Көктемнің жүректерге шуақ шашқан мерекесі

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«– Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі.  Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды».

Құрметті оқырман, бүгін біз жыл сайын көктеммен бірге келетін ерекше мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні туралы сөз қозғаймыз. Бұл күн әйел затының сұлулығы мен нәзіктігін дәріптейтін мереке ғана емес, сонымен бірге терең тарихи маңызы бар атаулы күн.

Мерекенің шығу тарихы

8 наурыз мерекесі ХІХ ғасырдың ортасына, әйелдердің өз құқықтары үшін күресе бастаған кезеңінен бастау алған. 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикасының жұмысшы әйелдері алғаш рет шеруге шықты. Олар ауыр еңбек жағдайына, 16 сағаттық жұмыс күніне және төмен жалақыға қарсылық білдіріп, 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық және құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей еңбекақы талап еткен.

Алайда бұл күннің ресми түрде Халықаралық әйелдер күні мәртебесіне ие болуына Клара Цеткиннің есімі тікелей байланысты. 1910  жылы Копенгагенде өткен социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Клара Цеткин 8 наурызды «Халықаралық әйелдер» күні ретінде белгілеуді ұсынды. Бұл бастаманы конференцияға қатысқан 17 елдің өкілдері бірауыздан қолдады.

Алғаш рет бұл мереке 1911 жылы 19 наурызда Германия, Австрия-Венгрия, Дания және Швейцарияда атап өтілді. Кейіннен 1914 жылдан бастап 8 наурыз көптеген елдерде әйелдер мерекесі ретінде бекітілді .

Халықаралық мәртебе алуы

1975 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді ресми түрде «Халықаралық әйелдер» күні деп жариялады. БҰҰ 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп атап, сол жылғы 8 наурыздан бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.

Бүгінгі таңда 8 наурыз әлемнің 30-дан астам мемлекетінде ресми түрде атап өтіледі. Кейбір елдерде бұл күн демалыс болса, енді бір мемлекеттерде тек әйелдер үшін ғана қысқартылған жұмыс күні болып саналады. Мысалы, Қытайда 8 наурыз күні әйелдердің жұмыс күні 4 сағатқа дейін қысқарады.

Елімізде аналар мерекесінің тойлануы

Қазақстанда 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер» күні республикалық маңызы бар мереке және демалыс күні болып саналады. Бұл күні еліміздің барлық қалалары мен облыстарында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, әйелдерге құрмет көрсетіледі .

Қазақ халқы үшін әйел заты әрқашан ерекше құрметке ие болған. «Дүниеде үш нұр бар. Біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, ал үшіншісі – ананың нұры» деген халық даналығы осының айқын дәлелі. Тұмар ханым, Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана, қолбасшы Бопай ханым секілді тарихи тұлғаларымыз ұлттың рухани болмысын қалыптастыруға зор үлес қосқан.

Қазіргі заманғы маңызы

Уақыт өте келе 8 наурыз мерекесін атап өту сипаты заман ілгерілеген сайын өзгеруде. Бастапқыда саяси сипатта болған бұл күн бүгінде махаббат, сыйластық және отбасылық құндылықтар мерекесіне айналды. Ер адамдар нәзік жандыларға гүл шоқтары мен сыйлықтар сыйлап, оларға деген құрметін білдіреді.

Қорытынды:

Сегізінші  наурыз – көктемнің шуағын, жаңару мен жасарудың лебін алып келетін ерекше күн. Бұл мереке әйел-Аналарға, қыз-келіншектерге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметімізді білдірудің тамаша мүмкіндігі. Қазақстандық әйелдер қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосуда.

Осы орайда, барша жаны нәзік болғанымен, жүрегі батыр аналарымызды, әпке-сіңлілерімізді, қыздарымызды, ұстаздарымыз бен құрбыларымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймыз! Әрқайсысыңыздың өмірлеріңіз махаббат пен қуанышқа толы болсын, жүректеріңіз ылғи да жылулыққа бөленіп, әр күндеріңіз мерекедей өтсін!

                                                                                                   Аружан  МӘУЛІТ,

Алматы қаласы Білім басқармасы

«№13 мектеп-гимназиясының» 11-сынып оқушысы