынша іріктедіңіздер?

—ХХІ ғасыр ілім мен ғылымның ғасыры деген күннің өзінде адам баласы бір саланың ғана маманы болып қалмау керек дегенді алға тартуда. Яғни бастауыш сынып мұғалімі әмбебап болуы керек. ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болу керек деген сұрақ туындайды. Ол біріншіден, балаға тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің жандүниесін түсінетін психолог болу керек. Ең бастысы, мұғалімнің жандүниесі балаға деген махаббаты мен зор сүйіспеншілікке ие болғаны абзал.  Екіншіден,  өзі білікті әрі сауатты педагог қана шәкіртті өзіне баурап алып, оларды бастауыш білімін игеріп кетуге жұмылдыруға ұмтылуы тиіс. Сонымен қатар, мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары бағаланады. Үшіншіден ,қазіргі заман талабына сай дәрісін ғылыми негізге сүйеніп өткізетін, жаңа техниканы, технологияларды жетік меңгерген болу керек.

—Бастауыш сынып оқушыларының жаңа бағдарламалар негізінде білім алып, тәрбиеленуі үшін оларды дамытудың  қандай бағыттарын қарастырасыздар?

—Мектеп табалдырығын аттаған бала жан-жақты дамыған, өмірге бейімделген табысты оқушы болу үшін оның даму аймағында көптеген қолжетімді мүмкіндіктер қарастырылған. Балалар мектепте уақытының көп бөлігін өткізеді. Ойын сабақтарына қатысады, үй тапсырмаларын орындайды. Таза ауада көбірек демалуға мүмкіндігі бар. Бала қалыпты деңгейде дамуы үшін түрлі шаралар қарастырылған. Олардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуы үшін мектебімізде емдік дене шынықтыру сабақтарын жүргізуді қолға алып отырмыз. Өйткені, қазіргі кезде балалар көп уақытын телефонға байлап алғандықтан, дене бітіміне мән бермейді. Телефонды жатып та, қисайып отырып та қарайды, баланың мұндай әрекеті – ең алдымен дене бітіміне, алақанға және саусақтарға кері әсері барын байқап келеміз. Соның салдарынан дене бітімінде ақаулар болуы мүмкін, өз денесі мен жандүниесінің үйлесімді болуына арналған жаттығулар бар.

—«Үркер» туралы айтқанымызда, мектептің ұстанатын басты қағидаларына тоқталмай кете алмаймыз

—Әрбір бала – қайталанбайтын зор тұлға. Болашақта елімізді алға қарай апаратын бүгінгі жас ұрпақ деп барынша сенім артып отырмыз.  Сенімді ақтайтын жаңа заман білімін толық игерген, зерек, өз елінің нағыз патриотын қалыптастырып,  олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып тәрбиелеу. Ана тілімізді құрметтеуге үйрету, шығармашылыққа баулу, еңбексүйгіштік қабілетін дамыту, бір-біріне деген сыйластық пен мейірімді жүрегіне ұялату —  бастауыштан басталады. Бастауыш мектеп – баланың білім әлеміне алғашқы қадамы. Жас өреннің тамыры тереңге жайылған білімі мен күш-жігеріне  сенімділігінің артып, өмірге көзқарасының дұрыс қалыптасатын кезеңі. Бала бойындағы қабілеттілігін айқындап тану, оның ерекше жандүниесінің таза әлемін түсініп, үйлесімді әрекет ету басты міндетіміз

 

 Сұхбаттасқан:

КУСАИНОВА Айгерім,

МАДИҚЫЗЫ Аяулым, 

                                                         Алматы қаласы, Медеу ауданы, Ы. Алтынсарин атындағы

159 гимназияның 11- сынып оқушылары.

«Farabishakirti.kz» — желілік басылым- сайтының  «Жас тілшілері»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *