Оразова Айша Түгелқызы басқаратын «UlyTau»  өнер мектебі — жас жеткіншектердің сурет әлеміндегі шығармашылығын дамытып, әр баланың қабілетіне қарай қиялына ерік беріп, еркін ойлауына бағыт беретін орта. Балалар мен жасөспірімдерді сурет өнеріне баулумен қатар қайырымдылық істерді де қатар алып жүреді. Мектеп ғимараты — Алматы қаласы, Алатау ауданы, Олимпиадалық  қалашығындағы «Алматы Арена»  мұз сарайы ғимаратында орналасқан.

Биылғы Құрбан айт мерекесінде арнайы құрбан шалып, Алматы қаласындағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығы қарттарына дастархан жайды. Айт дастарханынан дәм татқан қазыналы қарияларымыз мектеп ұжымына алғысын айтып, Ақ баталарын арнады. Ризашылықтарын білдірді. Орталықты мекен еткен 300-ге жуық қариялардың барлығына да айтқа арналған арнайы ыстық тамақтан берілді.

—Біз, қарттар, тағдырдың жазғанымен көпшілігіміз жалғыз қалған адамдармыз. Жасы келген адамдарға қамқорлық қажет. Қарттарын далада қалдырмай, осындай орталықта басымызды бірікітіріп отырған мемлекетміздің қамқорлығына ризамыз. Орталықта бардық әлеуметтік  жағдай жасалған, — деп  86 жастағы Тайғаринова Айымторы Каспиқызы мектеп ұжымына шынайы ризашылығын айтты.

Айт мерекесіне арналып арнайы дайындалған астан бөлмесінде ерекше күтімді қажет ететін үлкендер дәм татты.

—Халқымыз ертеден бері қартын сыйлап, амандасып, батасын алған. Өнер мектебі де әлем мұсылмандарының жылына бір рет келетін Құрбан айт мерекесінде орталық қарттарына ас беріп, батасын алуды жөн санадық. Біздің ұсынысымызды жылы қабылдап, қарттармен кездесуге уақыт бөлген орталық әкімшілігіне, оның әлеуметтік қызметкерлеріне алғыс білдіреміз, — деді А.Оразова ата-апалармен сөйлескенде.

Орталықта осындай игі істің өтіп жатқанынан хабардар болып, мұндай қайырымылықтың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мәнінің айрықша екенін қолдаған қонақтар да келіп, мектеп ұжымымен танысып,  тілектерін арнады.

Орталықта еліміздің басқа қалалары қарттар үйінде жұмыс істейтін қызметкерлері арнайы іссапармен келіп, тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылады екен. Қарттарға тілек айтқан адамдардың бірі – Қ.И. Кузембаева, А.Т.Оразова басқаратын мектеп ұжымының бір сәтке болса да қарттарға қуаныш сыйлап, батасын алу – балалар жандүниесіне сіңіретін асыл қасиеттердің бірі екеніне тоқталды. Шығармашылығын дамыту үшін өнер ұясына келетін мектеп оқушыларына өнеге болар қайырымды істердің сауабы көп болсын деген ниетін білдірді.   Қилымқас Исабайқызы – «Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» директоры.

Орталықта тұратын қарттарымыз үшін барлық жағдай жасалған. Күніне кестеге сай ыстық тамақ беріледі. Дегенмен, жүрегінде ізгілік нұры бар, болашақ үшін алға қарай қадам басқан Айша Түгелқызының осындай  өнегелі істері мектепке келушілерге, балаларға арнайы дәріс беретін жас ұстаздарға адам баласы қолынан келетін жақсы істермен де айналысуы парыз екенін  көрстете білгені көпке үлгі болады деп білеміз. Қайырымдылық – әр адамның бойына ұялайтын асыл қасиет. Қайырымды іске бар ықыласын бөліп, орындау – жүрегінде иманы бар адамдардың қолынан келетін тағлымды іс.

Оразова Айша — ұстаз. «ҰлыТау — «UlyTau»» өнер мектебінің директоры. Қазақстан Суретшілер, Еуразиялық суретшілер одағының мүшесі, Республикалық, Халықаралық байқаулардың  жеңімпазы. Ы.Алтынсарин медалінің иегері.

                                                                              (Өз тілшімізден).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *