Жас суретшілер байқауына қатысқан «ҰлыТау» өнер мектебі оқушыларының шығармалары үздік деп танылды.

   Алда келе жатқан Астана күні, Алатау ауданының құрылғанына  — 15 жыл және «Ұлытау» өнер мектебінің ашылуына – 5 жыл толуына орай балалар мен жасөспірімдер арасында сурет байқауы ұйымдастырылған болатын.

Шығармашылық байқаулардан қалмай қатысатын қылқалам шеберлері ұлытаулық балалар арасында көптеп саналады. Мерейтой қарсаңында өткізілген сурет байқауына өнер мектебінен 100 – ге тарта суреттер көрмеге қойылыпты.

«Алматы арена» қалашығының «Д» корпусына келген адамдар балалардың суреттерін көріп, қарап сүйсінуде. Көрмеге келген  дарынды балалар мен олардың ата-аналары ұл-қызының қолынан шыққан сырлы бояу туындыларына таңданбағаны кемде — кем.

Өнер мектебінің курстарына қатысатын оқушылар би билеп, өнерлерін ортаға салды. «Aлан event» акрорбаттары шеберліктерін көрсетті. Көрменің аясында қонақтар қыштан құмыра жасау әдісімен танысты. Көпшілік кішкентай биші Эзоза Даулетованың өнеріне тәнті болды.

Алматы қаласы, Алатау ауданы мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің бас маманы — Сайлыбаев Алмат Уалиханұлы, Алатау ауданы әкімдігінің маманы Айнат Асқарқызы бастаған қазылар алқасы көрмеге қойылған суреттерді саралап, бас бәйге, І,ІІ,ІІІ – орын иелерін анықтады.

—Биыл Астана күнімен қатар келген Алатау ауданының  — 15 жылдық мерекесіне орай аудан әкімдігі балалар арасында өнер мен спорт бойынша шығармашылық байқауларын ұйымдастыруда.  Күні кеше 1- шілде  еліміз бойынша аталып өткен «Домбыра» күніне орай домбырашылар өнерін тамашаладық. Бүгін, ауданымыздағы іргелі балалар шығармашылығын дамытатын «ҰлыТау» өнер мектебіне – 5 жыл толып отыр. Мектептің өнерлі өрендері мектеп мерекесіне тыңғылықты дайындалғанын көрмеден – ақ байқауға болады. Бұл – балалардың нағыз еңбегінің нәтижесі, — деп  Алмат Уалиханұлы көрменің үздік авторларының есімін атады.

Олар:  Нұрлан Дана, Аманова Карима, Тотыбаев Дидар, Дериземля Эвилена – бас бәйге иегері атанды. Одан кейінгі орындар жас ерекшеліктеріне қарай – Шангина Анастасия, Гилева Оля, Әбдікәрім Гауһар, Маратқызы Каусар, Хамелден Аруел, Марат Жанель, Сералиева Назерке, Кемелбай Інкар, Кадырова Балерке, Алахунова Томирис, Қарызбек Санжар және Жолдыгожинов Дамир арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Балаларды жеңісімен құттықтап ата-аналар сөз алды. Айгүл Есенғалиева, көрмеге жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, балалардың туындыларына жоғары баға берді. Өз отбасында қызы Эзозаның биыл 3- жыл өнер мектебіне келетініне тоқталды. Қызының курсқа келуге асығатынын айтып, мектеп әкімшілігіне игі тілегін арнады. Жасин Найляның әжесі Шаукирова Нұржамал балаларды өнер мектебіне тұрақты келуін қамтамасыз етіп, ең қиын бейнелеу өнеріне баулып келе жатқан «ҰлыТау» өнер мектебінің директоры Айша Түгелқызы бастаған ұстаздарға алғысын білдірді. Өнер мектебіне келетін көпбалалы отбасының ұл-қыздары.

Көрменің ашылу сәтінде мектеп директоры А.Т. Оразова сөз алып, аудан әкімшілігі мен ата-аналарға шынайы алғысын білдірді.

—Құрметті көпшілік қауым! Ата-аналар мен біздің кішкентай өнерлі балаларымыз! «ҰлыТау» — өнер мектебіне келуші балалар мен жасөспірімдердің бейнелеу өнері көрмесіне хош келдіңіздер! Алдымызда жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан әр бала, шәкірт бір-біріне ұқсамайтын дарын иесі. Оны сіздер, бүгінгі балалардың қолынан шыққан керемет сурет әлемінен көріп, көз жеткізіп отырсыздар.

«Менің ауданымның болашағы» атты көрме «ҰлыТау» — өнер мектебінің құрылғанына 5 жыл толған мерейлі сәтіне арналып отыр. Аз ғана уақыт ішінде мектебіміздің көптеген талантты ұл-қыздары  ЮНЕСКО – ұйымдастырған арнайы сурет байқауының жеңімпазы  аталып,  салған суреттері мен есімдері әлемдік деңгейдегі жинаққа жазылды. Мектебімізге келіп, қиялына ерік беріп, шығармашылықпен тұрақты айналысатын балалар қатары өсіп келеді. Осы ретте ата-аналарға шынайы ризашылық айтамыз. Мектебіміздің жетістігі көбейіп, бейнелеу өнерінен байқауларға қатысқан балалардың биік нәтиже көрсетуі – әрине, балалар шығармашылығының дамуына қолдау көрсетіп, бүгінгідей көрмелер өткізуімізге тірек бола білген ағаларымыздың арқасы деп мақтанышпен айтамыз. Бүгін, мектеп ғимараты орналасқан «Алматы арена» қалашығы орналасқан Алатау ауданының 15 жылдық мерекесі тойлануда. Той құтты болсын, бауырлар! Баршаңызға сәттілік тілейміз! – деп А.Оразова ақ жарма тілегін арнады.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамытуда 5 жыл ішінде қосқан үлесі, атқырылып келе жатқан еңбегінің нәтижесі мен жетістіктері бағаланып, Алатау ауданы әкімі Қалдыбеков Азамат Бескемпірұлының Алғыс хаты Оразова Айшаға тапсырылды.

Мектептің жас суретшілеріне біз де сәттілік тілеп, суреттерді қарап шықтық.

Эзоза                                                      Аружан, Арайлым  Аралбаевалар мен балерке Кадырова

 

 

 

  Ж.Кучукова,

 Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.

Суреттерді түсірген:автор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *