Білім – баспасөз басылымдары, кітап оқу арқылы нығаяды

Биыл жаңа жыл басталғанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетінің тілшісіне сұхбат берумен бастады. Сөз басында мемлекет басшысы газет-журналдардың қайта жандануы керектігін атап өтіп, өзі де атажұртының абыройын асқақтатып жүрген шетелдегі отандастарымыздың еңбегі туралы газет арқылы білетінін айтты. БАҚ-тың рөлі арқасында үш азаматтың еңбегі еленіп, марапатталған практикасы болғаны туралы айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы дәстүрлі баспасөздің қоғам үшін ерекше маңызын атап өтті.
Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында қолдайтынын жеткізді. Алайда елімізде соңғы жылдары ондаған баспа басылымдарының жабылғаны — дәстүрлі газеттердің қайта оралуы туралы күмән мен оның неғайбылдығы жайлы ойға тірейді.
Қазіргі цифрлық дәуірде ақпаратты тұтыну формасы өзгергенімен, оның мазмұны мен сапасына деген сұраныс сақталып отыр. Осы тұрғыда қағаз басылымдарды «өткеннің қалдығы» деп қарастыру біржақты көзқарас деуге болады. Себебі дәстүрлі баспасөз — терең талдау мен салмақты ойдың алаңы. Жас жеткіншектерден бастап қамал бұзар ағаларымызға да берер берер тағылымы мол екендігіне ешкім шек келтіре алмайды.
Мәселен, Европа елдерімен салыстырсақ, лондондықтар күнін бір шыныаяқ кофе мен газетті оқудан бастайды. Бұл екінің бірі істейтін қарапайым дағды қоғамдағы мәдени дәстүрді қалыптастырған. Тіпті Ұлыбритания патшайымы Елизавета II өз дәуірінде күнделікті саяси басылымдармен қатар, фермерлік және әлеуметтік тақырыптағы газеттерді де тұрақты түрде оқығаны белгілі. Европаның дүкендерінен журнал таңдап алып жүрген жандарды және әр үйдің жанынан газетке арналған қобдишаларды да кезіктіресің. Бұл деректер газет оқу — тек ескінің ізі емес, интернеттен оқитын ақпаратты қағаздан оқитын ақымақтық та емес, мәдени прогрестің көрінісі екенін аңғартады.
Қоғам дамуының негізгі алғышарттарының бірі — білім. Ал білім тек мектеп пен ЖОО-да ғана емес, түрлі газет-журнал, кітап жалпы ақпаратты саналы түрде қабылдау арқылы қалыптасады. Әрбір азаматымыздың тұлғалық дүниетанымы кеңейген сайын, қоғам да мәдени, зияткерлікбағытта ілгерілейді. Газет оқу мәдениеті оралған кездің өзінде де тұғырында қанша уақыт тұра алады? Сауалымыздың жауабы сапалы баспасөздің жауапкершілігінде.
АХАНОВ Дінмұхаммед,
Жетекшісі: Төкенова Әсел Нұрланқызы,
Өскемен қаласы 11-сынып оқушысы.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы
бойынша білім бөлімінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сурет:C.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы facebook парақшасынан алынды.





